Ертең Қазақстанның бірқатар аймағында қалың қар жауады
Ертең Қазақстанның бірқатар аймағында қалың қар жауады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
"Қазгидромет" синоптиктері 7 ақпанға Қазақстан аумағы бойынша синоптикалық жағдай мен ауа райы құбылыстарының болжамын ұсынды. Болжамға сәйкес, тұрақсыз ауа-райы күтілуде. Жаңбыр мен қар аралас жауын-шашын болады. Елдің солтүстігі мен солтүстік-батыс бөлігінде қалың қар, ал оңтүстігімен, оңтүстік-шығысында қатты жауын-шашын болады деп болжанды.
Ақтөбе, Қостанай , Ақмола облыстары мен солтүстікте, шығыста, сонымен қатар, Солтүстік Қазақстан және Жамбыл облысының таулы аймақтарында желдің ұйытқуы секундына 30 метрге дейін барады, - делінген хабарламада.
Астанада 7 ақпан күні таңертең мен түстен кейін жауын-шашын (мұзды жаңбыр, қар), боран, көктайғақ күтіледі. Оңтүстік-батысқа ауысатын оңтүстік-шығыс жел 9-14, екпіні секундына 15-20 метр, күндіз секундына 23-28 метр. Түнде ауа температурасы -5-7 градус аяз, күндіз 1 градус жылы болады.
Ал, Алматыда күн бұлтты, бірақ жауын-шашынсыз. Оңтүстік-батыс жел секундына 2-7 метр жылдамдықта соғады. Ауа температурасы түнде 2-4 аяз, күндіз 6-8 градус жылылықты көрсетеді.