Жаңалықтар

Еркін күрес шеберлері Будапештте 7 медаль жеңіп алды

Еркін күрес шеберлері Будапештте 7 медаль жеңіп алды
16.07.2023 05:33 1736

Мажарстан астанасы Будапештте күрес түрлерінен осы жылғы шешуші, 4-рейтингтік турнир өтіп жатыр. Бұл туралы Спортты дамыту дирекциясына сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Олимпиада чемпионы Имре Пойяк пен Янош Варганы еске алуға арналған байрақты бәсекеде еркін күрестен ұлттық құрама 2 күміс, 5 қола жүлдеге қол жеткізді.

Екінші жарыс күні бозкілемге шыққан 61 келі салмақтағы Өсімжан Дастанбек күміс медаль иеленді. Ол финалда 2022 жылғы әлем чемпионы Зелимхан Абакаровтан айласын асыра алған жоқ. Осы салмақта бақ сынаған тағы бір отандасымыз Асылжан Есенгелді грузиялық Шота Фартанедзені жеңіп, қола жүлде еншіледі.

Ал 70 келі салмақта биылғы Азия чемпионы Санжар Досжанов ирандық палуанды ұтып, қола алды. Сонымен қатар 79 келі салмақтағы Данияр Қайсанов отандасы Нұрдаулет Қуанышбайды қапы қалдырып, 3-орыннан көрінді.

Турнирдің алғашқы күні Қазақстан балуандары 3 мәрте тұғырға көтерілген. Нұрқожа Қайпанов (74 кг) финалда жарыс қожайыны Мурад Курамагомедовқа есе жіберіп, күміс жүлдегер атанды.

Сосын, биылғы Азия чемпионатының күміс жүлдегері Ризабек Айтмұқан (92 кг) мен Әлішер Ерғали (97 кг) қола медаль еншіледі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға