Жаңалықтар

Этностар бірлігін тереңдету – маңызды міндет

Этностар бірлігін тереңдету – маңызды міндет
11.08.2018 05:32 3026

Президенттің бес институционалдық реформасын жүзеге асыру мақсатында бекітілген «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев атап өткен ұзақ мерзімге негізделген бес реформаның ішінде этностар достығын тереңдетуге бағытталған «Біртектілік пен бірлік» атты бөлімнің маңызы зор деуге болады. Дәл осы маңызды бағыт бойынша бүгінде қандай жұмыстар атқарылып жатқанына тоқтала кетсек.

«Біртектілік пен бірлік» бағыты бойынша 85-қадамда «Мәңгілік Ел» париоттық актісі арқылы жалпыұлттық құндылықтарды қазақстандықтардың бойына сіңіріп, оны кеңінен насихаттау керектігі айтылған. Осыған орай ҚХА-ның ХХIV сессиясында «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық актісі қабылданғаны белгілі. Бұл акті біртектілік пен бірлікті нығайтуға бағытталған. Бұл құжатта еңбексүйгіштік құндылықтарын нығайту, тәуелсіздік, рухани құндылық, тарихты, тілді, мәдениетті сақтау және ұлттық қауіпсіздік, жалпыұлттық бірлік, бейбітшілік және келісім секілді жеті бағыт бар. Ал, «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының 87-қадамында азаматтық біртектілікті нығайту мақсатында «Менің елім» ұлттық жобасын әзірлеу туралы айтылған. Бұл қадамда технологиялық жобалар сериясын іске қосу қарастырылған.

Бір айта кетерлігі, тәуелсіздік алған жылдан бастап еліміздегі көптеген этностардың бірлігін нығайтуға, көпұлтты мемлекет ретінде ынтымағы жарасқан сипатты сақтап қалуда атқарылып жатқан жұмыстар өте көп. Ал, Елбасының тапсырмасымен 1 наурызда атап өтілетін Алғыс айту күнінің бекітілуі – тәуелсіздік алған жылдарда басымдық беріле бастаған ұлтаралық татулық пен этностар бірлігінің бүгінгі күні де маңызы артпаса, еш кемімегенін көрсеткендей болды.

Бүгінгі таңда мемлекет пен этномәдени бірлестіктер, ҚХА мен халықаралық ұйымдар арасында тығыз байланыс орнату мәселесі ерекше назарға алынған. Сонымен қатар, жақын болашақта мемлекеттік міндеттер атқару ісінде де этномәдени бірлестіктердің деңгейі артады деп күтілуде.

«Қазақстан – 2050» стратегиясын жүзеге асырудың негізгі факторы ретінде ғана емес, жалпы мемлекеттің дамуын алға сүйрейтін басымдықтардың бірі ретінде еліміздегі ұлттардың біртектілігі мен бірлігі өте маңызды орында десек, артық айтпаған болар едік. Бүгінгі таңда Қазақстанда бұл екі құндылықты нығайтуға бағытталған жиырмаға жуық нормативтік-құқықтық акті қолданысқа енгізілген. Сондықтан да болса керек, бұл бағыттағы барлық жұмысты үйлестіруші ретінде Қазақстан халқы Ассамблеясы бекітіліп, оның институттық рөлі күшейтілген. Тіпті, жыл сайын ҚХА Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа тікелей есеп беру тәжірибесінің енгізілгені де бұл бағыттардың мемлекеттік деңгейде өте маңызды орында екенін танытады.

«100 нақты қадам» Ұлт Жоспары аясында атқарылып жатқан шаралар мен қабылданып жатқан құжаттардың барлығы негізінен ел алдына қойылған биік мақсаттарды бағындырып, ата-бабаларымыз аңсап кеткен Тәуелсіздігімізді мәңгі етуге қызмет етеді. Себебі, біз дамыған отыз мемлекеттің қатарына қосылуымыз үшін біртектілік пен бірлік керек екені айтпаса да түсінікті.

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша assemblykz.2016@gmail.com мекен-жайына хабарласыңыз. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға