Жаңалықтар

Есірткі сатқан Батыс Қазақстан облысының тұрғыны 11 жылға сотталды

Есірткі сатқан Батыс Қазақстан облысының тұрғыны 11 жылға сотталды
Фото: polisia.kz 28.03.2023 16:27 781

Батыс Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының шешімімен облыстың 29 жастағы тұрғыны аса ірі мөлшерде есірткі сатқаны үшін 11 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Полицейлер анықтағандай, 2022 жылдың жазында күдікті Telegram мессенджеріндегі арнаға тіркеліп, есірткі сатуды жоспарлаған. Бұл әрекетін жүзеге асыру үшін ол бір әлеуметік желіні пайдаланушымен байланысып, Орал қаласында есірткіні заңсыз өткізу туралы келісім жасасқан.

Қылмыстық ниетін орындау мақсатында өзінің “кураторынан” қосымша арқылы 100 мың теңге алып, пәтер жалдап, есірткіні буып-түюге және салмағын өлшеуге арналған электронды таразы, зип-пакеттер, түрлі түсті изолента мен скотч сатып алған. Әрі қарай есірткі жасыру орындарының координаттарын алып, тыйым салынған заттарды жасырып кеткен. Содан кейін ол жалға алған пәтеріне оралған. Жедел іс-шаралар барысында облыстың есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жөніндегі қызметкерлері күдіктіні пәтерге жақын жерде ұстады. Ол өзімен бірге болған есірткі салынған пакетті лақтырып, жасырынбақ болған. Сараптама қорытындысына сәйкес алынған заттар синтетикалық есірткі “мефедрон” болып шықты. Салмағы шамамен бір келіні құрады.

Сот есірткі сатушыны кінәлі деп танып, 11 жылға бас бостандығынан айырды. Айта кетейік, биылғы жылдың екі айында полицейлер елімізде интернет арқылы есірткі таратумен айналысқан 77 адамды ұстады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға