Жаңалықтар

Ертіс өзеніндегі бекіре қоры қайта қалпына келе ме?

Ертіс өзеніндегі бекіре қоры қайта қалпына келе ме?
Фото: Абай облысының әкімдігі 30.08.2023 16:27 971

Абай облысында Ертіс өзенінде жоғалып кеткен Сібір бекіресінің қорын қайта қалпына келтіру мақсатында өзенге бекіре шабақтары жіберілді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі өңір әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Бұл жобаға бюджеттен ешқандай қаржы жұмсалмады. Тарихи іс-шараның демеушісі «ОстФиш» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Бұл мекеме 2013 жылдан бастап бекіре тұқымдас балықтарды өсірумен айналысады.

Балық шаруашылығының ғылыми-өндірістік орталығының негіздемесіне сәйкес бекіре балығын суға жіберу шарасы Шаған ауылында өтті. Облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев өңірдің экожүйесі үшін маңызды іс-шараға арнайы келіп, Абай өңірінде балық шаруашылығын дамыту бағытында әлеуеті жоғары екенін атап өтті.

Ертіс өзеніне балық жіберу жаңадан құрылған Абай облысында алғаш рет және Конституция мерекесіне орай ұйымдастырылып отыр. Бұл Ертіс өзенінің тарихи балық қорын қалпына келтірудегі маңызды қадам. Өйткені Ертіс өзені Сібір бекіресінің бұрыннан мекендейтін жері. Жалпы, Абай облысындағы балық шаруашылығын дамыту әлеуеті бар. Облыста халықаралық және республикалық маңызы бар өзен-көлдерден бөлек, жергілікті маңызы бар су қоймалар жетерлік. Бұл балықты өсіру және өңдеу бағытында жобаларды жүзеге асыруға үлкен мүмкіндік береді. 2023 жылдың алғашқы айларында облыста 20 тонна балық өсірілді, - деп атап өтті аймақ басшысы.

 Бүгінде облыста балық шаруашылығы бағытында бірнеше жоба іске асырылып жатыр. Оның ішінде: 

- Көкпекті ауданының Тассай ауылында балық өңдеу цехы;

- Ақсуат ауданының Ақсуат ауылында заманауи технологияды қолдана отырып, форель шаруашылығы;

- Семей қаласының Озерки ауылында форель шаруашылығы;

- Бесқарағай ауданының Старая крепость ауылында карп, форель және бекіре өсіретін тоған шаруашылығы ашылған. 

Балық шаруашылығын дамыту мақсатында мемлекет тарапынан субсидиямен қолдау шаралары да көзделген. Осы мақсаттарға 2023 жылы облыстық бюджеттен 4,4 млн теңге бөлініп отыр. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға