Есік қаласында бірнеше сауда орталығы өртке оранды
Фото: © El.kz
Фото: © El.kz
24.12.2023 12:27
1008
24 желтоқсан сағат 03:35-те Алматы облысы ТЖД кезекші бөліміне Еңбекшіқазақ ауданының Есік қаласында Фрунзе және Алматы көшелерінің қиылысында алапат өрт болып жатқаны туралы хабарлама келіп түскен, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Алматы облысы ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, билбордтар, жиһаз сататын сауда үйінің және "Со склада" азық-түлік дүкені павильондары өртеніп, от "Пассаж" сауда үйінің шатырына, одан әрі "Шамшат" сауда үйіне ұласқан.
Өрт орнына дереу ТЖД күштері мен құралдары жіберілді.
Оқиға орнына алғашқы болып жеткен өрт сөндіру бөлімшелері сағат 03:40-та "Пассаж" сауда үйінің павильондары, дүкендері мен шатыры отқа орану фактісін тіркеді. Сонымен қатар, жақын маңдағы бөлімшелердің күштері мен құралдары шақырту бойынша оқиға орнына тартылды. Өрттің үлкен аумаққа таралуының себебі - өрт туралы хабардың кеш берілуі. Қабылданған шаралардың арқасында сағат 06:20-да өрт оқшауланып, сағат 07:40-та толықтай жойылды. Өрттің жалпы ауданы 1958 шаршы метрді құрады, - деді Алматы облысы ТЖД баспасөз қызметі.
Жақын маңдағы "Халифа" сауда үйіне, киім қоймасына және жиһаз дүкеніне оттың ұласуына жол берілмегені де нақтыланады.
Құрбандар мен зардап шеккендер жоқ.
Өрттің себебін анықтау үшін Алматы облысы ТЖД анықтау бөлімінің және сынақ өрт зертханасының бастықтары оқиға орнында болды.
Өртті жоюға Алматы облысы ТЖД-ның 34 қызметкері мен 11 техникасы, жол патрульдік қызметінің 6 қызметкері, 3 техникасы және жедел медициналық жәрдем бригадасының 2 техникасы жұмылдырылды, - делінген хабарламада.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Алаяқтар Смайыловтың атынан жалған мәлімдеме таратуда
Келесі жаңалық
Каспийдегі итбалықтардың қырылуы: шығын көлемі анықталды