Коллаж El.kz

Ерлігімен елге үлгі болған батыр қыздар кім?

Қауіп-қатерге толы сәтте біреулер сырттай бақылап тұруы мүмкін. Ал кейбір адамдар еш ойланбастан әрекет етеді. Өмір мен өлім таразыға түскен сәтте өзгеге араша түсу – нағыз ерліктің белгісі. Бүгінгі кейіпкерлеріміз – дәл сондай батыл жандар. Бірі халықаралық аренада ел намысын қорғап, көк туды көкке көтерсе, бірі адам өмірін құтқарып, өзгеге үміт сыйлады. Олар – бүгінгі күннің нағыз батыр қыздары.

Капитанның қайсарлығы

Жақында «Kazakhstan Tomiris» әйелдер командасы Дубайда өткен UAE SWAT Challenge 2026 халықаралық турнирінде Қазақстан намысын абыроймен қорғап, әйелдер командалары арасында I орынды иеленді.

жеке мұрағат

Жеңімпаз команда құрамында Астана қаласы полиция департаментінің Жылдам қимылдайтын арнайы жасағының қызметкерлері – полиция подполковнигі Айнагүл Байжігітова мен полиция майоры Мөлдір Атанай да бар.

Бес күнге созылған жарысқа әлемнің 48 елінен келген арнайы жасақ командалары қатысты. Қатысушылар жауынгерлік шеберлік, жылдамдық, тактикалық ойлау және нақты жауынгерлік тапсырмаларға бойынша сынға түсті.

Полиция подполковнигі Айнагүл Байжігітова – елордалық ЖҚАЖ взводының командирі әрі әйелдер ұлттық құрамасының капитаны. Екі баланың анасы қызмет пен отбасылық өмірді қатар алып жүр. Бұл – оның халықаралық деңгейдегі жарыстарға ұлттық құрама сапында екінші рет қатысуы. Қоян-қолтық ұрыс бойынша спорт шеберлігіне кандидат, сондай-ақ баскетболдан да жетістіктері бар.

жеке мұрағат

Дубайда өткен UAE SWAT Challenge – әлемнің үздік арнайы жасақтары жиналатын беделді жарыс. Мұнда тек физикалық дайындық емес, тактикалық ойлау, командалық үйлесім және психологиялық төзімділік сыналады. Қазақстан намысын қорғап, жүлделі орын алу – біз үшін үлкен мәртебе әрі жауапкершілік. Әсіресе көк туымыз көтерілген сәттегі сезімді сөзбен жеткізу қиын. Бұл – тек жеке жетістік емес, бүкіл елдің абыройы, – дейді ол.

Айнагүлдің айтуынша, жарыстың ең күрделі кезеңінің бірі тактикалық операция элементтері қамтылған кешенді тапсырма болған.

Ондай сәтте уақыт шектеулі, әр секунд маңызды. Қателікке жол жоқ. Сол кезде команда ішіндегі сенім мен үйлесімділік шешуші рөл атқарады. Біз әр қимылды алдын ала бірнеше рет пысықтадық. Сол дайындық пен бір-бірімізге деген сенім қиын сәттерден сүрінбей өтуге көмектесті, – дейді команда капитаны.

Үлкен тәжірибе

Команда құрамындағы тағы бір мықты спортшы – полиция майоры Мөлдір Атанай. Ол мұндай деңгейдегі халықаралық жарысқа алғаш рет қатысқанымен, жоғары физикалық дайындық пен төзімділік көрсетіп, командалық жұмыста өзін жақсы қырынан танытты. Мөлдір де қоян-қолтық ұрыс бойынша спорт шеберлігіне кандидат, сонымен қатар футболдағы жетістіктерімен белгілі.

жеке мұрағат

Бұл сезімді сөзбен жеткізу қиын. Себебі оның артында үлкен еңбек жатыр. Біз бұл жарысқа физикалық жағынан да, психологиялық тұрғыдан да, атыс даярлығы бойынша да ұзақ дайындалдық, – дейді ол.

Айтуынша, жарыс бес кезеңнен тұрған. Әр кезеңде манекендерді тасымалдау, баллондармен жаттығу, түрлі кедергілерден өту сияқты тапсырмалар берілген.

Жаттығулар оңай болған жоқ. Дегенмен нәзік жанды болсақ та, Қазақстанның намысын қорғау бізге күш берді. Мұнда төзімділік, шыдамдылық, қайсарлық пен намыс сыналады, – дейді Мөлдір.

Қыздар үшін ең қиын әрі есте қалған кезеңнің бірі – 120 килограмм салмақтағы дөңгелекті көтеріп өтетін кедергілер жолағы болды. Тапсырма шарты бойынша жүкті төрт адам көтеруі тиіс еді. Алайда Қазақстанның әйелдер құрамасы жылдамдықты арттыру үшін дөңгелекті үш адам болып көтеріп, тапсырманы сәтті орындады.

жеке мұрағат 

Бұл олардың физикалық күшін ғана емес, жоғары деңгейдегі үйлесімді командалық әрекетін де көрсетті. Жарыс қорытындысы бойынша команда мүшелері Қазақстан Президенті мен Ішкі істер министрлігінің арнайы қабылдауында болып, марапатқа ие болды.

Президент пен Ішкі істер министрлігінің қолдауына алғысымыз шексіз. Бұл – біздің ғана емес, бүкіл ІІМ-нің абыройы. Бұл жетістік бізге алдағы уақытта үлкен жігер мен рух береді, – дейді Мөлдір Атанай.

Бір қоңырау – бір тағдыр

Келесі кейіпкер – Абай облысы ТЖД «101-112» жедел байланыс орталығының диспетчері, азаматтық қорғау сержанты Айжан Каленова. Ол өртке қарсы қызметте 2020 жылдан бері еңбек етіп келеді. Қазіргі таңда «101» және «112» пультінде диспетчер қызметін атқарады.

Айжанның айтуынша, олардың жұмысы – үлкен жауапкершілік пен сабырды талап ететін сала. Тәулігіне мыңдаған қоңырау түседі, әрқайсысының артында түрлі тағдыр, түрлі жағдай жатады. Әсіресе төтенше жағдай кезінде адамдар көбіне үрей мен абыржуда болады.

Біздің жұмысымызда әртүрлі оқиғалар кездеседі. Өрт, жол-көлік апаты, түрлі төтенше жағдайлар туралы қоңыраулар көп түседі. Кейде адамдар қатты қобалжып, не істерін білмей хабарласады, – дейді ол.

Осындай қоңыраулардың бірі былтыр наурыз айында тіркелген. Айжан кезекшілікте отырған кезде Семей қаласындағы көпірден секіргелі тұрған жас жігіт хабарласқан.

жеке мұрағат

Телефон шалған бала қатты жылап тұрды. Өмірден түңілгенін айтып, секіргісі келетінін жеткізді. Сол сәтте мен онымен сөйлесіп, психологиялық тұрғыдан қолдау көрсетуге тырыстым. Оны сабырға шақырып, жақын адамдары бар екенін, мұндай шешім қабылдаудың қажет емес екенін түсіндіруге тырыстым, – деп еске алады диспетчер.

Айжан жас жігітпен шамамен 10-12 минут сөйлескен. Осы уақыт аралығында ол жігітті әңгімеге тартып, уақыт ұтуға тырысқан. Сол мезетте құтқарушылар мен полиция қызметкерлері оқиға орнына жетіп, жас жігітті аман-есен алып қалған.

Диспетчердің айтуынша, мұндай жағдайлар сирек емес. Кейде адамдар тек көмек сұрау үшін емес, ішкі күйзелісін бөлісіп, біреумен сөйлесуге мұқтаж болып хабарласады.

Кейбіреулер бізге «жай ғана сөйлесіп тұрыңызшы» деп өтінеді. Ондай кезде де қолдан келгенше қолдау көрсетуге тырысамыз. Біздің жұмыс – тек қоңырау қабылдау ғана емес, адамдарға қиын сәтте демеу болу, – дейді Айжан Каленова.

Оның айтуынша, төтенше жағдайлар қызметіндегі жұмыс – ең алдымен командалық еңбек. Әрбір құтқару оқиғасының артында бір адамның ғана емес, тұтас ұжымның үйлесімді әрекеті тұрады.

Бұл қызметтің өз қиындығы да, қызығы да бар. Бірақ ең бастысы – адамдардың өмірін сақтап қалуға үлес қосу, – дейді ол.

Трамвай жолағынан бүлдіршінді құтқарды

Ерлік жасағандардың қатарында ІІМ басқару академиясының аға ғылыми қызметкері Зарина Жұманбек те бар. Ол 2022 жылғы 16 мамырда Ресей Федерациясында білім алып жүрген кезінде адам өмірін аман алып қалған.

Сол күні Зарина сабақтан кейін жатақханаға қайтып бара жатқан. Трамвай жолының маңында екі кішкентай баласымен келе жатқан әйелді байқайды. Кенет қатты жел тұрып, қыздардың бірінің бас киімі ұшып кетіп, трамвай жолына түседі. Бас киімін алу үшін қыз бала кері жүгірген сәтте жақындап келе жатқан трамвайды байқамай қалған.

Жағдайды бір сәтте бағамдаған Зарина еш ойланбастан әрекетке көшеді. Ол жүгіріп барып, қызды трамвай жолынан тартып алып, қауіпсіз жерге шығарып үлгереді. Осылайша ол баланы ауыр апаттан аман алып қалды.

Оқиғадан кейін Зарина қатты қорқып қалған қызды тыныштандырып, оны анасына тапсырған.

жеке мұрағат

Анасы сол сәтте баласының трамвай жолына шығып кеткенін байқамай қалған екен. Мен қызды құтқарып алғаннан кейін ол қатты абдырап, жылап тұрып алғысын айтты. Біз жол жиегінде отырып, біраз уақыт оларды сабырға шақырып, жұбаттық, – дейді Зарина.

Бір қызығы, Зарина бұл оқиға туралы ішкі істер органдарына өзі хабарламаған.

Шамамен бір айдан кейін әлгі ана мен оқып жүрген академияға келіп, кезекшілік бөліміне осы оқиға туралы айтып берген. Содан кейін басшылық бейнебақылау камераларын қарап, жағдайдың қалай болғанын анықтады, – дейді ол.

Өзгенің өмірін сақтап қалу үшін қауіпке бару – кез келген адамның қолынан келе бермейтін батыл қадам. Қазіргі қоғамда мұндай сәттерде көпшілік көмектесудің орнына оқиғаны бейнетаспаға түсіріп, сырттай бақылап қалатыны да жасырын емес. Ал Зарина сол сәтте ойланбастан әрекет еткенін айтады.

Әрбір полиция қызметкері ең алдымен абырой, міндет және ерлік қағидасын ұстанады. Мұндай жағдайларда жедел әрекет ету – біздің борышымыз, – деді ІІМ басқару академиясының аға ғылыми қызметкері Зарина Жұманбек.

Бір баланың өмірін сақтап қалды

Полиция майоры Назым Шәріпова 2023 жылғы 1 тамызда демалыс күнін отбасымен бірге Астанадағы «Ailand» бассейнінде өткізіп жатқан. Сол сәтте күтпеген оқиға орын алып, оның кәсіби дайындығы бір баланың өмірін сақтап қалуға себеп болды.

Бассейн аумағында жүрген кезде ол кенеттен «көмектесіңіздер» деген айқай естиді. Жақын маңда болған адамның бірі судан ес-түссіз жатқан баланы алып шығады. Бүлдіршіннің жағдайы ауыр екенін байқап, оны бірден полиция майорына тапсырады.

Мен баланы қолыма алған кезде оның жағдайы өте ауыр еді. Денесі көгеріп, дем алмай жатқанын көрдім. Уақыт жоғалтпай алғашқы көмек көрсетуге кірістім, – дейді полиция майоры.

Назым Шәріпова баланы бірден жерге жатқызып, алдымен тыныс жолдарын тексеріп, алғашқы медициналық көмек көрсетіп, тыныс алуын қалпына келтірді. Төрт жастағы балаға толық күшпен қысым жасау қауіпті болғандықтан, ол жасанды тыныс беру әрекетін барынша сақтықпен орындаған.

жеке мұрағат

Баланың жасын ескеріп, өте абай болуға тура келді. Алдымен өкпесіне кеткен суын шығаруға тырыстым, содан кейін тыныс алуын қалпына келтіру үшін қолдан дем бердім. Бірнеше рет қайталағаннан кейін бала тыныс ала бастады, – дейді ол.

Көп ұзамай оқиға орнына бассейн құтқарушылары мен жедел жәрдем қызметі жетіп, баланы медицина қызметкерлеріне тапсырды. Дәрігерлер дер кезінде көрсетілген алғашқы көмектің арқасында баланың өмірі сақталғанын айтты.

Назым Шәріпованың айтуынша, мұндай жағдайда сабыр сақтап, дұрыс әрекет етуіне қызмет барысында алған арнайы дайындық көмектескен.

Қызмет барысында бізге алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша арнайы дайындық өтеді. Сол білімнің арқасында балаға дер кезінде көмектесе алдым, – дейді ол.

Бүгінде полиция майоры Нұра аудандық полиция басқармасында кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспектор болып қызмет атқарады. Оның айтуынша, сол күні құтқарылған бала қазір мектепке барып жүр.

Жақында ол бала мені көріп, «апай, мені құтқарғаныңыз үшін рақмет» деп алғысын айтты. Сол сәттегі қуанышымды сөзбен жеткізу қиын, – дейді Назым Шәріпова.

Құтқарушының батыл жолы

Любовь Ефремова 2014 жылдан бері ТЖМ «Республикалық жедел-құтқару жасағы» мемлекеттік мекемесінде қызмет атқарып келеді.

Қызмет барысында ол өзін жауапкершілігі жоғары, бастамашыл әрі өз ісіне адал маман ретінде көрсете білді. Әріптестері оны білікті құтқарушы, тапсырылған істі мұқият әрі сапалы орындайтын қызметкер ретінде бағалайды. Любовь Викторовна теориялық білімі мен практикалық тәжірибесін үнемі жетілдіріп, кәсіби деңгейін арттыруға тұрақты түрде көңіл бөледі.

Жасақтағы қызметі кезінде ол көптеген авариялық-құтқару және іздестіру-құтқару жұмыстарына қатысып, түрлі төтенше жағдайдың салдарын жоюға атсалысты. Оның тікелей қатысуымен онға жуық адамның өмірі аман сақталып қалған.

Құтқарушы күрделі жағдайларда өткен бірқатар операцияға да қатысқан. Атап айтқанда, Кіші Алматы өзеніндегі тұзды селдің салдарын жою жұмыстарына, таулы аймақтағы қиын биіктік және ауа райы жағдайында жүргізілген іздестіру, эвакуациялық жұмыстарға, сондай-ақ қар көшкіні кезінде ұйымдастырылған іздестіру-құтқару операциясына қатысқан.

жеке мұрағат

Сонымен қатар Любовь Ефремова 2014-2018 жылдары өткен «Казспас» халықаралық құтқарушылар көпсайысы жарысына қатысып, командалық есепте I және II орындарға ие болды.

2015 жылғы 24-25 сәуір күндері Алматы қаласында салынып жатқан жол айрығында көпірдің құлауына байланысты жүргізілген авариялық-құтқару жұмыстарына қатысты. Сол жылдың 5 шілдесінде Іле Алатауындағы Абай мұздығында қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмыстарына қатысып, нәтижесінде төрт адам құтқарып, екі адамға медициналық көмек көрсетілді.

2015 жылғы 23 шілде мен 10 тамыз аралығында Алматы қаласының Наурызбай ауданында болған сел тасқынының салдарын жою жұмысына да белсенді атсалысты. Ал 2015 жылғы 11 қазанда Бутаков шатқалында, Букреев шыңында жоғалып кеткен студенттерді іздестіру бойынша таулы аймақта жүргізілген құтқару операциясына қатысты. Тәжірибелі құтқарушы өз білімі мен тәжірибесін жас мамандармен бөлісіп, жас қызметкерлерді оқыту мен олардың қызметке бейімделуіне ерекше көңіл бөледі.

Қызмет жолында жанын қиды

Осыдан бірнеше ай бұрын қызметтік міндетін атқару кезінде тұрғын үй кешенінің қасбетінде орналасқан сыртқы кірпіш қаптамасы мен кондиционерлік құрылғының құлауы салдарынан ауыр жарақат алған 23 жастағы фельдшер Ұлдана Мырзуан көз жұмған болатын. Өкінішке қарай, алған жарақаты тым ауыр болып, өмірін қиды.

ашық дереккөз

Жас маман адамдарға көмек көрсетуге асыққан сәтте өзі қаза тапты. Оның бұл әрекеті – медицина қызметкерлерінің адам өмірін сақтап қалу жолындағы жанқиярлығының айқын көрінісі. Өз өмірін қауіп-қатерге тіккен, қызметіне адал, батыл, елгезек қыздың бұл ісі ерлікпен пара-пар.