Жаңалықтар

Еуразия жүрегінде өткен маңызды мәжіліс

Еуразия жүрегінде өткен маңызды мәжіліс
Фото: Akorda.kz 05.07.2024 14:30 1386

Күні кеше Астана қаласында бүкіл әлем көз тіккен Шанхай Ынтымақтастық ұйымының саммиті өтті. Маңызы зор жиынға 16 елдің басшылары мен премьер-министрлері, сондай-ақ 7 халықаралық ұйымның жетекшісі қатысты. Биылғы Астана саммиті 2 форматта өрбіді. Ең біріншісі мемлекет басшыларының 24-ші мәрте өтіп отырған кеңесі. Екіншісі Шанхай + форматындағы кездесу. Маңызды мәжіліс жаһандық деңгейде қордаланған өткір түйткілдерді шешуге қаншалықты қауқарлы? Шанхай ынтымақтастық  ұйымы саммитінің еліміз үшін қаншалықты мкңызға ие екендігі, саяси-экономикалық ахуалына тигізер  ықпалы қандай екендігі жөнінде ойланып көрдік.  

ШЫҰ – қандай ұйым?

Ең алғаш 1996 жылы Қазақстан, Қытай, Ресей, Қырғызстан және Тәжікстан «Шанхай бестігін» құрған болатын. Шанхай ынтымақтастығы ұйымын 2001 жылы 6 мемлекет жер дауларын реттеу үшін құрған, содан кейін аясы кеңейіп, аймақтық қауіпсіздік, экономикалық даму мәселелерін де қамти бастады. Бүгінге дейін ШЫҰ-ға ресми түрде 9 ел мүше болып келді. Олар: Қазақстан, Үндістан, Иран, Қытай, Қырғызстан, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан. Бұл жолғы басқосудың басты жаңалығы: Шанхай ынтымақтастық ұйымына Беларусь Республикасының мүшелікке енуі болды. Бұл жолы қатарға қосылған Беларусь ШЫҰ-ның құрамына өтіп отырған толығымен Еуропа құрлығында жатқан алғашқы ел. Бұған дейін Қазақстан ұйымға 2004, 2010 және 2016 жылдары төрағалық еткен.

Астанадағы саммит қорытындысы

Ұйымға мүше мемлекеттер басшылары, Астана декларациясын, «Әділ бейбітшілік, келісім және даму үшін әлемдік бірлік туралы», «Шанхай ынтымақтастық ұйымын жетілдіру туралы» бастамаларды қабылдады. Жалпы Астанадағы саммит қорытындысы аясында әр түрлі салаға қатысты 20-дан астам құжат қабылданды. Соның ішіндегі басты саяси құжат – астана декларациясы. Аталмыш құжатта ұйымның бір жыл ішіндегі қызметіне қорытынды жасалды. Жалпы бүгінде әлемдік жалпы ішкі өнімнің 25% Шанхай ынтымақтастығы ұйымына мүше елдердің үлесінде екенін айтып өткеніміз жөн. Бұған Мемлекет басшысының: «Ұйымға экономикасы аса ірі және жылдам дамып келе жатқан мемлекеттер кіреді. Әлемдік жалпы ішкі өнімнің үштен бірі осы елдерге тиесілі. Бұл біздің ұйымның орасан зор әлеуеті мен жаһандық рөлін айқын көрсетеді. Мүше мемлекеттердің даусы мен мүдделері тең дәрежеде ескерілетін Шанхай ынтымақтастық ұйымы өзін бірегей алаң ретінде көрсетті. Дәл осындай мызғымас демократиялық негізге сүйенген ұзақмерзімді ынтымақтастығымыз жаңа мазмұнмен толыға түсетініне сенімдімін», - деген сөзі дәлел.

Қазақстан былтырғы шілдеден бері ұйымға төрағалық еткен бір жыл ішінде түрлі деңгейдегі 150 іс-шара ұйымдастырылып, ұйымның жұмысына қатысты 60 жаңа құжат қабылданыпты. Қандай құжаттармен толықтырылғаны жөнінде туралы ел  Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев аталған жиында айтып өтті. «Ұйымның Шарттық базасы 60 жаңа құжатпен толықтырылды. Атап айтқанда, Есірткіге қарсы стратегия, Экономикалық ынтымақтастық стратегиясын іске асыру жоспары, Қоршаған ортаны қорғау саласындағы келісім, Энергетикалық ынтымақтастықты дамыту стратегиясы және басқа да құжаттар. ШЫҰ серіктестері саналатын халықаралық ұйымдардың қатары көбейді. Инвестициялар жөніндегі арнайы жұмыс тобының қызметі қайта жанданды. Ұлттық валютамен есеп айырысуға көшу үдерісі қарқынды дами бастады», - деді Мемлекет басшысы.

Бұған қоса Мемлекет басшысы «ШЫҰ плюс» форматында өткен кездесуде ШЫҰ-ның әділ әлем, келісім және даму бастамасын қолдау үшін БҰҰ Бас ассамблеясы қарарын қабылдау қажеттігін айтты.«Ұжымдық күш-жігер мен парасатты дипломатия арқылы ғана әлемдегі басты қайшылықтардың түйінін тарқатып, дүниежүзінде ұзақмерзімді тұрақтылықты қамтамасыз етуге болады. Мен бұған сенімдімін. Осы орайда келесі жылы 80 жылдығын атап өтетін Біріккен Ұлттар Ұйымына зор үміт артылады. Бұл әмбебап ұйымның баламасы жоқ, оның әлеуеті, әлі де мол. Біздің ортақ міндетіміз – БҰҰ-ның жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін, ХХІ ғасыр сын-қатерлеріне тиімді қарсы тұра алатын басты халықаралық институт ретіндегі рөлін күшейту», - деді Президент.

Сарапшылар сараптайды

Осы ретте  саясаттанушы Аман Мәмбеталиевтен аталған жиын туралы ойын білуге тырыстық. Ол бұл саммиттің маңыздылығы туралы пікірін білдірді.

Биыл мемлекетіміз Шанхай ынтымақтастығы ұйымына төртінші рет төраға болып отыр. Ұйымға мүше мемлекеттердің және одан өзге бірқатар мемлекеттердің басшысылары қатысқан жиынның жауапкершілігі мол. Еліміз бұл саммитке аса ыждаһаттылықпен дайындалды.  БҰҰ-ның бас хатшысының қатысуы, әлемдегі ықпалды мемлекеттердің басшылары еліміздің бас қаласына келуі де – біздің дипломатияның да жемісі деуге болады. Самитте түрлі мәселелерді бөлек-бөлек қарастырды. Соның бірі – экология. Президентіміз бұған да жақсы назар аудартты. Себебі бұл жыл, Қазақстанның бастамашылығымен, ШЫҰ аясында Экология жылы деп жарияланған болатын. Бұл тақырыпты қазіргі жаһандық жылыну контексінде де айналып өту мүмкін емес. Президент климаттың өзгеруіне қарсы күрес салаларындағы ынтымақтастықтың өзектілігі арта түскеніне тоқталды. «Жуырда Қазақстан бұрын-соңды болмаған су тасқынын бастан өткерді. Мамандардың пікірінше, бұл табиғат апатының ауқымы жаһандық жылыну процесімен тікелей байланысты. Климаттың сын-қатерлерін жалғыз еңсеру мүмкін емес екені анық. Әлемдік қауымдастық экономиканы декарбонизациялау жөніндегі батыл қадамын жалғастыруға тиіс деп санаймын», - деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев. Сонымен қатар жиында логистика мәселесі де қаралды. Бұл тұрғыда Президент Қазақстан Еуразиялық көлік жүйесінің ең маңызды бөліктерінің бірі саналатынын және  әлемдік сауданың тұрақты өсіміне көлік жолдарының өзара байланысын одан әрі нығайту да зор ықпал ететінін айтып өтті. Ұйымға мүше елдердің аумағы арқылы 350 мың шақырымнан астам теміржол өтетіні, сонда әлемдегі жүк тасымалының үштен екі бөлігі осы жолдарға тиесілі екендігі белгілі. Демек ШЫҰ кеңістігі жаһандық сауданы дамытуға арналған Үлкен Еуразиялық белдеуге айнала алады деген сөз, - дейді сарапшы.

Бұны ел президенті де жақсы меңзеп кетті. Жиындағы «Қазақстан Еуразиялық көлік жүйесінің ең маңызды бөліктерінің бірі саналады. Сондай-ақ еліміз «Бір белдеу, бір жол» мегажобасын, Транскаспий көлік бағытын және «Солтүстік – Оңтүстік» дәлізін өзара ұштастыру, стратегиялық порттар мен логистикалық орталықтардың серіктестік желісін құру ісінде бастамалар көтеріп келеді», - деген сөзі осының дәлелі.

Сонымен қатар бірқатар құжаттар қабылданды. Оның ішінде сөз болған мәселелерге тоқталсақ, инфрақұрылымды дамыту, экономика, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық, қауіпсіздік мәселелері, оның ішінде киберқауіпсіздік, терроризм секілді бүгінгі таңда маңызды болып отырған жағдайларға тоқталды. Қазіргі таңда маңызды болып отырған киберқауіпсіздік мәселесі де айтылды.  Бұны кешегі саммит барысында Мемлекет басшысы да атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект пен жаңа технологияның игіліктерін пайдалана отырып, ұйымға мүше мемлекеттер арасында ақпарат алмасатын жаңа механизмді іске қосуды ұсынды. Сондай-ақ қазіргі геосаси дағдарыс жағдайында дүниежүзілік ұйымдардың әлсіздігі және мәселелерді шешуде мүмкіндігінің аздығы да ашық айтылды. Яғни, Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін қойылған халықаралық талаптардың ескіруі, бүгінгі мемлекеттердің қарым-қатынастарының тереңдеуі тұрғысында реформация қажет деген де ұсыныстар айтылды. Сол реформацияның бастауы – осы Астаналық деклорациясы деп ойлаймын», - дейді ол.

Ал саясаттанушы Асхат Қасенғали бұл саммиттің еліміз үшін қаншалықты маңыздылығына тоқталды.  

Жалпы алғанда Шанхай ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету қорытындысын осы бір саммитпен көрсетуге болады. Осы бір жылдық жұмыстың нәтижесіне оң баға беруге болады. Осы уақытта Қазақстан ұйымға мүше мемлекеттер арасында диалогты орнату және қарама-қайшылықтар бар болатын болса оны медиатор ретінде шешуге тырысты.  Қазақстанның медиаторлық тәжірибесі бар. Оны Сириядағы мәселе бойынша Астана процесінен көрсек болады немесе Қарабақтағы Әзербайжан мен Армения арасындағы соғысқа байланысты екі елдің басын қосып бейбіт келісімдер жасасуына үлес қосу көріністеріннен байқауға болады. Ұйымға мүше мемлекеттердің ішінде Иранға салынған, Ресейге салынған санкциялар бар, жекелей алып қарайтын болсақ Қытайдың ондаған компанияларына санкция салынғанын жоққа шығара алмаймыз. Осыған қарап басым көпшілік аталмыш ұйымды антибатыстық ұйым ретінде қарастырғысы келеді. Алайда мен өз басым олай атамас едім. Себебі, ұйымға мүше мемлекеттердің өздерінің мүдделері бар. Соның ішінде Қазақстан да осы ұйым аясында мемлекеттік және ұлттық мүделелерін алға жылжытудың бір алаңы ретінде қарастырғысы келеді. Негізгі алаңы ретінде болмаса да, бір алаңы ретінде қарастыруға бейіл. Жалпы алғанда Шанхай ынтымақтастық ұйымының құрылыу мақсаты да ұйымға мүше мемлекеттердің арасындағы экономикалық, саяси-мәдени, қауіпсіздік салаларындағы әріптестікті, ынтымақтастықты арттыру болып саналады. Сондықтан біз бұл ұйымға мүше болу арқылы осы ұйцымның негізгі мүкіндіктерін пайдалана аламыз, - дейді саясаттанушы Асхат Қасенғали.

Ол қандай мүмкіндіктер дегенге келсек, ол бірінші ұйымның ішінде келісімдер жасау арқылы ұйымның демографиялық мүмкіндігін пайдалану. Ол дегеніміз Қазақстан осы ұйымға мүше мемлекеттерге өз өнімін сатуға тырысады.

Ұйымға мүше мемлекеттердің экономикасына және демографиясына назар аударсақ, мысалы әлем халқының 45 пайызына жуығы осы ұйымға мүше. Экономикалық тұрғыдан қарасақ әлемнің жалпы ішкі өнімінің 4/1 бөлігін немесе 25-26 пайызын құрайды. Бұл үлкен нарық. Сондықтан Қазақстан осы ұйымның аясында экономикалық бағыттарды дамыту деген келісімдерді жасап, сол арқылы өзінің экспорттық потенциялын арттыруға тырысады. Бұл бір. Екіншіден, осы ұйым арқылы еліміз қауіпсіздік тұрпғысында да қарастыратыны түсінікті. Бұл ұйым, әлбетте, әскери блок емес, дегенмен ұйымның қарастыратын құжаттары мен қаулылылары бар. Мәселен,  терроризм, экстремизм және сепаратизммен күрес, есірткі, адам саудасы, заңсыз қару-жарақ тасымалдау деген секілді мәселелерге назар аударады. Осы тұрғыда мемлекетіміз жаңа стратегияларды қабылдауды, бұл тұрғыда тәжірибесі мол ұйымға мүше мемлекеттермен ықпалдасуды қалайды. Самиттің аясында Қазақсттанның бастамашыл болуы арқылы терроризм, экстремизм және сепаратизмге қатысты стратегиялар қайтадан қабылданды. Себебі, осы уақытқа дейін қабылданған страгетиялардың біріншіден мерзімі өтті, екіншіден геосаяси шындық өзгеріп кетті. Жаңа әлемдік геосаяси келбетке қарап жаңа стратегия құрды. Одан бөлек кез-келген ұйымның даму жол картасы болатыны түсінікті. Осы саммитте тағы да еліміз бкастамашыл болып  ШЫҰ-ның 2035 жылға дейінгі даму стратегиясы қарастырылды. Бұл да маңызды, - дейді саясаттанушы.

Самиттің алғашқы күні Қазақстан мен Қытай арасында келіссөздер жүрді. Оның ішінде 31 құжатқа қол қойды. Басым көпшілігі меморандумдар, яғни, құжаттар салалық байланыстарды арттыруға бағытталған.

Мәселен, ақпарат саласындағы, туризмді дамытуға, ғылым-білімді, медицинаны дамытуға байланысты құжаттарға қол қойды. Бұл екі елдің арасындағы байланысты нығайтуға өз септігін тигізетін болады. Қазақстан экономикалық тұрғыдан Қытаймен тығыз байланысын жыл сайын күшейтіп келеді. Өткен жылы Қазақстанның басты экономикалық серіктесі болып, тауар анйламының көрсеткішімен есептейтін болсақ Қытай алдыңғы орынға шықты. Бұған дейін бұл көрсеткішпен Ресей болып келген еді. Осының өзі Қытайдың біздің экономикамызда қаншалықты рөл ойнайтынын айқындап берді. Қытай үшін, әрине, Қазақстан транзит аймағы. Себебі, Қазақстан арқылы Еуропаға тауарын тасымалдауға тырысады. Бір ғана мысал, Қытайдан Еуропаға жасалатын жерүсті транзиттік тасымалдың 85 пайызға жуығы Қазақстан аумағы арқылы өтеді екен. Екіншіден Қытай Қазақстанды азық-түлік қауіпсіздігі тұрғысынан қарастырады. Себебі, Қытай өзінің азық-түлік стратегиясына басты назар аударатын мемлекеттің бірі және бұл тұрғыда әлемнің 40-тан астам елімен келіссөздер жасасқан ел. Үшіншіден, энергетикалық қауіпсіздік. Қытай әлемдегі мұнай мен газды  ең көп тұтынушы ел ретінде Қазақстанмен де байланысын арттыруға бейіл. Қазақстан да өз өнімін Қытай нарығына шығаруды көздейді. Себебі, экономикасы мен демографиялық ахуалы жоғары. Сонымен қатар, тек Қытайға ғана емес Қытайдың порттары арқылы Оңтүстік Шығыс Азия елдеріне өз өнімдерін жеткізуге тырысады. Бұл екі жаққа да тиімді», - дейді Асхат Қасенғали.

Түйін: «Көпжақты диалогты нығайту – тұрақты бейбітшілік пен дамуға ұмтылу» ұранымен бастау алған саммит нәтижесінде қатысушы елдердің өкілдері бірқатар негізгі құжаттарға қол қойды. Келелі кеңеске 15 елден 25 делегация жиылған. Қонақтардың жалпы 10 мыңды құрады. Саммит алғаш рет "ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысы" және "ШЫҰ плюс" кездесулері форматында өтті. Кездесу барысында Астана декларациясы, 20 шешім, Мемлекет басшыларының 3 өтініші, оның ішінде "әділ бейбітшілік, келісім және даму үшін әлемдік бірлік туралы", "ШЫҰ-ны жетілдіру туралы" бастамасы қабылданды. Шанхай ынтымақтастық ұйымының бас хатшысы Чжан Мин саммиттің аяқталуына байланыс мәлімдеме жасап, Қазақстанның ШЫҰ-ға төрағалығы барынша өте мазмұнды және қызықты өткенін жеткізді.  «Бұл ұйымның қызметіне жаңа серпін беріп, ұйымның тарихындағы маңызды кезең болды. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты осы отырыстың және тұтастай алғанда ШЫҰ төрағалығының жоғары деңгейде сәтті өтуімен құттықтаймын, - деді ол. Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев конструктивті диалог үшін алғыс айтып, саммитті жапты. «Бүгін сіздер ұсынған ауқымды бастамалар Шанхай Ынтымақтастық ұйымы аясындағы жан-жақты ынтымақтастық пен тұрақты дамуға ықпал етеді деп ойлаймын. Конструктивті диалог орната білген сіздерге алғыс айтамын. Сөз соңында ұйымға төрағалық ететін ҚХР басшысы Си Цзиньпиннің жұмысына сәттілік тілеймін. Осымен Астанадағы Шанхай Ынтымақтастық ұйымының саммитін жабық деп жариялаймын», - деді Тоқаев.

Айта кетейік, дүние жүзі халқының 45%-ы (3 млрд-тан астам адам) тұратын ұйымға мүше он мемлекет жаһандық жалпы ішкі өнімнің шамамен төрттен бірін жəне əлемдік сауданың 15%-ын құрайды. Қазірдің өзінде ұйымға мүше елдердің экономикасы 4 пайыздан 9 пайызға дейін өсім көрсетіп отыр. Ал Ұйымға мүше мемлекеттердің сыртқы саудасы 8 триллион доллардан асқан. Бұл – әлемдік сауданың төрттен біріне тең. Енді келесі төрағалық Қазақстаннан кейін Қытайға ойысып, мәдени астанасы Алматыдан Чиңдаға ауысты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға