osw.waw

Еуропарламент Венгрия депутаттарының иммунитетін сақтап қалды

08.10.2025 00:26

Еуропарламент сейсенбіде Венгрияның екі депутат - Петер Магяр мен Илария Салистің иммунитетінен айыру жөніндегі өтінішін кері қайтарды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Петер Магяр - Венгрия премьер-министрі Виктор Орбанның негізгі қарсыласы болса, италиялық антифашист Илария Салис Будапештте өткен ультраоңшыл неонацистік митинг кезіндегі тәртіпсіздікке байланысты айыпталып отыр. Салис Еуропарламенттегі Солшылдар тобының мүшесі болғандықтан, оның ісі дау туғызады деп күтілген.

Еуропарламенттегі ең ірі саяси топ - Еуропалық халық партиясының (EPP) жетекшісі Манфред Вебер Салистің иммунитетін алуды қолдаған еді. Оның айтуынша, күдікке іліккен оқиға депутат сайланғанға дейін болған.

Дегенмен жасырын дауыс беру қорытындысы бойынша 306 депутат Салистің иммунитетін сақтап қалуды жақтаса, 305 депутат қарсы шығып, 17-сі қалыс қалды. Осыдан кейін Салис:

Бұл оқиға демократиялық құндылықтарды қорғау үшін сайланған өкілдер, белсенділер мен азаматтар бірігіп әрекет еткенде авторитарлық күштерге қарсы тұруға болатынын көрсетті, - деп мәлімдеді.

Ол өз ісін Италияда қарауды тағы да талап етті. Ал Петер Магярға қатысты дауыс беру ашық түрде өтті. Ол ЕPP-тің мүшесі әрі алдағы жылы өтетін сайлауда Орбанға басты қарсылас ретінде қарастырылып отыр. Магяр түнгі клубта бір адамның телефонын тартып алғаны үшін ұрлық айыбымен тергелуде. Бірақ ол бұл істі «жалған саяси айып» деп атады.

Айта кетейік, 2022 жылы Еуропарламент Венгрияны енді демократиялық мемлекет деп есептемейтінін ресми түрде мәлімдеген еді. Құжатта Орбан режиміндегі сот тәуелсіздігіне қысым, бостандықтардың шектелуі және сыбайлас жемқорлық кең тарағаны үшін ел «сайлаулы автократия» деп сипатталды.