Жаңалықтар

«Есірткі беріп, топтасып зорлаған»: Ақтауда зәбір көрген қыз 9-қабаттан секіріп кетті

«Есірткі беріп, топтасып зорлаған»: Ақтауда зәбір көрген қыз 9-қабаттан секіріп кетті
Фото: © Freepik.com 08.01.2025 16:39 2617

Ақтауда ер адамдардан зәбір көрген бойжеткен 9-қабаттан секіріп кеткен, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Жантүршігерлік жайт туралы НеМолчи.kz қоры мәлімдеді.

Жазбадағы мәлімет бойынша, мереке қарсаңында марқұмның ағасы келген болатын. Қыз спортшы әрі фитнес-тренер болған. 14 мамыр күні жұмыстан соң үйіне жалғыз қайтып бара жатқан қызды бірнеше ер адам ұрып-соғып, күшпен көлікке отырғызған. Көзін байлап, оны қорқытып, түні бойы жанармай құю бекеті маңында ұстаған. Көліктегі зорлаушылардың бірі қызға қинап мефедрон берген. Оның әйелі, баласы бары анықталды. Сорақысы, адамтөзгісіз ұятсыз бейнежазбалар көруге мәжбүрлеп, бірнеше рет зорлаған. Таңға жуық жәбірленушіден онлайн банк арқылы 2 миллион теңге несие алдыртқан. Ер адамдардың бірі болған жайтты ешкімге айтпауын ескертіп, қызды қорқытып, қалаға тастап кеткен.

Басты зорлаушыға прокурор өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын сұрады. Қалған төртеуіне – 15-16 жыл. Тергеу және прокуратура оларды кінәлі деп таныған баптар: 120, 121, 105, 299, 296, 126, 125, 194.  Бұл баптар: зорлау, сексуалдық сипаттағы күш қолдану, өзін-өзі өлтіруге жеткізу, есірткі қолдануға мәжбүрлеу, есірткіні заңсыз айналымға шығару, заңсыз бас бостандығынан айыру, адам ұрлау, бопсалау. Бірақ сот барысында судья Досетов Иниятулла Раушанбекұлы (@jogargy_sot) айыптарды қайта саралады. Негіздемесі: қыздың өзі терезеден секіргені, ал оның өлімі ұрлау, соққыға жығу, зорлау немесе есірткіні мәжбүрлі түрде қолданудан болмағаны, - делінген жазаба.

Қыз 9-қабаттан секіріп, үш күннен кейін қайтыс болды. Осылайша, әрбір қылмыскердің әрекеттеріне берілген баға өзгертілді.

Бұл ретте бес қылмыскердің төртеуі бұрын сотталған адамдар екенін ескерсек, олардың әрекеттері қайталанған қауіпті қылмыс деп танылған. Қыздың отбасы апелляциялық шағым түсірді. Олар мұндай қорқынышты, адамшылықтан жұрдай қылмысты жасаған есірткіге тәуелді рецидивистерге әділ үкім шығарады деп шын жүректен сенген. Бірақ нәтижесінде: бес қылмыскердің төртеуі 3-4 жыл ішінде шартты түрде мерзімінен бұрын босатылуы мүмкін,- делінген жазбада.

НеМолчиKZ бұл істі Бас прокуратура назарына алуды сұрайтынын жазған. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға