Жаңалықтар

Ерлан Қошанов ҰҚШҰ-ға терроризмге қарсы күресті заңмен күшейтуді ұсынды

Қошановтың айтуынша, осы тұста ҰҚШҰ елдері парламенттеріне үлкен жауапкершілік жүктеліп оты
Ерлан Қошанов ҰҚШҰ-ға терроризмге қарсы күресті заңмен  күшейтуді ұсынды
05.12.2022 19:41 1875

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бастаған Қазақстанның парламенттік делегациясы Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы Парламенттік Ассамблеясының кезекті отырысына қатысу үшін Мәскеуге жұмыс сапарымен барды.

Бұл туралы El.kz ақпараттық агенттігі Парламент Мәжілісінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Кеңестің бірлескен отырысына және ҰҚШҰ ПА XV пленарлық отырысына қатысушылар Армения Республикасының 2021-2022 жылдардағы Ұйымға төрағалығының қорытындылары мен Беларусь Республикасының алдағы төрағалығы кезіндегі басымдықтары туралы ақпаратты тыңдады.

Мәжіліс спикері өз сөзінде өңірде тұрақтылық пен қауіпсіздікке нұқсан келтіретін түрлі қауіп-қатерлер мен қақтығыстардың өзекті болып отырғанына назар аударды. Мұндай жағдайларда ашық диалогтың маңыздылығын Қазақстан Президенті талай мәрте атап өткен болатын.

Е.Қошановтың айтуынша, осы тұста ҰҚШҰ елдері парламенттеріне үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр.

Отырыс барысында Мәжіліс төрағасы Ұйымға мүше елдердің терроризммен күрес саласындағы ұлттық заңнамаларын үйлестіруге мүмкіндік беретін Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының «Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы» жаңа модельдік заңын әзірлеуді ұсынды.

"Терроризм қауіпсіздік пен тұрақтылыққа үлкен қауіп төндіреді. Ол заңсыз көші-қонның, трансшекаралық қылмыстың, заңсыз қару-жарақ пен есірткі тасымалының артуына ықпал етеді. Бізге осы сын-қатерлерге бірлесіп қарсы тұрудың нақты құқықтық тетіктерін қалыптастыратын ҰҚШҰ елдерінің модельдік заңнамасының сапалы базасын қамтамасыз ету керек", – деді Е.Қошанов.

Отырыста Ұйымға мүше мемлекеттердің ұлттық заңнамасын жақындастыру және үйлестіру бойынша ҰҚШҰ ПА-ның қолданыстағы іс-шаралар бағдарламасын іске асыру аясында бірқатар модельдік құқықтық акті қабылданды.

Соның ішінде отын-энергетикалық кешен объектілерінде терроризмге қарсы іс-қимыл, халықаралық терроризмнің ҰҚШҰ елдеріне енуі мүмкін арналарға тосқауыл қою, ҰҚШҰ модельдік актілерін қабылдау үшін әзірлеудің және дайындаудың әдістемелік негіздерін жетілдіру бойынша ұсынымдар бар.

Ерлан Қошанов ҰҚШҰ-ға терроризмге қарсы күресті заңмен  күшейтуді ұсынды

Сонымен қатар отырыстың күн тәртібіндегі мәселелердің бірі биылғы 20 қарашада өткен Қазақстандағы президенттік сайлауды бақылауға қатысқан ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясы мониторингтік тобының қорытындылары туралы болды. ҰҚШҰ ПА миссиясының қорытындысына сәйкес, сайлау халықаралық нормалар мен ұлттық заңнамаға толығымен сәйкес өтті.

Айта кету керек, ҰҚШҰ ПА құрамына Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан парламенттерінің өкілдері кіреді. Онда әлеуметтік-экономикалық және құқықтық мәселелер, саяси мәселелер және халықаралық ынтымақтастық, қорғаныс және қауіпсіздік мәселелері бойынша үш тұрақты комиссия жұмыс істейді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға