Жаңалықтар

«Эйр Астана» Вoeing ұшақтарын сатып алу жөнінде келісімшартқа қол қойды

Қазақстан мен Boeing компаниясының одан әрі ынтымақтастығы мәселелерін талқыланды
«Эйр Астана» Вoeing ұшақтарын сатып алу жөнінде келісімшартқа қол қойды
Фото: gov.kz 17.11.2022 10:45 856

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаевтың Boeing компаниясының Ресей мен ТМД-дағы сату және маркетинг жөніндегі Вице-президенті Монти Фрейзерлммен және Boeing компаниясының Еуразиядағы Стратегия және нарықты дамыту жөніндегі директоры Марио Антонио Эбчиммен кездесуі өтті, деп хабарлайды El.kz

Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Boeing компаниясының одан әрі ынтымақтастығы мәселелерін талқыланды.

Сондай-ақ тараптар министр Қайырбек Өскенбаевтың тапсырмасы бойынша және Қазақстанның АҚШ-тағы Елшілігінің қолдауымен 2022 жылғы сәуір айында Сиэтл қаласына (АҚШ) ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев бастаған қазақстандық делегацияның сапарының қорытындысы бойынша орнаған ынтымақтастықтың оң серпінін атап өтті.

Осылайша, «Эйр Астана» әуекомпаниясы Boeing-787-9 «Dreamliner» үш ұшағын сатып алу жөніндегі келісімшартқа қол қойды. Лайнерлер тасымалдаушының флотына 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында түседі деп жоспарлануда.

Сонымен қатар, 14-19 қараша аралығында Қазақстан мен АҚШ арасындағы тікелей рейсті ашу бойынша жұмыс шеңберінде Астанада «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ базасында Boeing компаниясы Қазақстанның Азаматтық авиация саласының өкілдері үшін Airline Planning Workshop (APW) авиакомпанияларын жоспарлау бойынша арнайы семинар өткізеді. Оқыту барысында стратегия мен бәсекелестік, әуе кемелері паркін жоспарлау және кірістер менеджменті, әуе кемелерінің экономикасы және т. б. тақырыптық модульдер қамтылады. Семинарға Азаматтық авиация комитетінің, «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ АҚ, «Эйр Астана» («Fly Arystan»), «Qazaq Air», «SCAT» авиакомпанияларының, Астана, Алматы, Ақтау әуежайларының өкілдері, бас-аяғы 50 тыңдаушы қатысуда.

Кездесу қорытындысы бойынша Тараптар Қазақстан мен Boeing компаниясы арасындағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейту және жаңа перспективалы жобаларды іздеу жөніндегі жұмысты жалғастыруға келісті.

Естеріңізге сала кетейік, осы жылдың басынан бастап Қазақстан мен Америка Құрама Штаттары арасында тікелей рейстерді іске қосу үшін FAA (IASA) ұшу қауіпсіздігін алдағы халықаралық бағалауға дайындық шеңберінде техникалық әлеуетті арттыру бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға