phys.org

Эвересттегі қоқысты дрондар тазалайды

Әлемнің ең биік шыңы – Эверест ондаған жылдар бойы туристер мен альпинистердің назарында болып қана қоймай, қоқыс мәселесімен де күресіп келеді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Непал билігі енді бұл проблеманы түбегейлі шешіп, Эверестті «таудағы қоқыс полигоны» деген атаудан арылтуды көздеп отыр.

Бұған дейін шыңдағы қалдықтар қолмен, аса ауыр жағдайда шығарылатын. Енді бұл іске заманауи технология көмекке келді. Airlift Ventures компаниясы қытайлық DJI FlyCart 30 дрондарын қолданып, 2025 жылдың сәуір-маусым айларында 6065 метр биіктіктегі лагерьден 300 кг-ға жуық қоқыс шығарды.

Әр дрон бір ұшқанда 15 кг жүк таси алады. Жергілікті гидтердің айтуынша, бұл әдіс қалдықтардың шамамен 70 пайызын автоматтандыруға мүмкіндік берген.

Құны 20 мың долларға дейін баратын DJI FlyCart 30 дрондары –15,5 °C суықта да, секундына 40 км-ге жететін желде де жұмыс істей алады. Бұған дейін оларды Ама-Даблам тауында қолданып, 641 кг қоқыс шығарылған.

Эверестті ластау мәселесі өткен ғасырдың ортасынан бері ушығып келеді. 1950 жылдан бастап шыңды 4 мыңнан астам альпинист бағындырған. Туристердің көбеюі жолдар мен лагерьлерді тұрмыстық қалдыққа толтырды.

2019 жылы Непал билігі арнайы бағдарлама қабылдап, 10 тонна қоқыс жинауды мақсат етті. Сонымен қатар әр альпинист шыңға шықпас бұрын 4 мың доллар кепіл қалдырады. Бұл қаражат тек спортшы кем дегенде 8 кг қоқыс әкелген жағдайда қайтарылады. Алайда экспедициялар санын азайту мәселесі әлі күнге қозғалған жоқ, өйткені Непал үшін рұқсат құжаттарының сатылымы маңызды кіріс көзі болып отыр.

Airlift Ventures дрондарды тек Эверестте ғана емес, әлемдегі сегізінші ең биік тау – Манаслуда қолдануды жоспарлап отыр. Дегенмен, үлкен биіктіктегі жұқа ауа қабаты мен екпінді желдер бұл істі қиындатып отыр.

Непал билігінің басты мақсаты – Эверестті болашақ ұрпаққа табиғи, таза кейіпінде жеткізу.