Жаңалықтар

Еуроодақ өкілдерімен визалық режимді жеңілдету бойынша кездесу өтті

Еуроодақ өкілдерімен визалық режимді жеңілдету бойынша кездесу өтті
Фото: gov.kz 28.09.2023 23:05 607

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев Еуропалық Одақтың Қазақстанда тіркелген елшілерімен және дипломатиялық корпус өкілдерімен кездесу өткізді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Бұл кездесу Қазақстан азаматтары үшін ЕО визалық режимін жеңілдету бойынша ресми консультацияларды бастау туралы келісімдерді жүзеге асыру аясында ұйымдастырылды.

Ә. Бақаев өз сөзінде іс-шараға қатысушылардың назарын Қазақстан мен ЕО арасындағы визалық режимді жеңілдету, көші-қон қауіпсіздігі және реадмиссия мәселелеріне аударды. 

Кездесудің нәтижесінде еуропалық әріптестер Қазақстанның визалық режимді жеңілдету саласындағы бастамаларын қолдап, осы мәселе бойынша консультацияларды жалғастыруға дайын екендіктерін білдірді. 

Визалық режимді жеңілдету консулдық алымдардың құнын төмендетуді, қажетті құжаттар тізбесін, өңдеу уақытын қысқартуды, визаның қолданылу мерзімін арттыруды көздейді.

Еске салсақ, визалық режимді жеңілдету бойынша ресми консультацияларды бастау туралы шешім Брюссельде ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу мен Еуропалық Одақтың ішкі істер жөніндегі комиссары Ильва Йоханссонмен кездесуінің нәтижесі бойынша қабылданған болатын.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға