Жаңалықтар

Ерлік – елге мұра, ұрпаққа – ұран!

«Қайран ерлер, қаһарман ардагерлер». Осындай атаумен Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының ұйытқы болуымен акция өтуде.
27.03.2015 08:25 11844

«Қайран ерлер, қаһарман ардагерлер». Осындай атаумен Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының ұйытқы болуымен акция өтуде. Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында өтіп отырған шара барысында оқу орнының әкімшілігі мен студенттері  қарт майдангерлердің үйінде болып, оларды мерекемен құттықтап және қажетті әлеуметтік көмек көрсетілуде.

Олардың қатарында Ұлы Отан соғысының ардагері 90 жастағы  Әуесбек Бекболатов ақсақал да бар. Кездесу барысында майдангер өз өміріндегі қызықты жайттардан сыр шертті, наградалары мен фотоальбомдарын көрсетті. Отбасымен таныстырды. Соғыстағы наградаларына қоса, ол еңбек майданында да өз қызметіне және қоғамдық тапсырмаларға зор жауапкершілікпен қарағаны үшін құрмет грамоталарымен марапатталды, сондай-ақ «Тың жерлерді игергені үшін», «Еңбек ардагері» медальдарына ие болды. 

ТарМПИ тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры Орынқыз Жолдасова игілікті істің мән-маңызына тоқталып өтті. О. Көпбосынқызы өз сөзінде: «Адамның көңілінен нәзік ешнәрсе жоқ қой. Бір ауыз жылы сөз, жылы ілтипат қарт адамдарға қаншалықты шексіз қуаныш әкелетінін әркімде жақсы түсінеді.   Үлкенге құрмет кішіге ізет көрсету адамшылықтың ең жоғарғы қасиеттерінің бірі болып саналады. Қай халықтың болмасын түпкі тамырында үлкенді сыйлап, құрмет көрсету тереңде жатыр. Сол бір тамаша дәстүр бүгінгі күнге дейін өз жалғасын табуда» деді. Талантты студенттер концерттік бағдарлама ұсынып, қарияның көңілін көтерді. Өз кезегінде от пен оқтың арасынан аман келген атамыз оларға алғыс айтып, ақ батасын берді. Сонымен қатар, Ә. Бекболатов тұратын үйдің маңдайшасына «Бұл үйде Ұлы Отан соғысының ардагері» тұрады» деген тақтайша ілінді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар жыл бойы тұрақты түрде өткізіледі. Сонымен қатар, белсенді жастар тыл ардагерлері мен зейнеткерлерге де көмек көрсетуді жоспарлап отыр. Айта кетейік биыл Ұлы Отан соғысындағы жеңістің 70 жылдығы мемлекеттік деңгейде аталып өтілмек. 1941 жылдың маусымында басталып, үздіксіз 5 жылға созылған сұрапыл соғысқа Кеңес Одағы құрамындағы республикалардың азаматтарымен қатар қазақстандықтар да қатысты.  Соңғы деректер бойынша Қазақстаннан майданға аттанған 1 млн. 200 мың жауынгердің 600 мыңы соғыстан қайтып оралмады. Жалпы, бұрынғы Кеңес Одағының 27 миллионға жуық адамын жалмаған қанды қырғында елімізден аттанған 500-ге жуық жауынгер 1934 жылы бекітілген ең жоғарғы атақ Кеңес Одағының Батыры атанған болатын, оның 103-нің ұлты қазақ.  Жеңіс күні Қазақстан мен ТМД-да ғана емес, сонымен қатар одан тысқары жерлерде де кеңінен атап өтіледі. Бұл мейрамның ерекше және құрметтi орыны бар. Біздің болашағымыз үшін құрбан болған миллиондаған адамдарды еске түсіру үшін, әрбір қазақстандық бұл мерекені Отанға деген сүйіспеншілігінің нышаны ретінде атап өтеді.

Жандар АСАН

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға