коллаж El.kz

Еуропамен визалық режимді жеңілдету жөніндегі Астанада өтеді

ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Еуропалық одақпен визалық рәсімдерді жеңілдету мәселесі бойынша өткен алғашқы келіссөздер туралы мәлімет бөлісті, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

1 желтоқсанда Қазақстан Еуропалық одақ ынтымақтастық кеңесінің 22-отырысы өтті. Жиынға ҚР сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев пен ЕО-ның сыртқы саясат жөніндегі жоғары өкілі Кайя Каллас төрағалық етті.

Кеңес барысында энергетика, көлік және логистика, цифрландыру, азаматтық авиация, визалық режимді жеңілдету, сондай-ақ стратегиялық шикізатты өндіру және пайдалану салаларындағы бірлескен жұмыс мәселелері талқыланды. Осы отырыста Қазақстан мен ЕО арасында визалық оңайлату туралы келісім бойынша ресми келіссөздердің басталғаны жария етілді.

Бұл қадам, екі тарап арасындағы сенімді серіктестіктің белгісі әрі Кеңейтілген серіктестік пен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылуының он жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр.

Келесі күні министр Әлібек Бақаев және Еуропалық комиссияның Миграция және ішкі істер жөніндегі бас директорат басшысының орынбасары Иоханес Лухнер келіссөздердің алғашқы раундын ашты. Тараптар өз ұстанымдарын таныстырып, негізгі бағыттарды айқындап, жаңа заманауи құқықтық тетік құруға дайын екендіктерін растады.

Жаңадан жасалатын құқықтық база екіжақты сапарларды жеңілдетуге, гуманитарлық қарым-қатынастарды кеңейтуге және Қазақстан мен ЕО арасындағы өзара байланыстарды тереңдетуге бағытталмақ.