автор: Сергей Алексеенок

Ескерткіш пен петроглифтің цифрлы көшірмесін жасау – келер ұрпаққа азық – Юрий Дорохов

23.01.2026 18:02

«Ұлттық цифрлық мұра» қоры құрылады. Бұл жай қор емес, ұлттың мәдени мұрасын бірізге түсіретін платформаға айналады.  Президент құрылтайда цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясындағы мұндай бастама тарихи мұрамызды сақтап, оны терең зерделеуге жол ашатынын атап өтті.

 «Петроглиф іздеушілер» қорының еріктілері мемлекет басшысының бастамасына, мәдени мұраны цифрландыру ісіне қызығып отыр. Мысалы, олар биыл да біраз тың дүние тапқан. Былтыр 27 экспедицияға шығып, Алматы, Жамбыл мен Жетісу облысында петроглифтердің 11 жаңа шоғырын анықтаған. Бұрын белгісіз болып келген ерте темір дәуірі мен түркі кезеңіне жататын ондаған қоныс пен қорымды тапқан. XVIII-XIX ғасырға тиесілі қазақтың оннан астам рулық зиратын тауып, зерделеген. Қор өкілдері әріде осының бәрі цифрланып, халыққа қолжетімді болғанын қалайды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Қазақстанды «петроглифтер елі» деп атап, бұл таңбаларды дала өркениетінің мыңжылдық шежіресі ретінде сақтау қажетін айтқан-ды. Соның арқасында Талдықорғандағы «Қызылтас» ескерткішін сақтап қалдық. Біз қанша күрес жүргізсек те, құрылыс компаниясы алған бетінен қайтпады. Артынша президент осы мәселені көтерген соң, кері шегінді. Қызылордада өткен құрылтайда да мәдени мұраны сақтап, жаңғыртудың жолын көрсетті. Қаратаудағы,  Қызылорда облысындағы Сауысқандық шатқалын, Түркістан облысындағы «Арпаөзенді» атап өтті. Сол үшін мемлекет тарихи-мәдени мұраны сақтап қалуға бел шеше кірісті деп үміттенеміз. Біз де қолдан келгенінше көмек көрсетуге дайынбыз, – деді «Петроглиф іздеушілер» қоры өкілі Юрий Дорохов.

Юрий Дороховтың жеке мұрағатынан

Еліміздің рухани-мәдени мұрасын әлемге таныту туралы жоспарлы жұмыс жүріп жатыр. Мысалы, «Хандар шежіресі» қолжазбасы ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» деректі мұралар тізіміне енген.   Сондай-ақ президент Абайдың «Қара сөздерін» де ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» деректі мұралар тізіміне енгізуді тапсырды.

Тарихи-мәдени мұраны цифрландыру – маңызды әрі кезек күттірмейтін іс. Еліміздегі жеткілікті деңгейде зерттелмеген әлемдік маңызы бар бірқатар ескерткіш бар. Аталған нысандар елдің өзге өңіріндегі зерттеушілер үшін де, шетелдік мамандар үшін қолжетімсіз. Меніңше, цифрландыру, яғни цифрлы көшірме моделін жасау, 3D нысандар жасау осы мәселені шешуге мүмкіндік береді, – дейді Юрий Дорохов.

Юрий Дороховтың айтуынша,  сәулет ескерткіштеріне, петроглифтері бар жартастардың мүжілуіне адами фактор ғана емес, табиғи фактор да әсер етеді.  

Уақыт ештеңені аямайды. Артефактілердің цифрлық сипаттамасы мен цифрлық көшірмесін жасау  арқылы келер ұрпақ толық мәлімет алады.  Әлемнің көптеген елдерінде археологтар мен тарихшылар  бұл бағытта белсенді жұмыс істеп жатыр. Бізде де мәселе көтеріп, бастаманы жолға қойғанына қуаныштымын, – дейді ол.

ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізіміне  ұсыну керек:   

  • Маңғыстаудың жерасты мешіттерін;
  • Жаркенттегі шегесіз, таза ағаштан салынған мешітті;
  • Алматыдағы Вознесенск кафедралды шіркеуі;
  • Қаратаудағы петроглифтерді (төрт мыңжылдық тарихы бар);
  • Сауысқандық шатқалындағы петроглифтерді (Қызылорда облысы);
  • Арпаөзендегі петроглифтерді (Түркістан облысы).

Президенттік кітапхана бой көтереді

Президенттің айтуынша, жуырда Астана мен Алматыда Президенттік кітапхананың құрылысы басталады. Бұл нысан тек кітаптар жиналған жер емес, қазақтың тарихын, мәдениеті мен өркениетін дәріптейтін орталыққа айналады.

Цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект қарқынды дамыған сайын ұлттық бірегейлігімізді нығайту өзекті бола түседі. Төл тарихы мен мәдениетін электронды форматқа көшіріп, оны жаһандық цифрлық өркениетке қосқан елдер ғана ұлттық болмысын сақтап қалады. Мұны жаңа дәуірдің талабы деуге болады. Түптеп келгенде, бұл – жұртымыздың идеологиялық дербестігіне және болашағына тікелей қатысты мәселе, – деді президент.

«Ұлттық цифрлық мұра» қорының міндеті

«Ұлттық цифрлық мұра» қоры  халықтың жады мен ғылым-білімін жинақтайды. Ғылыми еңбектерді, мұрағат материалдарын, мұражай қорларын және өнер туындыларын жүйелейді.