The Himalayan Times

Эверестке шығатын альпинистер 2 келі қоқыс алып түсуге міндеттелді

17.03.2026 09:40

Эверест шыңын (8 848,86 м) бағындыруға аттанған альпинистер енді кері қайтар жолда жоғары биіктіктегі аймақтардан кемінде 2 келі қоқыс алып түсуге міндеттеледі. Бұл талап Непал билігінің әлемдегі ең биік шыңдағы экологиялық жағдайды жақсарту және қалдықтарды басқаруды күшейту мақсатында енгізілген жаңа ережелерінің бірі.

The Himalayan Times басылымының хабарлауынша, Сагарматха өңіріндегі ластануды бақылау комитеті (SPCC) альпинистер бұрыннан экспедиция соңында базалық лагерьге кемінде 8 келі қоқыс тапсыруға міндетті екенін еске салды. Енді соған қосымша, екінші базалық лагерьден (6 400–6 750 м) жоғары орналасқан учаскелерден жиналған тағы 2 келі қалдықты бірге алып түсу талап етіледі.

Жаңа талаптың орындалуын SPCC қызметкерлері екінші лагерьде тексереді. Комитеттің бас директоры Церинг Шерпаның айтуынша, биылғы маусымнан бастап экспедиция қатысушыларына жеке пайдаланатын нәжіс пакеттерін қолдануға да тыйым салынады. Оның орнына SPCC мен жергілікті әкімдік ұсынған арнайы қаптарды ғана пайдалану міндетті болады.

Бұл шара, мамандардың пікірінше, альпинистердің қалдықтарды бей-берекет қалдыруын азайтып, Эвересттің экожүйесін сақтауға бағытталған. Міндетті қаптар тіркеліп, экспедиция аяқталған соң толық жиналып алынады.