Непал билігі Эверестті "планетадағы ең биік қоқыс полигоны" деген атақтан арылтуды көздеп отыр. Бұл іске заманауи дрондар көмектеспек.
Эвересттен қоқыс қалай шығарылады?
Бүгінде Эвересттегі қоқысты жинау жұмыстарының негізгі бөлігі қолмен, аса күрделі әрі қауіпті биіктаулы жағдайларда атқарылады. Алайда соңғы жылдары Непал билігі бұл процеске дрондарды тарта бастады. Әйтпегенде қоқыс жинауға барған жұмысшылардың қар құрасауында қалып қойып, ажал құшуы жиілеп кеткен.
Airlift Ventures компаниясы Қытайда жасалған DJI FlyCart 30 атты жүк тасымалдаушы дрондарды қолдануды қолға алды.
2025 жылдың сәуір-маусым айлары аралығында дрондардың көмегімен Эвересттің 6065 метр биіктікте орналасқан лагерлерінің бірінен шамамен 300 кг қоқыс төменге түсірілген.
Әрбір DJI дроны бір рейсте 15 кг-ға дейін жүк тасымалдай алады. Жергілікті гидтердің бағалауынша, бұл технология бұрын тек қолмен тасылған қоқыстың 70%-ына дейінін таудан шығаруға мүмкіндік берген.
Неліктен Эвересттегі қоқыс мәселесі аса өзекті?
Эвересттің ластануы онжылдықтар бойы жинақталған үлкен мәселе. 1950 жылдардан бері бұл шыңды 4 мыңнан астам адам бағындырған. Туристер мен альпинистер ағынының күрт өсуі маршруттарға шамадан тыс жүктеме түсіріп, соның салдарынан тау соқпақтары біртіндеп қоқыс үйінділеріне айналды.
Мәселені экспедициялар санын қысқарту арқылы да шешуге болар еді. Алайда Непал билігі бұл қадамнан әзірге бас тартып отыр, себебі шыңға шығуға берілетін рұқсаттардан түсетін табыс ел бюджетінің маңызды бөлігін құрайды.
Дрондармен тазалау жұмысы әлі де жалғаса ма?
Airlift Ventures компаниясы Эверестті тазалауда дрондарды пайдалануды әрі қарай да жалғастырмақ. Компания жоспарында қалдықтарды Манаслу тауынан да жинау бар. Бұл Непалда орналасқан, әлемдегі сегізінші ең биік шың.
Дегенмен, үлкен биіктіктегі ауаның сиректігі мен қатты желдер дрондардың Манаслу шыңына жақын аймақтарда жұмыс істеуіне әзірге кедергі келтіріп отыр.

