«Ертең істей саламын»: адам бойындағы жалқаулық қайдан пайда болады?
Кейде маңызды жұмысымыз бола тұра, оны бастауға құлқымыз бола бермейді. Уақыт көп сияқты көрінеді де, «сәлден кейін», «ертең бастаймын» деп кейінге ысырамыз. Осылайша бір күн екінші күнге жалғасып, жұмыс кейінге қала береді. Сырт көзге бұл жай ғана жалқаулық сияқты көрінуі мүмкін. Алайда мамандардың айтуынша, істі үнемі кейінге қалдырудың артында әртүрлі себеп бар. Ол қандай себептер? Осы тақырыпты бірге талдап көрейік.
Жалқаулық қайдан пайда болады?
Психолог-психосомат Шолпан Юсупова жалқаулықты тек мінездің әлсіздігі деп қарауға болмайтынын айтады. Оның сөзінше, көп жағдайда бұл адамның ішкі психологиялық күйінің белгісі.
Жалқаулық – бұл тек түк істегім келмейді деген сөз емес. Көп жағдайда ол ішкі психологиялық күйдің белгісі. Кейде мінез сияқты көрінеді, кейде адамның энергиясы, эмоциясы мен ойлау жүйесіне байланысты болады, – дейді ол.
Маман жалқаулықты екі түрлі тұрғыдан қарастыруға болатынын айтады. Біріншісі – мінез ерекшелігі. Кейбір адамдар бала кезден жауапкершіліктен қашып, «кейін істеймін» деп жүре береді. Уақыт өте келе бұл әдетке айналады.
Екіншісі – психологиялық күй. Мұндай жағдайда адамның жалқаулығының артында басқа себептер жатады. Мысал ретінде қорқыныш, ұзақ уақыт жиналған стресс, эмоциялық шаршау немесе мотивацияның болмауын атап кетуге болады.
Неліктен адам жұмысты үнемі кейінге қалдырады?
Адам кейде маңызды жұмысты бастай алмай, оны қайта-қайта кейінге қалдырады. Сырт көзге бұл жай ғана жалқаулық сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ шын мәнінде оның басқа себептері болады.
Мысалы, кейде сіз белгілі бір істі қиын деп қабылдауыңыз мүмкін немесе одан іштей қорқасыз. Сол кезде ми сізді қорғау үшін жұмысты кейінге ысырады. Өйткені «жасай алмай қалсам ше?», «қате болып кетсе ше?» деген ойлар сізді мазалайды. Осындай күмән көбейген сайын, жұмысты бастау да қиындай түседі.
Кейде мәселе бәрін мінсіз жасауға ұмтылудан туындайды. Сіз істі өте жақсы істеуім керек деп ойлайсыз. Ал мінсіз нәтиже шығару оңай емес. Сондықтан «дұрыс істей алмасам, бастамай-ақ қояйын» деген ой келеді. Нәтижесінде жұмыс тағы кейінге қалады.
Тағы бір себеп – істің сізге қызық болмауы. Егер жасап жатқан жұмысыңыз қуаныш әкелмесе немесе мағынасыз болып көрінсе, ми оны маңызды деп қабылдамайды. Сондықтан ондай істі кейінге ысыру оңайырақ болады.
Сонымен қатар ұзақ уақытқа созылған стресс, шаршау, эмоциялық күйзеліс те әсер етеді. Шаршаған кезде жаңа іске күш табу қиын. Мұндай жағдайда ми демалуды таңдайды.
Кейде адамның ішінде «менен бәрібір ештеңе шықпайды» деген сенім де болады. Мұндай ойлар өзіңізге деген сенімді әлсіретеді. Ал сенім болмаған жерде әрекет ету де қиындайды. Сондықтан жұмысты кейінге қалдырудың артында көбіне жалқаулық емес, адамның ішкі күйі мен ойлары жатады.
Жалқаулық па, әлде шаршау ма?
Кейде адам өзін жалқау сезінеді, бірақ шын мәнінде ол жай ғана қатты шаршаған болуы мүмкін.
Жалқаулық кезінде адамның күші де, уақыты да көп. Бірақ жұмыс істеуге зауқы соқпайды. Ал, шаршағанда керісінше: бір істі жасағысы келеді, бірақ оған күш-қуаты жетпейді. Яғни ойында жоспар бар, бірақ ағзасы шаршап тұрады. Мұндай кезде адамға жай ғана демалыс керек.
Егер уақытыңыз да, мүмкіндігіңіз де бола тұра әрекет еткіңіз келмесе, бұл жалқаулыққа жатады. Ал егер жұмыс істеу керек екенін біле тұра бойыңызда күш-қуат болмаса, онда бұл көбіне шаршаудың белгісі.
Қазір әлеуметтік желі көп адамның назарын байлап алды. Телефонды ашсаңыз, бірінен кейін бірі шығатын қысқа видеолар бар. Reels, Stories сияқты контентті қарау өте жеңіл.
Мұндай видеолар миға тез әсер береді. Бір-екі секундта көңілді көтеріп жібереді. Сол себепті ми телефон қарауды оңай деп қабылдайды. Ал оқу, жұмыс істеу, жоспар құру сияқты істер көбірек күш пен назарды талап етеді. Сондықтан оларды кейінге қалдыра салу оңай болып көрінеді.
Мотивация сырттан келмейді
Кейде басында үлкен құлшыныспен басталған іс біраз уақыттан кейін тоқтап қалады. Мамандардың айтуынша, мұның бірнеше себебі бар.
Мысалы:
- нақты мақсаттың болмауы;
- тез нәтиже күтудің салдары;
- эмоциялық шаршау;
- қателесуден немесе адамдардың пікірінен қорқу;
- ішкі қысым әсер етеді.
Егер адам істеп жатқан ісін шын қалауымен емес, біреуге дәлелдеу үшін немесе қоғам қысымымен жасаса, ондай мотивация ұзаққа бармайды.
Психолог мотивация сырттан келетін дүние емес екенін айтады. Ол көбіне адамның ішкі энергиясы мен әдеттеріне байланысты.
Мотивация көбінесе әрекетке дейін емес, кейін пайда болады. Сондықтан кішкентай болса да әрекетті бастау керек, – дейді маман.
«Ертең» сөзінің тұзағынан шығыңыз
Мамандар ұсынатын қарапайым әдістердің бірі – жұмысты кішкентай бөліктерге бөлу. Мысалы, үлкен істі бірден бастау қиын болса, «қазір тек 10 минут жасаймын» деп бастауға болады.
Тағы бір тиімді тәсіл – «5 минут ережесі». Яғни адам өзіне «мен тек 5 минут істеймін» деп уәде береді. Көп жағдайда адам бастап кеткен соң жұмысты жалғастырып кетеді.
Психолог сондай-ақ кішкентай жетістіктерді атап өтудің де маңызы бар екенін айтады.
Жұмыс істегеннен кейін өзіңізді кішкентай сыйлықпен марапатта. Мәселен, жақсы көретін кофеңізді алу, серуендеу немесе демалу миға жағымды сигнал береді. Сол кезде жұмыс істеу де жеңілдейді, – дейді ол.
Көп адам мотивацияны сырттан күтеді. Бірақ мамандардың айтуынша, табыстың негізгі құпиясы мотивацияда емес, тұрақты тәртіпте жатыр.
Жетістіктің көбі мотивациядан емес, тәртіп пен әдеттің арқасында келеді. Тәртіп адамды тұрақты етеді, ал әдет адамның тағдырын қалыптастырады, – дейді психолог.
Жалқаулықты жеңуге көмектесетін үш кеңес
Психолог Шолпан Юсупова жалқаулықпен күресудің бірнеше қарапайым қағидасын ұсынды.
Біріншісі, шаршаған кезде демалуға рұқсат беру керек. Көп адам шаршағанын мойындамай, өзін кінәлап жүреді. Бұл энергияны одан сайын азайтады.
Екіншісі, істейтін жұмыс тізімін жазып қою. Тізім миға бағыт береді және әрекет етуге көмектеседі.
Үшіншісі, энергияны алатын әрекеттерді азайту. Ұзақ уақыт әлеуметтік желіде отыру, орынсыз әңгіме немесе артық алаңдататын факторлар өнімділікті төмендетеді.
Психологтың айтуынша, істі кейінге қалдыру – көп адамда кездесетін қалыпты құбылыс. Ең бастысы, оны жалқаулық деп қабылдап, өзіңізді кінәлай бермей, шынайы себебін түсінуге тырысқан жөн.

