Еуропа мен Қытай қарым-қатынасы: 50 жылдықтың көлеңкесінде терең дағдарыс
Биыл Еуропалық одақ пен Қытай арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 50 жыл толып отыр. Алайда бұл маңызды дата екі тарап үшін тойлау емес, керісінше, өзара сенімнің ең төменгі деңгейге түскенін көрсетті. Осы аптада Бейжіңде өткен мерейтойлық саммит те күткендей нәтиже бермеді — тараптар ымыраға келе алмады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы ВВС-ге сілтеме жасап.
АҚШ-тан кейінгі әлемдегі ең ірі екі экономикалық күш саналатын Еуропа мен Қытайдың арасындағы алшақтық тек артты. Бұл жағдай алдағы уақытта Еуропа үшін жаңа экономикалық және қауіпсіздікке қатысты қиындықтарды туындатуы мүмкін.
ЕО мен Қытай арасындағы байланыс COVID-19 пандемиясы кезінде әлсірей бастады. Бірақ 2022 жылы Ресейдің Украинаға басып кіруі қарым-қатынасты тіпті шиеленістіріп жіберді. Тек биыл ғана Дональд Трамптың Ақ үйге қайта оралып, Қытаймен де, Еуроодақпен де сауда соғысын бастауы екіжақты қарым-қатынастардың жақсаруына үміт отын жаққан еді.
Алайда жағдай керісінше өрбіді — екі тарап арасындағы саяси және экономикалық қашықтық ұлғая түсті. Сарапшылардың пікірінше, бұл тығырықтың басты себебі — Қытай Еуропаны АҚШ-тың ықпалындағы «вассал» ретінде қабылдайды. Сондықтан Еуропа тарапынан айтылған ескертулер мен талаптарға мән бермейді және өз ұстанымын күшейтіп, Еуроодақтан жаңа-жаңа жеңілдіктер талап етуде. Ал бұл жағдай Еуропаның төзімін тауысып, өз мүддесін қатаң қорғауға мәжбүрлеп отыр.
Еуропа мен Қытай саммитінен кейін қандай да бір шиеленісті мәселелер шешіледі деп үміттенгендер болды. Пекин аздаған ғана жеңілдік жасады. Бірақ бұл түйткілдерді шешуге жеткіліксіз, - дейді америкалық Стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығының (CSIS) Қытай жөніндегі сарапшысы Иллария Маццокко.

