Жаңалықтар

Ерлан Қарин Ұлттық құрылтайдың маңызы мен міндеті туралы жазды

Ерлан Қарин Ұлттық құрылтайдың маңызы мен міндеті туралы жазды
Фото: gov.kz 22.02.2023 19:31 1088

Ұлттық құрылтай – Президент жанындағы негізгі консультативтік-кеңесші орган. Бұл туралы Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин телеграм арнасында жазды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

"Мемлекет басшысы бұл ұйымды құру туралы бастаманы өткен жылғы Жолдауында көтерген болатын. Ұлттық құрылтайдың құрамына елімізге белгілі қоғам қайраткерлері және сарапшылармен қатар, өңірлердегі азаматтық қоғамның белсенді өкілдері мүше боп кірді. Қазіргі уақытта Ұлттық құрылтай Мемлекет басшысының қоғам белсенділерімен және сарапшылармен арадағы тікелей диалогын орнатып, оны дамытып отыр. Мысалы, бүгін Президент Ұлттық құрылтайдың мүшесі, Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының директоры Талғат Қалиевпен кездесті. Кездесуде сараптамалық құрылымдардың жұмысы мен қолданбалы зерттеулер жүргізуге қатысты мәселелер талқыланды.  Бұған дейін Президент Ұлттық құрылтайдың Т. Әубәкіров, С. Ақылбай, А. Байменов, Р. Баталов, Б. Ізмұхамбетов, Ж. Күлекеев, С. Худяков, И. Салжанов, Д. Тұрлыханов секілді басқа да мүшелерімен дәл осындай кездесулер өткізген болатын", - деп жазды Ерлан Қарин.

Сондай-ақ, былтырғы жылдың желтоқсан айында Quryltai мобильді қосымшасы іске қосылды. Азаматтар бұл платформаға қоғамдағы өзекті мәселелер жөніндегі өз ойлары мен ұсыныстарын жолдай алады.

"Бұдан бөлек, «Хабар» телеарнасында «Ұлттық құрылтай» атты арнайы бағдарлама көрсетіледі. Оған әр кезде әртүрлі өңір қосылады. Бағдарламада Ұлттық құрылтай мүшелері мен сарапшылар елімізді дамытуға ықпал ететін ұсыныстарды талқылайды. Солайша, Ұлттық құрылтай елдің өтініш-тілектерін жинайтын коммуникацияның әртүрлі форматтарын пайдалану арқылы ашық әрі тиімді диалог алаңына айналуда", - деп жазды Мемлекеттік кеңесші.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға