©Pixabay.com

Эверест дрондардың көмегімен тазартылмақ

Эверест (Джомолунгма) – Жер шарындағы ең биік шың (теңіз деңгейінен 8 848,86 м). Жыл сайын тау шыңына базалық лагерьден шамамен 600 адам көтеріледі. Әрбір альпинист экспедиция барысында орта есеппен 8 келі қоқыс қалдырады екен: тамақ қалдықтары, істен шыққан оттегі баллондары, сынған таяқтар, үзілген арқан, ас әзірлеуге арналған бос газ баллоншалары, биологиялық қалдықтар, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Қазір қоқыс қалай шығарылады?

Тауда қоқыс әдетте қолмен жиналады. Алайда соңғы уақытта Непал билігі дрондарды пайдалана бастады. Мәселен, Airlift Ventures компаниясы қашықтан тазалау үшін қытайлық DJI FlyCart 30 дрондарын іске қосты. 2025 жылдың сәуір-маусым айлары аралығында осы дрондардың көмегімен Эвересттегі 6065 метр биіктікте орналасқан лагерьден шамамен 300 келі қоқыс шығарылды.

Әрбір DJI дроны бір рейсте 15 келіге дейін қоқыс тасымалдай алады. Жергілікті жолсеріктердің айтуынша, бұл технология бұған дейін тек қолмен шығарылатын қоқыстың 70%-ын алып тастауға мүмкіндік берген.

DJI FlyCart 30 құны $20 мыңға дейін жетеді. Дрондар -15,5 °C-қа дейінгі температурада жұмыс істей алады және секундына 40 км/сағ дейінгі жел екпініне төтеп береді. Техника Эверестпен қатар, Гималайдағы Ама-Даблам тауында да қолданылады. Осы дрондардың арқасында сол жерден 641 келі қоқыс шығарылды.

Неге қоқыс мәселесі өзекті болып отыр?

Эвересттің ластану мәселесі көптен бері көтеріліп келеді. 1950-жылдардан бері 4 мыңнан астам адам шыңды бағындырды. Туристер санының артуы қоқыстың көбеюіне алып келді.

2019 жылы Непал билігі Эвересті тазарту бағдарламасын қолға алып, 10 тонна қоқыс шығаруды мақсат етті. Сонымен қатар альпинистерге 4 мың доллар көлемінде депозит төлеу міндеттелді. Альпинист төмен түскен кезде өзімен бірге кемінде 8 келі қоқыс алып келсе, бұл сома қайтарылады. Тағы бір шешім – экспедициялар санын азайту. Алайда Непал әзірге бұл қадамға баруға асығар емес, өйткені рұқсатты сатудан түсетін кіріс ұлттық бюджетке кәдімгідей көмек.

Airlift компаниясы Эвересті тазарту үшін дрондарды әрі қарай да пайдалануды жоспарлап отыр. Енді Непалда орналасқан, әлемдегі сегізінші биік шың саналатын Манаслу тауын тазарту да жоспарда бар. Дегенмен биік таудағы жел дрондардың бұл нүктеде жұмыс істеуіне кедергі келтіріп отыр.