Жаңалықтар

«Еститін Үкіметтің» Атырауға қатысы жоқ – Мәжіліс депутаты

«Еститін Үкіметтің» Атырауға қатысы жоқ – Мәжіліс депутаты
Фото: t.me/mazhilis_kz 24.01.2024 13:45 856

«Еститін Үкімет» пен «Халық үніне құлақ асатын мемлекеттің» Атырауға қатысы жоқ. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Әділ Жұбанов  айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қаңтар айының алғашқы онкүндігінде Атырау облысында тұрғындармен кездесіп, сайлаушылардың талап-тілегін тыңдап қайттым. Қазіргі таңда атыраулықтардың шұғыл шешуді талап етіп отырған, бір ғана мәселесі бар – ол Атыраудың экологиясын жақсартып, халыққа лайықты өтемақы төлеу мәселесі. Парламент қабырғасына келген 9 айдың ішінде осы экология мәселесін үнемі көтеріп, жауапты министрлікпен бірнеше мәрте кездестім. «Еститін Үкімет» пен «Халық үніне құлақ асатын мемлекеттің» әзірге 70 000 атыраулықты еститін түрі жоқ, - деді Әділ Жұбанов.

Ол өңірдің экологиялық проблемаларын бірнеше бағыт бойынша қарау қажет деп отыр. Біріншіден, облыста мұнай және газ өндіруге байланысты. Атырау облысындағы қолайсыз экологиялық ахуал Теңіз кен орнында мұнай өндірудің өсуімен ушығып кеткен. Мәселен, 2022 жылы Атырау облысының атмосферасына 131 млн тонна ластаушы зат шығарылды. Ал атмосфераға ластаушы заттардың жыл сайынғы осындай шығарындылары өңірде онкологиялық аурулармен сырқаттану – 100 мың адамға шаққанда 144,7 жағдайға, нәресте өлімі – 1000 адамға шаққанда 9,83 жағдайға, бұл орташа республикалық көрсеткіштен 28,2%-ға жоғары деңгейде екен.

Екінші, «Азғыр» әскери-сынақ полигонының теріс әсері. «Азғыр» әскери-сынақ полигонына іргелес Азғыр, Сүйіндік және Асан ауылдық округтері орналасқан. Азғыр күмбезді тұз қабаттарындағы 11 алаңда 160-1500 метр тереңдікте қуаты 100 кг/тонна 17 жерасты жарылысы жүзеге асырылған. Полигонның жерлерінде, сондай-ақ өсімдіктердің органикалық құрамдарында радионуклидтердің мөлшері жоғарылатылған нормада. Бұдан басқа, ауызсуда ауыр металдардың (кадмий, таллий, қорғасын) мөлшері нормадан бірнеше есе асып түседі. Үшінші, «Тайсойған» полигоны 1952 жылы Атырау облысының Қызылқоға ауданында салынды. 40 жыл ішінде әрқайсысының массасы 5,3 тонна болатын 300-ге жуық баллистикалық зымыран сыналып, шамамен 100 км² аумақты ластады. Сонымен қатар, 24 жерасты ядролық жарылысы өткізілді. «Тайсойған» полигонының салдарынан Қызылқоға ауданында жыл сайын жергілікті тұрғындар арасында өкпе, жүрек, қан тамырлары ауруларының, онкологиялық аурулардың саны артып келеді», - дейді депутат.

Ал төртіншіден,  «Атырау мұнай өңдеу зауыты». Атырау қаласы атмосферасының өндірістік объектілермен, әсіресе Атырау мұнай өңдеу зауытымен ластануы қауіпті деңгейге жетті.1945 жылы салынған зауыт атмосфераны ластап, 400 мыңға жуық қала тұрғындарының денсаулығына үлкен зиянын тигізуде.

Қалыптасқан жағдайды талдау нәтижесі Атырау өңірі экологиялық қауіпсіздік деңгейі бойынша Қазақстанның басқа облыстарынан едәуір артта қалып отырғанын көрсетеді, - дейді ол.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға