Жаңалықтар

«Ешқашан бұғып қалған емеспін»: ең жас вице-министр болған Тамабек есеп берді

«Ешқашан бұғып қалған емеспін»: ең жас вице-министр болған Тамабек есеп берді
Фото: facebook.com/tamabek.abilhaiyr 09.02.2024 12:08 1536

Жақында ғана ауыл шаруашылығы вице-министрі қызметінен кеткен Әбілхайыр Тамабек екі жылда атқарылған жұмысын қорытындылады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бұрынғы вице-мнистр осы уақыт аралығында мол тәжірибе жинағанын, еліміздің түкпір-түкпіріндегі шаруалардың жағдайымен танысқанын алға тартты.

Тамабек ашықтық принціпін ұстанғанын, шаруалардың қордаланған мәселелерін шешуге атсалысқанын тілге тиек етті.

  • ЖЫЛЫЖАЙ. Соңғы жылдары 250 гектарға жуық жылыжай орны жабылған. Ол дегеніміз – 400-ден аса жылыжай, мыңдаған адамдардың тағдыры. Негізгі себеп - электр және жылу энергияларына кететін шығынның көптігі, ал оған мемлекеттік қолдаудың болмауы. Жылыжайшылар үшін шығынның бір бөлігін өтеу үшін гектарлық субсидиялау енгізіліп, жыл соңынан бастап шаруалар субсидияларын алып жатыр.
  • МАҚТА. Былтыр мақтаның бағасы болмай біраз дау туындағаны естеріңізде шығар. Ол, әрине, Ливерпуль биржасындағы бағаға тәуелді. Сонда мәселе енді туындағанда тез шешілу үшін мақташыларға өнімдерін зауыттарға өткізгендегі субсиядиялау механизмін әкімдік құзыретіне беріп қойдық. Дау туындады - әкімдік қолдағы мүмкіндікті пайдаланды. Мәселе шешілді.
  • ЖЕР ҚАЙТАРУ. Былтыр жыл басынан бері 10 миллион гектар жер қайтарылды. Оның ішінде игерілмей жатқаны бар, заңсыз алынғандары бар. Бұл нәтижеге жету үшін ондаған нормативтік құқықтық актілерді қабылдау, тексерісті мораторийден алып тастау, сотқа талап-арыздар беру сияқты көптеген көзге көріне бермейтін жұмыстар жатыр.
  • ЖЕРДІ ӘДІЛ БӨЛУ. Осы уақытқа дейін бірнеше рет айтқанмын. Жер әділ бөлінбей 100 миллион гектар жер қайтарсаң да оның қайта тура сол адамдардың қолына өтуі түкке де тұрмайды. Сол үшін жер беру конкурсын екі кезеңге бөлу туралы шешім қабылдадық. Бірінші кезеңде осы уақытқа дейін жер алмаған, жаңадан кәсіп бастасам дейтін азаматтар арасында конкурс жүргізіледі. Бұл кезеңге жүріп тұрған шаруашылықтар, жері бар азаматтар қатыса алмайды. Егер де бұл кезеңде ешкім қатыспаса, жер учаскесі келесі кезеңге шығарылады. Аталған ереже жақын уақытта бекітіледі.
  • ШЕКТІ МӨЛШЕР. Қанша қиын болғанына қарамастан, латифундистар Парламент төрінде қанша қыспаққа алғанымен, бір тұлғаға берілетін жердің ең жоғарғы шекті мөлшерін белгіледік. Жеке тұлғалар үшін - 35 мың, заңды тұлғалар үшін - 51 мың гектар. Бұрынғыдай жүз мыңдаған, алды миллиондаған гектарға дейін баратын жерді ешкім иемдене алмайды. Кейбір азаматтардың «өкпесі» қысылып, қалай соқтығарын білмей жүрген себебінің бірі де осы.
  • ЖАЙЫЛЫМ ТАПШЫЛЫҒЫ. Жұмыс істемей тұрған «Жайылым туралы» заңды да қайта қарастырып, елді мекен тұрғындарын жайылым жермен қамтамасыз ету мақсатымен біршама өзгерістер жасадық. Мәжілістің екі оқылымынан өтіп, Сенат қарауында жатыр. Бұйырса осы айда екі оқылымға бірден шығарылып, қабылданады деп сенемін.
  • ТОЗҒАН ТОПЫРАҚ. 90 миллион гектар тозған жерлер өте үлкен мәселе. Болашақ ұрпаққа аманатты дұрыстап тапсыру үшін «Жерлерге қарап-зерттеу жұмыстарын жүргізу мемлекеттік институты» Республикалық мемлекеттік кәсіпорнын құрдық. Оған Министрліккек қарасты агрохимиялық қызмет, гидро-геологиялық мелиоративті экспедицияларды біріктіру жоспарын жасадық. Биыл бір облыстан пилоттық жобада жер иелеріне жер туралы алғашқы мәліметтерін беріп, жерге жаны ашымайтын азаматтардан жерді қайтарып алу туралы шешім қабылдадық. Бұл жұмыстың келешек үшін пайдасы орасан болатынын сенімім мол.
  • ЖАНАР ЖАҒАРМАЙ. Осы жанар-жағармайдың дұрыс бөлінбеуінен де талай азаматтар істі болып, қазір қамауда жатыр. Шаруаның да, мемлекеттік қызметшінің де басын бәйгеге тікпес үшін барлық процедураларды цифрландырып, электронды платформа әзірледік. Жарты жылдан бері жүйелі жұмыс жасап келеді.

Сонымен қатар бұрынғы вице-министр 7 заң жобасын Парламенттен өткізіп, 100-ден аса нормативтік құқықтық актінң қабылдануына тікелей атсалысқанын еске салды.

Талаймен тартысып жүріп, біреулердің ыңғайына жасалған за нормаларын өткізбеуге де үлес қосқан.

Өтірік айтсам әріптестерім куә, қаншама адамның «ыңғайына арнайы дайындалған» заңдық нормаларды қырқысып жүріп өткізбедім. Әр істі атқарғанда көпшіліктің, халықтың, мемлекеттің мүддесін жоғары қойдым.

Халыққа, БАҚ-қа қолдан келгенше ашық болдым. Ешқандай жерде басымды алып қашып, бұғып қалған емеспін, - деді ол.

Тамабек осы аралықта қолдау көрсеткен адамдарға алғысын жеткізіп, ел игілігі үшін әлі де қызмет ете беретінін айтты. 

Айтпақшы, Әбілхайыр Тамабек Жамбыл облысы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалды. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға