«Ешкімге есеп беруге міндетті емеспін». Әлназарова ұшақтағы жағдай туралы
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова ұшақ бортында көрсеткен медициналық көмегіне күмән келтіргендерге пікір білдірді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Бұған дейін Астана-Алматы бағытындағы КС 622 рейсінде өзін жайсыз сезінген жолаушыға министр алғашқы медициналық көмек көрсеткені хабарланған. Оқиғаның видеосы кейін әлеуметтік желілерде кеңінен тарады.
Парламент Мәжілісінде журналистер сұрақтарына жауап берген Әлназарова оқиғаға байланысты қажетсіз күмән тудырып жүргендер бар екенін айтты.
Өкінішке қарай, бұл жайтты әлеуметтік желіде шынайылығына күмән келтіріп жатқандар бар. Мұндай жағдайға алғаш рет тап болып тұрған жоқпын. Жолаушының денсаулығы нашарлаған соң, қан қысымы көтерілгеніне байланысты алғашқы көмек көрсетілді. Бәрін телефонға түсіріп, желіге жүктеген басқа жолаушылар, - деді министр.
Ол кез келген дәрігер мұндай жағдайда көмектесуге міндетті екенін атап өтіп, медицина қызметкерлерінің өздерін жарнамалауға мұқтаж емес екенін жеткізді.
Бұл әрекетке күмәнмен қарауға еш негіз жоқ деп санаймын. Әркім өз ойын айтуға құқылы, оған ықпал ете алмаймын. Мен сол сәтте өзімнің кәсіби борышымды орындадым. Ешкімнің алдында ақталатын жағдайым жоқ, - деді Әлназарова.
Айта кетейік, ұшақ бортында өзін жайсыз сезінген жолаушы - танымал журналист Гүлмира Әбіқай екені анықталған еді.

