Францияның ірі автоконцерні Renault Group 2030 жылға қарай Еуропа нарығында тек электр және гибрид көліктерін сатуға толық көшуді көздеп отыр. Бұл туралы компанияның баспасөз қызметі хабарлады.
Компания жариялаған даму бағытына сәйкес, 2030 жылға қарай Renault бренді Еуропадағы сатылымын толықтай электрлендірілген көліктер арқылы қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. Ал Еуропадан тыс елдерде мұндай көліктердің үлесін жартысына дейін арттыру көзделген.
Бюджеттік сегментке арналған Dacia бренді де осы бағытты ұстанбақ: оның сатылымындағы электр және гибрид модельдердің үлесі үштен екіге дейін ұлғаяды. Сонымен қатар концерн 2030 жылға дейін толық электр жетегімен жабдықталған кемінде үш жаңа үлгіні таныстыруды жоспарлап отыр.
Сарапшылардың бағалауынша, бұл қадам Еуропада экологиялық талаптардың күшеюі мен автонарықтағы жаңа үрдістерге сай қабылданған шешім болып отыр. Бүгінде іштен жанатын қозғалтқышы бар көліктердің үлесі біртіндеп азайып, электр көліктеріне сұраныс артып келеді. Renault-тың жаңа бағыты осы өзгерістерге бейімделуді және бәсекелік қабілетін сақтауды мақсат етеді.

