Жаңалықтар

Еуро-2016: «Қарт қарақшылар»

Еуро-2016
14.06.2016 11:21 2885

Кешегі Испания – Чехия матчында чех капитаны Томаш Росицки керемет рекорд жасады. Осыдан 16 жыл бұрын ол топтық турнирде Голландия құрамасына қарсы негізгі құрамда шығып, Еуропа чемпионаттары тарихындағы ең жас чех ойыншысы болып тіркеліпті. Ал кеше ол тағы да негізгі құрамда ойнап, Чехия құрамасы тарихында Еурода ойнаған ең қарт футболшы санатына кірді.

Еуро-2016: «Қарт қарақшылар»

Ғажап көрсеткіш емес пе? Демек, осы 16 жыл Росицкидің ғұмыры қызыққа толы болған. Ең бастысы, ол белгілі бір биіктен төмендемеген. Ұлттық құрама сапында 16 жыл үздіксіз ойнау – мәртебенің мәртебесі, беделдің беделі.

Бүгінгі матчта Габор Кирайдың негізгі құрамда алаңға шығуын асыға күтеміз. Венгрия құрамасы 1986 жылдан бері үлкен турнирлердің финалдық кезеңіне шығып көрмеген. 30 жылдан бері! Ал Габор биылғы 1 сәуірде 40 жасқа толды. Демек, Кирай 10 жасында өз құрамасының Мексика мундиаліндегі ойынын көрген. Содан бері «Венгрия әлем/құрлық чемпионатының финалдық кезеңіне шықса екен» деп армандаумен жүрген шығар. Өзі 22 жасынан бері Венгрия құрамасының сапында өнер көрсетіп келеді. 18 жылдан бері осындай ірі доданың іріктеу кезеңдеріне тұрақты қатысқан. Еңбегі ақталды. Міне, 40 жаста да арманға қол жеткізуге болады.

Кирайдың бір ерекшелігі – ол ешқашан алаңға шолақ шалбармен шықпайды. Қашан көрсеңіз, жаттығуда жүргендей қолпылдаған трикомен ойнайды. Қырық жастағы қырқылжың тартқан «қарақшыңыздың» бүгінгі образы осындай! Венгрия құрамасы сапында 103 матчқа қатысқан ұлттық рекордшы! Ер болсаң, Габордай бол, ендеше!

Еуро-2016: «Қарт қарақшылар»

Италия құрамасы Бельгияны 2:0 есебімен тұқыртқанда, 38 жастағы қақпашы Джанлуиджи Буффон балаша қуанды. Джиджи Италия сапында 1997 жылдан бері ойнап келеді. Яғни, 19 жаста ұлттық командаға алынған жігіт 19 жылдан бері тұғырынан таймаған. Бүгінде ол – «скуадра адзурраның» сапында 154 матч өткізген ардагер (ел рекорды), 2006 жылғы әлем чемпионы, 2012 жылғы Еуропа вице-чемпионы. Буффонға бас имей келе жатқан екі атақ бар: бірі – Еуропа чемпионы атағы (2012 жылы Италия финалда Испаниядан 0:4 есебімен ойсырай ұтылды), екіншісі– Чемпиондар лигасының жеңімпазы атағы (Буффон екі рет «Ювентус» сапында финалда ойнап, ұтылды). Спорттық ғұмырына нүкте қойлатын сәт таяған сайын Буффон әрбір жеңістің чемпиондыққа зор қадам екенін жақсы түсінеді. Сөйтіп, қақпаны қырағы қорғап қана қоймай, команданың әр жеңісті қадамына шаттанады.

Әлемге танымалы және бір «қарт қарақшы» ақырындап сахнадан кетіп бара жатыр. Кешеге дейін «Испания құрамасының нөмірі бірінші ойыншысы кім?» деген сұрақ бас ауыртпайтын-ды. Ал Испания – Чехия матчында негізгі құрамда Икер Касильяс емес, Давид Де Хеа шықты. Ендеше, 35 жастағы Касильястың дәурені өте шыққаны ма? Екі дүркін Еуропа чемпионы, әлем чемпионы, Чемпиондар лигасының үш дүркін жеңімпазы Касильяс осылайша «жас келсе – іске» деп қосалқы құрамнан қол бұлғайтын сияқты. Бірақ оның бір басында бар атақ бар ғой. Сонда да іші берілгісі келмейді. «Мен спорттан Буффон кеткен күні кетемін» деп қалжыңдапты ол.

Еуро-2016: «Қарт қарақшылар»

Бір «қарт қарақшының» арқасында қазақ футболы да Еуропа чемпионаттарының тарихына еніп отыр. Украина құрамасының ардагері Анатолий Тимощук бұл сынға «Қайрат» құрамынан аттанды. Сөйтіп, Қазақстан премьер-лигасынан құрлық додасының финалдық кезеңіне қатысқан тұңғыш футболшы болып тұр. Германия – Украина матчында Тимощуктің алаңға шығуы аса қажет бола қойған жоқ. Алдағы матчтарда жалқы минутқа да жарқ ете қалса, «Қайрат» та, қазақ футболы да жылнамаға еркін енбек.

Албания құрамасында – О.Шехи (39 жас, қақпашы), Бельгияда – Ж-Ф.Жийе (37 жас, қақпашы), Ирландияда – Ш.Гивен (40 жас, қақпашы), Исландияда – Е.Гудьонсен (37 жас, шабуылшы), Ресейде – С.Игнашевич (36 жас, қорғаушы), Румынияда – Р.Рац (35 жас, қорғаушы), Солтүстік Ирландияда – Р.Керрол (38 жас, қақпашы), Г.Макаули (36 жас, қорғаушы), Украинада – В.Шевчук (37 жас, қорғаушы), Францияда П.Евра (35 жас, қорғаушы) сияқты саңлақтар қатарда жүр. Я.Дюрица (Хорватия), З.Ибрагимович (Швеция), Бруну Алвеш (Португалия) сынды мықтылар биыл 35-ке толады. Демек, тәжірибенің аты тәжірибе. Өздерінің спорттағы ғұмырын ұзартып қана қоймай, қырыққа таяса да ұлттық құрама сапында жүруі нағыз үлгі емес пе?

Кеше Италия құрамасы Еуропа чемпионаттары тарихында негізгі құрамының орта жасы 31-ден асқан ең «қарт» құрама ретінде тіркелді. Буффон, Барцальи, Кьеллини, Де Росси, Джаккерини, Пелле сияқты жасы 30-дан асқан саңлақтар алаңда атой салды, екі гол соқты. Ендеше, тәжірибенің аты тәжірибе. «Қарт қарақшылар» сынды бұзбайды, қайта үлгілі спорттық ғұмырларымен қуанышқа бөлейді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға