Жаңалықтар

Эйнштейннің нашар оқығаны рас па?

Үлгерімі төмен көптеген оқушылар өздерін ақтау мақсатында Альберт Эйнштейнге көп жүгінеді.
22.10.2015 07:13 9108

Үлгерімі төмен көптеген оқушылар өздерін ақтау мақсатында ұлы физик, атақты салыстырмалылық теориясының авторы, Нобель сыйлығының лауреаты Альберт Эйнштейнге көп жүгінеді. Жалпы қалыптасқан түсінік бойынша ол да нашар оқыған.

Эйнштейннің нашар оқығаны рас па?

Алайда бұл қаншалықты рас дерек?

Ең дұрысы фактілерге сүйенейік. Эйнштейннің 1896 жылы 17 жасында Арау мектебінен (Швейцария) алған аттестатына көз салайық (баға 6 балдық жүйемен қойылған).

Эйнштейннің нашар оқығаны рас па?

Суреттен көргендеріңіздей, Эйнштейн нақты ғылымдар бойынша, тіпті басқа да пәндер бойынша жақсы бағаға қол жеткізген. Ең жоғары ұпайды ол тарих, алгебра, тригонометрия, геометрия және физикадан алған. Өзге пәндер бойынша бағалар шамалы төмендеу. Ең төмен алған бағасы – 3 – француз тілі пәнінен. Осыған қарамастан 1923 жылы Иерусалимге сапары барысында ғалым француз тілінде еркін дәріс оқыған. Тек ағылшын тілінен мүлдем баға алмаған және соның қиын салдарын ол 1933 жылы АҚШ-қа көшкенде басынан өткерді.

Эйнштейннің үлгерімі нашар оқушы болғаны жайлы миф қайдан шықты?

Мәселенің мән-жайы мынада: Альберт Эйнштейн мектепте (Мюнхендегі Луитпольд гимназиясы) алдыңғы қатардағы үздіктер қатарынан табыла қоймады (алайда математика, латын тілі және физика пәндерінен ол ешқашан қиналмаған). Мұның негізгі себебі – Нобель сыйлығының болашақ лауреаты еркін ойлаудың жақтасы болды. Ол ұстаздардың шәкірттеріне авторитарлық қарым-қатынасына, гимназиядағы әскерге жақын атмосфераға шыдамсыздықпен қарады. «Төменгі сынып оқытушылары өздерін фельдфебель, ал жоғары сынып ұстаздары лейтенант секілді сезінеді» – деп еске алатын Эйнштейн кейіннен. Ол сондай-ақ: «Мен ән сабағында саппен жүретіндерді жек көремін – оларға ми қателесіп берілген» – деп жазады. Болашақ ғалым ұстаздарға деген пиғылын жасырмады және олар да оқушыға қатысты сондай көзқараста болды.

Мұнымен қоймай, гимназияның 6-сыныбында Альберттің оқытушылармен теке-тіресі басталды, ол мұғалімнен әрдайым «діннің дәлелдерін талап етіп, еркін ойлауды қалады». Мұндай скептицизм ол кезде сирек кездесетін және оны мұғалімдер растамайтын, әсіресе Эйнштейн оқыған мектепте.

Альберт Эйнштейн 1893 жылы, 14 жаста

Осылайша, оқушы Эйнштейн тек тәртіп мағынасында «нашар» болды. Мектептерде әскери тәртіп орнап, білім алу жаттандылыққа тірелетіндіктен Альберт бұл жүйені құптамады. Келтірілген деректер оқушы Эйнштейннің тек бір қырын көрсетеді. Ол оқушы кезінен көп кітап оқыды. Балаларық шағы жайлы естеліктерінен Эйнштейн Евклидтің «Бастау» мен И.Канттың «Таза сананы сынау» еңбектерін сол кезде оқыған ең мықты кітаптар болғанын айтады. Сонымен қатар ол анасының бастамасымен алты жасынан бастап скрипкада ойнауды үйрене бастады. Музыкаға әуестік Эйнштейнде өмір бойы сақталды. АҚШ-қа көшкеннен кейін, 1934 жылы Принстонда Альберт нацистік Германиядан қоныс аударғандар үшін қайырымдылық концертін береді. Ол онда Моцарт шығармаларын орындады. 

«Үлгерімі нашар» Эйнштейн туралы мифтің қалыптасуына тағы фактор әсер етті. Ғалымның алғашқы биографтарының бірі швейцариялық бағалау жүйесі мен неміс бағалау жүйесін шатастырып алған.

Бұдан шығатыны, құрметті оқушылар, өз жалқаулықтарыңызды, оқуға деген құлшыныстарыңыздың болмауын расталмаған мифпен ақтауға болмайды. Эйнштейннің үлгерімі нашар болмаған. Егер Эйнштейнге теңескіңіз келсе, ең кемі математиканы «беспен» оқып, Иммануил Канттың шығармаларын түсіне білуіңіз қажет. 


Дәурен Омаров

Мақалаға арқау болған сілтеме

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға