Жаңалықтар

Ерлік ешқашан ұмытылмайды

Ерлік ешқашан ұмытылмайды
Фото: жеке мұрағаттан 09.05.2023 09:47 1528

Әрбір адамның соңында іздеуші ұрпағы барда ешкім ешқашан ұмытылмады. Және ол Отанын қорғаған, ерлік жасаған, батыр болса, ұрпағы үнемі мақтанышпен еске алып жүреді. Нұрасыл Айтжанов та екінші дүниежүзілік соғыста ерліктің үлгісін көрсеткен атасы Мүслім Нұрышевпен мақтанып, оның өмір жолын зерттеп жүреді.

Менің үлкен атам Мүслім Нұрышев 1917 жылы 2 қазанда Қарағанды облысы Ұлытау ауданындағы Қаракеңгір ауылында дүниеге келген. Қарсақпайда 10 сыныптық білім алған. Мектепті бітіргеннен кейін аудандық бөлімде учаскелік инспектор болып жұмыс істей бастайды. 1939 жылы 22 қыркүйекте басталған Кеңес Одағы мен финдер арасында қақтығыс кезде Қызыл Армия қатарына шақырылады. Шайқас кезінде жараланып, ауруханаға түседі. Полк санитарлық бөлімінде жатқанда Финляндиямен бейбіт келісімге келгендігін естиді. Кейін Отанына оралып, отбасын құрады.

1941 жылы фашистік Германияға қарсы соғыс басталады да менің атам аудандық әскери комиссариаттан шақыру қағазын алып, қайтадан соғысқа аттанады.

Ақмолада 310-шы атқыштар дивизиясы құрылады да, оған артполк кірді. Дивизия ежелгі қалалардың бірі – Псковқа орналастырылды. Алайда, ауыр қанды шайқастарды жүргізе отырып, жаудың жоғары күштерінің қысымымен олар Ленинград қаласына дейін шегінуге мәжбүр болады.

Ерлік ешқашан ұмытылмайды

Күшті артиллериялық дайындықтан кейін менің атамның атқыштар дивизиясы кіретін Волхов майданының құрамасы мен Ленинград майданы шабуылға шығады. Қысқы суықта да, орманды-Батпақты аудандардағы жолсыздық та, жаудың қатты қарсыласуы да кеңес жауынгерлерінің жеңісті шабуылын тоқтата алмайды. Жау Ленинградтан алыс жерде кері шегінеді.

Электрондық ресурстың деректері бойынша podvignaroda.ru-дан атам туралы көбірек мәлімет таптым. Сонда мен 1944 жылы 10 наурызда Ленинград облысы, Иванкова ауылының қасында жау қарсы шабуылға шыққанын, өмірге қауіп төндіргеніне қарамастан менің атам Муслим Нурушев батылдық танытады. Осы шайқаста көрсеткен ерлігі үшін ол үшінші дәрежелі Даңқ орденімен марапатталған.

Ерлік ешқашан ұмытылмайды

Атама қатысты тағы бір оқиға Шығыс Пруссияда болған. Біздің әскерлер Кенигсбергті қоршауға алып, қала маңында қанды шайқастар басталады. Менің атам фашистердің ұзақ мерзімді атыс нүктесін жабу үшін атуға бұйрық алады. Осы ерлігі үшін ол екінші дәрежелі Даңқ орденін алған.

Атам Берлинде соғысты аяқтап, 1946 жылдың қазан айында ғана үйіне оралған.

Соғыстан оралғаннан кейін Тау-кен шеберлерінің қысқа мерзімді курстарын оқып, кейін шахта учаскесінің бастығы болып жұмыс істеген. Ұзақ уақыт Шығыс Жезқазған кенішінің №42 шахтасының бастығы болды. Соғыстан кейінгі халық шаруашылығын қалпына келтіру үшін кендерді өндіруге үлес қосты. Ұзақ жылғы қажырлы еңбегі үшін Еңбек Қызыл Ту орденімен, сондай-ақ "Ерен еңбегі үшін"медалімен марапатталған.

Менің анам ол туралы нағыз батыр ретінде үнемі айтып отырады. Айтуынша, атамыз басынан өткерген қиындықтары туралы айтуды аса ұнатпаған және өзінің істеген ерлігімен мақтанбаған. Әжеменмен бірге өз ұрпақтарын елдің игілігі үшін қызмет ететін адал және парасатты етіп тәрбиелеген. Сондай-ақ менің атам Нұрышевтің құрметіне туған қаласындағы көше аты берілді.

Ерлік ешқашан ұмытылмайды

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға