Жаңалықтар

EXPO-2017: Корея павильонына саяхат

Чеджу аралына саяхаттағыңыз келе ме?
EXPO-2017: Корея павильонына саяхат
19.06.2017 15:15 9237

Маусымның 10 күні өз жұмысын бастаған EXPO-2017 мамандандырылған көрмесі дәл осы күндері қызу қарқынмен жұмыс істеп тұр. Шартараптан ағылған меймандар мен еліміздің әр түкпірінен келген отандастарымыз көрме павильондарын аралап, тамашалауда. Көрме аумағын қызықтап келе жатып, назарымыз Оңтүстік Корея павильонының алдындағы ұзын-сонар кезекке ауды. Келушілерді ынтықтырған қандай қызық? Кәрістер көрме қонақтарын несімен таңқалдырмақ? Павильонның ерекшелігі неде деген сауалдар бізді де қызықтыра түсті. Сіздерге Корея павильонын таныстыруға тырысып көрейік.

Қашан да озық технологиясымен әйгілі Оңтүстік Корея елі көрменің тақырыбын «Болашақтың энергиясы, ақылды өмір» деп атаған екен.

Павильонның ішіне енгенде алдымен «Корея энергиясы» атты залмен таныстық. Үлкен экран арқылы энергетика державасы Корея Республикасындағы энергетиканың даму тарихы, жаңа технологияларды енгізудегі жетістіктері баяндалды.

Павильонның басты шоуы – бірнеше минуттарға созылатын тақырыптық қойылыммен ерекшеленді. Келушілерге адамзат баласы бетпе-бет кездескен шектеулі энергоресурстардың проблемасына назар аудартуға тырысты. Мультфильмдегі қос персонаж энергетика технологиясының жаңа мүмкіндіктерін көрсетуге тырысты. «Болашақтың энергиясы, ақылды өмір» деп аталуының да себебі осы болса керек.

Анимациялық шоу-қойылым Чеджу-2030 аралында өрбиді. Астан есімді  бозбала белгісіз жарықтың көмегімен Чеджу аралына қонуға мәжбүр болады. Қураған ағаштарды құтқару үшін сапарға шыққан болатын. Жолай ол Ара есімді бойжеткенмен кездесіп, оның көмегіне жүгінеді. Осылайша ол жаңа энергияның қуатын сезініп, ағаштарды қайта қалпына келтіреді. 

Ал, павильонның үшінші залына кірмес бұрын, барлық меймандарға мобильді гаджеттер үлестірілді. Келушілер ақ түске көмкерілген әдемі ағаштарды қоршай, қолындағы мобильді құрылғы арқылы болашақтың энергиясы беретін мүмкіндіктермен танысты.

Корея елі осылайша экологиялық таза энергетика технологиясының жаңа жетістіктерін өте жеңіл әрі ұғынықты етіп жеткізе білді. Бір қуантарлығы, павильонның ішіне кіргеннен барлық жерде қазақ тілінде берілген ақпараттар Корея еліне жасалған саяхатты қызықты әрі түсінікті ете түсті.

– EXPO-2017 көрмесін тамашалауға Қарағанды қаласынан келдім,- дейді Нәсіп Бекжанова әжей. – Бала-шаға, немерлерімді алып келдім. Корея павильоны маған қатты ұнады. Ұйымдастырушылар тақырыпқа сай болашақтың энергиясы беретін мүмкіндіктерді өте жақсы жеткізе білді. Немерелеріме  әсіресе анимациялық шоу-қойылым өте ұнады. Ерекше атап өтетін жәйт – кәріс халқының Қазақстанға деген, ұлттық құндылықтарымызға, мемлекеттік тілімізге деген құрметі мені тәнті етті. Басқа ешқандай павильонда бірді-бір қазақ тілінде берілген ақпарат байқамадым. Корея павильонындағы залдардың қабырғасындағы ақпараттар толықтай қазақ тілінде беріліпті. Жүрегім жылып, қатты қуанып қалдым.

Павильонда Кореяның негізгі энергетикалық технологиялары ретінде төмендегі тақырыптар ұсынылған:

  • Жел электро станциясы
  • Күн энергиясы
  • Энергетикадан тәуелсіз қала
  • Ақылды экологиялық ғимарат
  • Үйдегі мүліктер интернеті
  • Ақылды энергетикалық микротор
  • Батарея
  • Энергия қоймасы
  • Ақылды үй жылыту
  • Сутекті қозғалтқыш

Ақпарат

Корея Республикасы EXPO көрмесіне 1970 жылдан бастап, бәсекеге қабілеттілікті насихаттау және мәдениетін таныстыру мақсатында тұрақты түрде қатысып келеді. Сондай-ақ Оңтүстік Корея Теджон және Йосу шаһарларында ЭКСПО көрмесін ұйымдастырып, шартараптан ағылған қонақтарды күтіп алды. 

Корея Республикасы көрме павильонының аумағы 1 804 шаршы метр. 15 маусым күні Корея павильоны он мыңыншы қонағын ынталандыру сыйлығымен марапаттады. 

Павильонның екінші қабатында Корей мәдениеті аумағы орналасқан. Мұнда сіз Корей мейрамханасынан дәм татып, осы елдің мәдениетімен таныса аласыз.

Дина Қабаева, бас менеджер

– Корей мейрамханасында күніне орта есеппен 120-ға жуық қонақ қабылдаймыз. Олардың 60 жуығы осы павильонда жұмыс жасап жатқан кәріс ұлтының өкілдері. Қалған 50 пайызын жан-жақтан келген меймандар құрайды.

– Келушілердің тарапынан қандай тағамдарға сұраныс жоғары?

– Пибимпаб тағамына сұраныс жоғары. Жалпы біздегі барлық өнімдер халал. Пибимпаб етпен күріш және көкеністер қосылған тағам.     

Келушілерді қызықтырған келесі бір технология – виртуалды шындық көзілдіріктері болды. Онда сіз 3 минутқа Чеджу аралына саяхатқа аттана аласыз. Көзілдірік арқылы көркіне көз тоймайтын аралға шын тап болғандай әсерде боласыз. 

Павильондағы тағы бір қызығатын технология – фотоаппарат. Алдымен экраннан тақырыптық фон таңдау арқылы табиғат аясы немесе Кореяның атақты жұлдыздарымен фотоға түсуге мүмкіндік бар. Ең бастысы суретіңізді жылдам әрі тегін шығарып береді.

Егер осы ақпараттар сізді қызықтыра алса, Корей павильонын өз көзіңізбен көріп қайтыңыз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға