Жаңалықтар

Ешкім білмейтін спорт түрлеріне қаржы бөлуді қашан тоқтатамыз? - Ерлан Сайыров

Ешкім білмейтін спорт түрлеріне қаржы бөлуді қашан тоқтатамыз? - Ерлан Сайыров
Фото: t.me/mazhilis_kz 13.11.2024 11:20 406

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Мәжіліс депутаттарының назарына «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне дене шынықтыру және спорт, сондай-ақ нормалардың артық (шамадан тыс) заңнамалық регламенттелуін болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстырды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров министрге сауал жолдап, елімізде тіркелген 180 спорттың бәрін қаржыландыру мәселесі ақылға қонымсыз екенін атап өтті.

Қазақстанның спорт саласында логикаға сәйкес келмейтін қадамдар мен шешімдер өте көп. Сол қадамдардың біреуі – осы Туризм және спорт министрлігінің Қазақстанда 180 спорт түрін тіркеуі. Мысалы, пенчак-силат, биатл, триатл,  текбол, унифайт деген ешкім білмейтін спорт  түрлерін тіркеп, оны бюджеттен қаржыландырудың қажеті қанша деген сұрақ туады. Ұлыбританияда тек қана 15 спорт түрі тіркелген, біздің көрші Өзбекстанда 17 спорт түрі тіркелген. Германияда 17 спорт түрі бар. Ал Қазақстанда 180 спорт түрі тіркелген, бұл енді не мырзалық? Заң аясында спорт түрлерінің тағдыры қандай болады? Ешкім білмейтін спорт түрлеріне қаржыны бөлуді тоқтатамыз ба, жоқ па?, - деп сұрады депутат.

Ал министр Ербол Мырзабосынов 180 спорт түрінің 60-қа дейін қысқартылғанын түсіндірді.

Бүгінгі спорт саласындағы өзекті мәселелердің бірі. Халықтың көкейіндегі сұрақ. Сондықтан заң аясында 180 спорт түрлерінің ішіндегі басым спорт түрлерін анықтау жұмысы жүріп жатыр. Олимпиада, паралимпиада, сурдолимпиада, Азия ойындарына кіретін спорт түрлері мен ұлттық спорт түрлерін басым спорт түрі ретінде бекітеміз. 60-қа жуық спорт түрі болады. Министрлік тарапынан, мониторинг тобы құрылған. Бүгінгі таңда әр өңірде саралап, анализ жасалып жатыр. Бұл 60 спорт түрін бір өңірде ғана дамытпай, әр өңірдің географиялық орналасуына, тарихына, жаттықтырушылардың мектебі мен инфрақұрылымға байланысты әр өңірде басым спорт түрін бекітеміз, - деді Туризм және спорт министрі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға