Жаңалықтар

7 желтоқсан кинопремьералары

Аптаның үздік премьералары
7 желтоқсан кинопремьералары
07.12.2017 17:08 1264

Бүгін екі жазушының өмірі мен шығармашылығы қатысты фильмдер шықты. Біреуі Винни-Пух туралы ертегінің авторы А.А. Милн туралы, екіншісі «Қарабидай алқабындағы аулаушы» романын жазған Джером Сэлинджер жайында. Олардан бөлек Эдриан Броуди, Джон Малкович және Антонио Бандерас ойнаған «Цепной пёс» қылмыстық драмасы, Блейк Лайвли мен Джейсон Кларк түскен «Вижу лишь тебя» драмасы, былтыр шыққан «Очень плохие мамочки» комедиясының сиквелі, Тиль Швайгердің қатысуымен «Четверо против банка» деген немістің қылмыстық комедиясы, «Счастливого дня смерти» фантастикалық слэшері, норвег ертегісіне негізделген «Эспен в королевстве троллей» картинасы, әнші болуды армандаған түрме қызметкері жайында «Жги!» ресейлік драмасы прокатқа жол тартты.

«Прощай, Кристофер Робин» - ағылшын жазушысы А.А. Милн мен ұлы Кристофер Робин арасындағы қарым-қатынас туралы баяндайтын өмірбаян-драма. Ұлының ойыншықтары жазушыға Винни-Пух туралы ертегіні ойлап табуға шабыт берген еді. Фильмге «7 дней и ночей с Мэрилин» фильміне режиссер болған Саймон Кёртис режиссер болды. Жазушы рөлінде – талантты актер Донал Глисон, ал жұбайын Харли Куинн рөлімен белгілі сүйкімді Марго Робби ойнайды.

Ал «За пропастью во ржи» - талай ұрпақ үшін культқа айналған «Қарабидай алқабындағы аулаушы» романының кейіпкері Холден Колфилдтің қалай пайда болғаны, оның авторы - Джером Сэлинджердің қалай Американың ұлы жазушысы болғаны туралы хикая. Байопик Кеннет Славенскидің «Дж. Д. Сэлинджер. Қарабидай алқабында келе жатқан адам» кітабына негізделген. Жазушы рөлінде Николас Холт. Фильмге режиссер болған және сценарий жазған Дэнни Стронг. Ол «Империя» («Empire») сериалын жасаушылардың бірі және «Аштық ойындары» («The Hunger Games») франшизасының екі бөліміне сценарий жазды.

Қосымша оқыңыз: «Джером Дэвид Сэлинджердің тыйым салынған романы жайында не білеміз?»

«Цепной пес» - Болгария-Америка бірігіп түсірген қылмыстық триллер. Режиссері – «Неупокоенная», «Город монстров» үрейлі фильмдерін түсірген Пол Солет. Сюжетте полиция қоймасын тонамақ болған үш қылмыскер туралы баяндалады. Олар жоспарды іске асыру барысында ғимараттың ішінде қамалып қалады. Бұл аз болғандай, басты кейіпкерлер ДеНиро деген күзетші қабаған итке ұрынады. Фильмде Эдриан Броуди, Антонио Бандерас, Джон Малкович, Рори Калкин ойнайды.

«Вижу лишь тебя» - 2016 жылғы Торонто халықаралық кинофестивалінде таныстырылған детектив элементтері бар драма. Фильмді түсірген – «Квант милосердия», «Война миров Z» боевиктерінің режиссері Марк Форстер. Картинада бала кезінде көру қабілетінен айырылған Джина есімді келіншек туралы айтылады. Зағип болғанына қарамастан оған күйеуге шығып, қамқор ерінің арқасында бақытты күн кешіп жатқан жан. Офтальмологқа кезекті рет қаралуға келгенде жаңа емдеу тәсілінің арқасында қайтадан көру ықтималдығы бар екенін біледі. Күйеуінің қолдауымен операция жасатқызып, бір айдан соң жарық дүниенің бар қызығына қол жеткізеді. Тіпті жаңа қарым-қатынасқа да жолы ашылады. Алайда күйеуі Джеймске бұл ұнамайды, ол әйелінің бұрынғыша өзіне ғана тәуелсіз болғанын қалайды. Басты рөлдерде Блейк Лайвли мен Джейсон Кларк ойнайды.

Мила Кунис, Кристен Белл және Кэтрин Хан ойнаған «Очень плохие мамочки» комедиясы былтыр жарық көрген еді. Биыл екінші бөлімі көрерменге жол тартты. Актерлік құрам мен түсірушілер өзгерген жоқ. Режиссерлер және сценарий жазғандар - Джон Лукас пен Скотт Мур тандемі. Олар бұған дейін «Мальчишник в Вегасе» фильмінің сюжет авторлары болды. Сиквелде аталған үш актрисаға – олардың кейіпкерлерінің аналарын ойнауға Сьюзен Сарандон, Шерил Хайнс және Кристин Барански қосылды.

«Троя», «Посейдон» секілді Голливуд блокбастерлерін түсірген неміс режиссері Вольфганг Петерсен жаңа жұмысы ұсынады. «Четверо против банка» қылмыстық комедиясы 1976 жылы шыққан аттас телевизиялық фильмге негізделген. Басты рөлдердің бірін Тиль Швайгер орындайды.

Сюжет бойынша актер, спортшы және жарнама агенті бар жиған-тергендерін инвестицияға салады. Алайда олардың шоттары күйіп кетеді. Олар бұның бәріне кінәлі инвестиция агентінен өш алмақ болады. Бірақ оның өзі басшылықтың құрбаны екенін, жұмыстан айырылғанын айтады. Енді төртеуі термен тапқан адал еңбекті қайтару үшін банк тонамақ болады.

Слэшер – хоррор тармақтарының бірі, оның өзгелерден айырмашылығы – кісі өлтіруші-психопат жасөспірімдер мен жастардың соңына түсіп, кезекпен өлтіре бастайды. Ал аман қалғандары бұл қанды оқиғаның себебін анықтауға тырысады. Осы жанр тармағының тағы бір өкілі біздің прокатқа келді. «Счастливого дня смерти» - слэшер ғана емес, фантастика мен комедия элементтері де бар. Жобаға хоррор фильмдерді шығарумен айналысатын Джейсон Блум продюсерлік етті.

Сюжетте университеттің жұлдызына айналған Три есімді қыз көрсетіледі. Ол өзінің туған күніне орай сауық кешін ұйымдастырады. Алайда туған күнді тойлау кезінде маска киген әлдекім Триді өлтіріп кетеді. Бірақ тағдыр оған тағы бір мүмкіндік сыйлайды. Ол өзі өлетін күнді күн сайын басынан өткізеді. Қайталана беретін күн - Три үшін өзін өлтірген адамды анықтауға әрі қателіктерін түзеп, өмірін өзгертуге жақсы мүмкіндік.

«Эспен в королевстве троллей» ‒ норвег режиссері Миккель Брен Сандемоздың қызық оқиғалы фэнтезиі. Фильмде Эспен есімді қарапайым фермердің ұлы мен оның бауырлары бастан кешкен оқиғалар баяндалады. Олар тролль ұстап алып кеткен ханшайымды іздеуге шығады. Қызды табу үшін Тау патшасы атанған дәудің үңгіріне кіру керек. Егер ханшайымды құтқарса ағайындылар байлыққа кенеліп, отбасын кедейшіліктен алып шықпақ.

«Жги!» - Ресей актері Кирилл Плетнёвтің алғашқы толықметражды режиссерлік жұмысы. Сюжетте Алевтина есімді әйелдер түрмесінің қадағалаушысы туралы айтылады. Ол өзінің бойынан әншілік қабілетті байқайды. Түрмеде отырған бұрынғы әншінің көмегімен музыкалық конкурсқа қатыспақ болады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға