Жаңалықтар

Есірткінің заңсыз айналымына қатысты 420 қылмыс анықталды

Есірткінің заңсыз айналымына қатысты 420 қылмыс анықталды
Фото: polisia.kz 27.02.2023 19:00 2157

Биыл есірткінің заңсыз айналымына байланысты 420 қылмыс анықталды, оның ішінде 265 өткізу және 76 заңсыз сақтау фактісі. Заңсыз айналымнан 755 келі есірткі, оның ішінде 270 келі марихуана, 93 келі гашиш және 105 келі синтетикалық есірткі тәркіленді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Есірткі бизнесінің ұйымдасқан түрлеріне қарсы іс-қимыл бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. 1 ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметі тоқтатылды. ҚР ҚК-нің 262-бабы 1-тармағы (ҰҚТ ұйымдастыру және қатысу) бойынша қылмыстық іс қозғалып 8 қатысушысы қылмыстық жауапкершілікке тартылды, 85 келіден астам есірткі тәркіленді.

Синтетикалық есірткінің заңсыз айналымының жолын кесу бойынша тұрақты негізде іс-шаралар өткізіледі. Жыл басынан бері 7 нарколаборатория жойылып, пайдалануға дайын 90 келіден астам есірткі және 1,5 тоннадан астам прекурсорлар тәркіленді. Трансшекаралық есірткі топтарына қарсы күресті күшейту мақсатында шекаралас мемлекеттердің құзыретті органдарымен тығыз ынтымақтастық жалғасып жатыр.

Есірткі өндірісінде қолданылатын прекурсорлар мен басқа да ингредиенттерді жеткізу арналарын анықтау бойынша бірлескен іс-шаралар қабылданып жатыр. ЕҚҚІД тарапынан күн сайын елдегі есірткі ахуалына мониторинг жүргізіліп, оның ішінде интернет желісін пайдалану арқылы жасалатын қылмыстар ерекше назарда.

2022 жылы “Кибернадзор” АЖ арқылы 1996 есірткі сайтының жұмысына шектеу қойылып, оның 1493 бұғатталды. Ағымдағы жылдың басынан бастап 179 интернет парақшалары мен сайттар шектеуге жіберіліп, 69 бұғатталды. Ақпараттық технология озған заманда көштен қалуға әсте болмайды. Сондықтан, полиция өз жұмысына ІТ технологияларды жаппай енгізіп отыр.

“Қазақстан Республикасында нашақорлықпен және есірткі бизнесімен күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарына” сәйкес, аумақтық ЕҚҚІБ заңсыз контентті анықтау үшін кең жолақты интернетке қосылған заманауи аппараттық-бағдарламалық кешендері енгізіліп жатыр. Есірткі диллерлері OLX, HeadHunter сияқты жарнама сайттарында жастарды “бай боласың” деген желеумен есірткі жасыру жұмысына баурап алады. “Аз уақытта ақшаға көмілесің”, “кез-келген уақытта бұл бизнестен шыға аласың” деп желпіндіреді. 2022 жылы есірткі тасымалдаумен, оны жасырумен және сақтаумен айналысқан кәмелетке толмаған 25 жасөспірім ұсталды. Балалықпен, білместіктен мұндай қадамға барды деп ақтауға болатын шығар, бірақ заң – барлығына ортақ. Қылмыстық жауапкершілік 14 жастан басталады. Есірткі сақтағандарға, оны таратумен айналысқандарға жаза ауыр. Қылмыстық кодекстің 296, 297 бабтарына сәйкес, 3 жылдан өмір бойына дейін бас бостандығынан айыру көзделген. Сондықтан, ата-аналар балаларыңыздың немен айналысатынын, кіммен араласатынын үнемі тексеріп, бақылап отыру керек.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға