Жаңалықтар

Есірткі заттарына қатысты талапты бұзған 41 медицина қызметкері жазаланды

Есірткі заттарына қатысты талапты бұзған 41 медицина қызметкері жазаланды
Фото: © Polisia.kz 01.08.2023 01:31 863

Ішкі істер органдары өткізетін “Дәрмек” жедел-профилактикалық іс-шарасы аяқталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Оның мақсаты – есірткі құралдарының, психотроптар мен прекурсорлардың заңды айналымы саласындағы құқық бұзушылықтарды анықтау, есірткі дәріханаларының заңсыз саудасы фактілерін анықтау, синтетикалық есірткі өндіруге арналған прекурсорларды өткізудің жолын кесу болды. 

Операцияның 5 күнінде қылмыстық теріс қылық болып табылатын есірткі, психотроптық немесе улы заттармен жұмыс істеу қағидаларын бұзу бойынша 28 дерек және 193 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Әкімшілік жауапкершілікке 193 адам тартылды, оның ішінде 41 медицина қызметкері. 

8,8 мың таблетка мен 7,4 мың ампула есірткі, 28 мың таблетка және 8,2 мың ампула психотроптық заттар тәркіленді. Заңды тұлғалардың қызметіне жүргізілген тексерулер нәтижесінде лицензиялау нормалары мен техникалық нығайту талаптарының бұзылуына байланысты шамамен 3,2 мың тонна прекурсорлар мен 459 тонна улы заттардың айналымы шектелді. 

“Дәрмек” іс-шарасы есірткі айналымы саласындағы кәсіпкерліктің барлық дерлік субъектілерін қамти отырып, бүкіл республика көлемінде бір мезгілде өтті. Бұл – медициналық мекемелер, дәріханалар, қоймалар, өнеркәсіптік кәсіпорындар және басқа да объектілер.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға