Есіл өзенінде "Таза су айдындары" акциясы өтті
Акция экологиялық дүниетанымды қалыптастыруға, табиғатқа жанашырлықпен қарауды насихаттауға бағытталып отыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Жыл сайын дәстүрге айналған «Таза су айдындары» акциясы су айдындарын тазарту және жағалау аумақтарын жинау, сондай-ақ балық ресурстарын сақтау және балықтардың уылдырық шашуы үшін қолайлы жағдайлар жасау мақсатында өткізіледі. Шараға балық шаруашылығы комитетінің өкілдері мен инспекциясы, оқу орнының студенттері мен оқушылары және ТЖ департаментінің қызметкерлері атсалысты.
ЭТРМ балық шаруашылығы комитеті төрағасының орынбасары Аян Бахияновтың айтуынша, аталмыш акция әр жыл сайын өткізіліп келе жатыр. Балық шаруашылығы комитетінің бұйрығымен 1 наурыз бен 31 мамыр аралығында еліміз бойынша балық шаруашылығы су айдындарында «Таза су айдындары» табиғат қорғау акциясын өткізу бекітілген. Соның аясында бүгінгі іс-шара ұйымдастырылып жатқанын тілге тиек етті.
Өңірлердің ауа райы-климаттық ерекшеліктеріне байланысты Түркістан, Қызылорда, Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан, Алматы, Жамбыл және Жетісу облыстарында «Таза су айдындары» табиғат қорғау акциясы осы жылдың 1 наурызда, ал Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Ақтөбе, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Абай және Ұлытау облыстарында 15 сәуірден басталды. Акцияның маңызы зор. Жастарды тарта отырып, табиғатты қорғауға үйрету, – дейді Аян Бахиянов.
Сондай-ақ, ол бұл шараға оқу орындарының студенттері мен оқушылар да өз үлесін қосуға келгенін айтты.
Акцияға атсалысуға С.Сейфуллин атындағы аграрлық университеті мен дарынды балаларға арналған қазақ-түрік лицей интернатының оқушылары, студенттер және Ақмола мен Астана қаласының табиғатты қорғау, балық шаруашылығының инспекциясы қатысып отыр. Еліміз бойынша акция төңірегінде 150 тоннадан астам тұрмыстық қатты қалдықтар жиналып, сыртқа шығарылды», – деді ол.
Бүгінде балық шаруашылығы комитетінің құзырында сегіз ірі өзен бассейні бар. Қазақстан бойынша балық шаруашылығы су айындарын тазарту және бақылау жұмыстарын қадағалайды.
Еліміз бойынша 3 мыңнан астам балық шаруашылығы су айындары бар. Олар өздеріңіз білетіндей Каспий, Арал теңізі және бұдан бөлек ірі су қоймалары Шардара, Бұқтырма тағы басқалары. Бұл су қоймалары мен айдындар балық шаруашылығы бойынша маңызды рөл атқарады. Сол себепті су айындарын тазарту жұмыстары көктем айынан бастау алады. Жыл сайын бекітілген учаскі бойынша су айындарына балық шабақтары жіберіледі. Олардың қауіпсіздігі біз үшін өте маңызы болғандықтан, осындай акция жыл сайын жалғасын тауып жатыр, – дейді балық шаруашылығы комитеті төрағасының орынбасары Аян Бахиянов.
Ал Есіл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының басшысы Нығмет Қауашевтің сөзінше, Есіл өзені олардың құзыретіне қарайды.
Балық шаруашылығы комитетінің ұйымдастыруымен осы шараға қатысып отырмыз. Шараның басты мақсаты – табиғатқа дұрыс қарау, қорғау және сақтау сияқты жұмыстарды іске асыру. Жас буындарды шараға тартып, оларға үлгі көрсету. Жыл сайын қатысамыз. «Таза су айдындары» табиғат қорғау акциясы сәуір айының 15-нен мамыр айының 31-іне дейін жалғасады. Есіл өзені сияқты бекітілмеген су айдыны мен жалға алған су айындары бар. Жалға алған су айдынын тазалау жұмыстары жалға алушылардың өз құзыретінде, – дейді балық шаруашылығы инспекциясының басшысы Нығмет Қауашев.
Ауқымды акцияға оқушылар мен студенттер де атсалысты. Мәселен «Білім-инновация» лицей-интернатының оқушысы Арай Жиенбай табиғат тазалығы үшін осы шараға қатысып жатқанын айтты.
Біз қаламыздың және табиғатымыздың таза болғанын қалаймыз. Өзеннің маңын күл-қоқыстардан тазартып, жинауға сегіз оқушы болып келіп қалдық. Биыл акцияға бірінші рет қатысып жатырмыз. Осы жұмысты бұдан былай жалғастыруға ниеттіміз. Қаламыздың тазалығы біз үшін өте маңызды, – дейді «Білім-инновация» лицей-интернатының оқушысы Арай Жиенбай.
Сондай-ақ, Ажар Айбек аталмыш оқу орнының 9-сыныбында оқиды. Акцияға қатысу арқылы қаланың және табиғаттың тазалығы үшін әрдайым көмек қолын соузға дайын екенін білдірді.
Үлкен іс кішкентай қадамнан тұрады, демекші аз болса да көмегімізді тигізіп жатырмыз. Осындай жұмысқа атсалысып жатқаным үшін өте қуаныштымын, – деді белсенді оқушы Ажар Айбек.