Жаңалықтар

Ерлан Қарин: Кенесары ханға сыйланған Құран кітап қайта құрастырылды

Ерлан Қарин: Кенесары ханға сыйланған Құран кітап қайта құрастырылды
Фото: Ақорда 31.12.2023 14:20 905

Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин Марал Ишанның Кенесары ханға сыйлаған Құран кітабының қайта құрастырылып шыққанын айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында әйгілі Марал Ишанның Кенесары ханға сыйлаған Құран кітабы табылып, елімізге оралғанын сүйіншілеп жеткізген болатын. Жұртшылық халқымыздың соңғы ханы ұстаған киелі кітаптың Қазақстанға қайта оралуын жақсы ырымға балады. Президент тапсырмасына сәйкес, Құран кітапты шілде айында Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасына тапсырған едік. Өз кезегінде, Мүфтият оны реставрация жұмыстарын жүргізу үшін Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығына берді, - дейді Ерлан Қарин. 

Оның айтуынша, орталықтың қызметкерлері 3 айға жуық уақытта Құранды қайта құрастырып шықты. Алдымен кітап азот камерасына салынып, парақтарында сақталған түрлі зиянкестерден залалсыздандырылды. Одан кейін фотофиксациядан өткізіліп, әрбір беті мұқият шаңнан тазартылды. Жыртылған парақтары қайта бүтінделіп, мұқабасын ретке келтіріп, жетіспейтін тұстарына былғары жапсырылды. Соңында Құран қайта түптелді. Барлық реставрация жұмыстары халықаралық стандарттарға сай, кітаптың парақтарына, түптеуіне максималды зиян келтірмейтін түрде жүргізілді.

Құранның конструктивті элементтеріне өзгерістер енгізбей, түпнұсқаның бастапқы түптеу, тігу, тоқу тәсілдері қолданылды.Осындай ауқымды жұмыстың нәтижесінде Марал Ишан мен Кенесары ханнан қалған құнды мұра толықтай жаңартылды.Жақында Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы Құранды Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне тапсырды. Алдағы біршама уақыт киелі кітап қасиетті мекенде тұрады, қалың көпшіліктің тамашалауына мүмкіндік жасалған. Бірақ мәдени мұраны сақтаудың өзіндік тәртіптері бар. Сондықтан кейін ол жерге Құранның жоғары сапалы көшірмесі қойылады. Ал киелі кітаптың түпнұсқасы Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығына беріліп, сонда сақталатын болады, - дейді мемлекеттік кеңесші.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға