Ерлан Қарин этносаралық келісімді нығайту мәселелеріне арналған республикалық жиын өткізді
Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин этносаралық келісімді нығайту мәселелеріне арналған республикалық жиын өткізді. Басқосуға Президент Әкімшілігі құрылымдық бөлімшелерінің басшылары, орталық мемлекеттік органдардың өкілдері, сондай-ақ Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарының әкімдері қатысты, деп хабарлайды Ақордаға сілтеме жасап El.kz ақпарат агенттігі.
Жиынға қатысушылар қазіргі ахуал туралы баяндап, аймақтарда этносаралық қатынас саласында тұрақтылықты қамтамасыз етуге, азаматтық қоғаммен бірлесіп жұмыс істеуге, мемлекеттік ақпарат саясатын жүзеге асыруға қатысты қолға алынып жатқан шаралар туралы мәлімет берді. Қазақстан халқы Ассамблеясын дамыту тұжырымдамасын әзірлеу және бұл құрылымның форматын жетілдіру мәселесіне айрықша назар аударылды.
Сонымен қатар басқосуда биыл өтетін маңызды қоғамдық-саяси іс-шаралар қарсаңында жалпыұлттық бірлікті одан әрі нығайту шаралары талқыланды.
Жиын соңында Ерлан Қарин жауапты мемлекеттік органдарға этносаралық келісімді қамтамасыз етуге және барлық деңгейдегі үйлестіру жұмысын күшейтуге бағытталған ішкі саяси жұмыстың басым бағыттары бойынша нақты тапсырмалар берді.

