Жаңалықтар

Ешқашан Алматыда тұрамыз деп ойламаппыз

Сұхбат
11.08.2016 12:36 4073

МИРАС ПЕН ҚҰРАЛАЙ:

                           Ешқашан Алматыда тұрамыз деп ойламаппыз

Ешқашан Алматыда тұрамыз деп ойламаппыз

Кезінде сіздер Ақтөбеде абыройлы қызмет еттіңіздер, онда қалыптасқан орталарыңыз, үй-жайларыңыз болды.  Бір сәтте бәрін тастап, Алматыға келулеріңізге не себеп болды?

Мирас:

- Мен мың түс көрсем де, ешқашан Алматыда тұрам деп ойламаппын. Себебі, мен консерваторияда оқып жүргенде мұнда бірде-бір туысым, танысым болмады. Ақтөбеде әке-шешем мен бауырларымның үй-жайы, жеке шаруашылығы болды. Оның үстіне, мен де туған жерімнен алысқа ұзағым келген жоқ. Оқу бітірген соң, Құралай екеуміз отау құрып, Ақтөбеде ата-анамызбен бірге тұрдық. Жеті жылдай  сондағы  Ғ. Жұбанова атындағы облыстық филармонияда,  А. Жұбанов атындағы музыкалық колледжде және педагогикалық институтта қызмет еттік. Ақтөбеде бізді бәрі танитын, атақ-абыройдан да кенде болған жоқпыз. Алматыға келеміз деп мүлдем ойламаппыз.

Бір тойда бізге «Нұр-мұқасан» дуэтіндегі Мұқасан кездесіп қалып, «дауыстарың бар, түрлерің келісті. Неге Алматыға келмейсіңдер?» деп ұсыныс айтты. Құралай екеуміз ойланып қалдық. Содан бір күні тәуекел етіп, Алматыдан бір-ақ шықтық. Мұқасан бізді күтіп алып, Бағлан Омаровпен таныстырды. Бағлан ағамыз бізге «Асыл жарым» деген әнді ұсынды. Оған осы әнді Ерлан Нұрманғалиев деген сазгер өмірден өтерінде аманат етіп тапсырған екен. Кейін «Асыл жарым» біздің бойтұмар әнімізге айналды. Ол әннің бейнебаяны да халыққа ұнайтын, мазмұнды, мағыналы дүние боп шықты.

Яғни, қазір сіздер ешқандай жарнамаға мұқтаж емессіздер ғой?

Құралай:

- Құдайға шүкір! Осында келген кезде бізге әлгінде Мирас айтқан Бағлан Омаров ағамыз жақсы көмектесті. Үлкен-үлкен концерттерге шығуымызға, түрлі түсірілімдерге қатысуымызға ықпал етті. Алғашында Алматыға ән жаздыру үшін келіп-кетіп жүрдік. «Асыл жарым» әнінің бейнебаяны жарыққа шыққаннан кейін осында көшіп келдік. Арада біршама уақыт өткен соң, ата-анамыз бен бауырларымызды да Алматыға көшіріп алдық. Алла бізге осы бақты ниетімізге орай берген шығар деп ойлаймыз. Алғашқыда көрген қиындықтардың бәрі қазір көрген түстей.

Тыңдармандармен қарым-қатынастарыңыз қалай?

Құралай:

- Біз халықтың ықыласын жоғары бағалаймыз, олардан үлкен емеспіз. Бізді төбесіне көтеріп, осы деңгейге жеткізіп отырған – тыңдармандарымыз. Қолтаңба беруден, суретке түсуден қашпаймыз. Өнерімізді бағалайтын жандармен тілдесіп, олардың батасын алу да бір ғанибет қой.

Биыл жеке концерт өткіземіз деп жоспарлап отыр екенсіздер. Ол кештің ерекшелігі қандай болмақ?

Мирас:

- Бұйырса, қазан айында Астана қаласында есеп беру кешімізді өткізсек деп отырмыз. Кеш Ақтөбе облыстық Мәдениет басқармасы мен Ғ. Жұбанова атындағы облыстық филармониясының қолдауымен өтпекші. Яғни, біздің концертіміз Астанада өтетін Ақтөбенің мәдениет күндерінің аясында ұйымдастырылады. Кезінде өзіміз бірге өнер көрсеткен ақтөбелік оркестрдің сүйемелдеуімен ән салу бізге де жеңілдеу тиеді. Осылайша, өзіміздің туған жеріміздегі мәдениет ошақтарымен байланысымызды үзбей, бірлесе жұмыс істегелі отырған жайымыз бар. Бұл бастама бізге де, Ақтөбеден келетін әріптестерімізге де жақсы тәжірибе, орынды жарнама болатын секілді. Кім болса да, өзінің туып-өскен аймағын ұмытпай, оның атын әрқашан дәріптеп жүруі керек деп ойлаймыз. 

Кештің алғашқы бөлімінде халық аспаптар оркестрінің, екінші бөлімінде күйсандықтың сүйемелдеуімен ән шырқаймыз деп отырмыз. Ал үшінші бөлімді эстрада жанрына арнамақпыз. Концерттің ерекшелігі осында деуге болады. Өйткені, тыңдармандарымыздың көпшілігі біздің кәсіби түрде академиялық білім алған, әлемдік деңгейдегі түрлі классикалық шығармалар орындай алатын әншілер екенімізден бейхабар. Әзірше тек эстрадалық әндер шырқап жүргендіктен, осы концертте өзімізді басқа қырымыздан да танытсақ дейміз.

Менің білуімше, екеуіңіз де вокалдан сабақ бересіздер. Ұстаздық қызметтеріңіз туралы айтып беріңіздерші.

Құралай:

- Мирас бес жылдан бері Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында студенттерге сабақ береді. Декреттік демалысқа шыққанша мен де сол оқу орнында қызмет еттім. Кейін «Мирас пен Құралайдың вокалдық мектеп-студиясын» аштық. Қазір сонда оқушыларға сабақ беремін. Үміт артып отырған талантты шәкірттерім көп. Жақында Бекнұр Сәметов деген оқушым «Самға, жұлдыз!» деген республикалық байқауда бірінші орынға ие болды. Өзге де оқушыларым өз күштерімен жоғары оқу орындарына түсіп, бәрімізді қуантып жатыр.

Осы ретте айта кетейін, былтыр біз үшін өте жемісті жыл болды. Тек вокал мектебінің ғана емес, әнжинағымыздың және жеке сайтымыздың тұсаукесерін жасадық. Бұл қуанышымызды өнердегі достарымыздың ортасында атап өттік. «Асыл жарым» атты әнжинағының ішінде халық әндері, ретро және эстрадалық бағыттағы әндер топтастырылған.

Ата-енемен бірге тұрған қиын емес пе, Құралай ханым?

Құралай:

- Жоқ, керісінше, үлкен кісілермен бірге тұруды бақыт дер едім. Өкінішке қарай, әкеміз осыдан төрт жыл бұрын дүниеден озды. Қазір қандай шаруа бастасақ та, алдымен анамызбен ақылдасамыз. Ол кісі біз концерттерге, гастрольдік сапарларға кеткенде балаларымызға қарайды. Ең бірінші сыншымыз да – анамыз. Мен де, Мирас та жалақымызды анамызға әкеп береміз. Себебі, үлкен кісінің ұстаған ақшасы берекелі болады.

Құдайға шүкір, абысындарыммен де татумын. Өзім ортаңғы абысыныммен он бес жыл бірге тұрдым. Анамның берген тәрбиесінің арқасында осы шаңыраққа тез сіңісіп кеткен шығармын деп ойлаймын.

Әншіліктен басқа табыс көздеріңіз бар ма?

Мирас:

- Біз отбасында үш ұлмыз. Үшеумізге ортақ отбасылық бизнесіміз бар. Біршама уақыт бұрын бауырларыммен бірге халал монша аштық. Сондай-ақ, құрылыс жұмыстарына қажетті арнайы техникаларды жалға береміз.

Шығармашылық жоспарларыңызбен бөліссеңіздер.

Мирас:

- Бұйырса, Астанада өтетін концертте классиканың шыңында жүрген даңқты әншілерімізбен дуэт не трио айтсақ дейміз. Сонымен қатар, эстрада жанрының да танымал әншілерімен бірге ән шырқау  ойымызда бар. Арман Дүйсенов, Бауыржан Есебаев, Бота Бейсенова, Заттыбек Көпбосыновтар бізге жаңа әндер ұсынған еді. Бұйырса, таяуда сол әндерді жарыққа шығарамыз.

Тойға қаншалықты жиі барасыздар?

Мирас:

- Тойға сирек барамыз не күнде барамыз дей алмаймыз.  Көбіне уақытымыздың ыңғайына қараймыз. Біздің қазіргі жетістіктеріміз – тойдың, халықтың бата-тілегінің арқасы. Жұрт бізді тойға «балаларымыз Мирас пен Құралай сияқты жарасымды жұп болсын!» деп ырымдап шақырып жатады. Біздің атымызды егіз балаларына қойып, бізге сәбилерінің тұсауын кескізіп жатқан жандар да бар. Қызық айтайын, жақында Мирас және Құралай есімді екі жас шаңырақ көтерді. Тойларына бізді арнайы шақырып еді, өкінішке қарай, тура сол сәтті біздің басқа шаруаларымыз шығып қалды.

- Әңгімелеріңізге рахмет!


Әңгімелескен Роза СЕКСЕНБАЙҚЫЗЫ.

2015 жыл

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға