Жаңалықтар

Еркін Әуелбековтің есімі де, еңбегі де ұмытылмауы керек

Еркін Әуелбековтің есімі де, еңбегі де ұмытылмауы керек
Фото: Жеке мұрағаттан 09.06.2023 13:05 2923

«Жақсының аты өлмейді» дейді дана сөз. Жадындағы жақсысын халық ешқашан ұмытпайды. Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, саяси көшбасшы Еркін Әуелбековтің есім-сойы алыс-жақындағы жұртқа етене таныс. Көкшетау, Торғай, Қызылорда өңірлерінде басшылық қызметте жүріп ұлан-ғайыр еңбек атқарды. Бұрын-соңды шешілмей келе жатқан соқталы істердің түйінін тарата алды. Саптаяққа ас құйып, сабынан қарауыл қарайтын Кеңестік жүйенің сызған шеңберінен шығып, қара ормандай халықтың көкейкесті үнін тыңдай білді.

Туған халқының саны аз солтүстік өңірлердегі ұлттық мәселелерге қаймықпай араласқан ұлтжанды азамат. Қолымда тізгін бар екен деп артық қарпып, жемсауын толтыруға жаны қас-тұғын. Басқан ізінен әділдіктің, адалдықтың қызғалдағы көктеп шыққан қайраткердің әр ісі ұрпаққа үлгі, кейінгіге ұлағат. Қарапайымдылығы мен қажырлы болмысы ешқашан ұмытылмайды. Еркін Әуелбековтің атқарған әр жұмысын мұрнынан тізбектеп атап шығу мүмкін емес. Оған тарих пен халық куә. Адал жүрегі мен қара терін жұрттың қажеті үшін арнаған тұлғаның аты қай деңгейде ұлықталып жатыр? Бүгінгі таңдағы ұрпақ ол кісі туралы қаншалықты хабардар? Осы сауалдың жауабын білмек үшін Қызылорда облысы Еркін Әуелбеков атындағы дарынды балаларға арналған №4 облыстық мектеп-интернатының директоры Қарлығаш Дауылбайқызымен аз-кем сұхбат құрған едік. Жас ұрпақтың еркінтану бағытындағы ізденістерін, қызу ынта-жігерін көріп-біліп сүйіндік. Еркін Әуелбековті тиянақты зерттеп, идеологиясын ұлттық игілікке айналдыратын болашақ ғалымдар өсіп келе жатыр деп білеміз.

– Құрметті Қарлығаш Дауылбайқызы, сіз ұлтымыздың ірі қайраткерлерінің бірі Еркін Әуелбеков атындағы білім ошағының басшысысыз. Осы мектепке Әуелбеков есімі берілуінің қысқаша тарихын баяндай кетсеңіз.

Иә, мен қызмет ететін мектеп-лицей-интернаты Еңбек ері, нар тұлға Еркін Нұржанұлы Әуелбековтың атында. Дара тұлға, өңіріміздің дамуына еселі үлес қосқан қайраткер, Социалистік Еңбек Ерінің есімін ұмытпау, еңбегін ұлықтау мақсатында №4 облыстық мамандандырылған мектеп-лицей-интернатына Еркін Нұржанұлы Әуелбеков есімі берілгені баршаңызға белгілі. Әуелбеков тегі дарынды балаларға арналған мектеп-лицей-интернатқа берілуі де тегін емес. Білім ордасы 2004 жылғы 24 қарашадағы Қызылорда облысы әкімінің №196 бұйрығымен «№4 облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернаты» ретінде жұмыс атқарып келеді. 2010 жылы мектеп-интернатқа 300 орындық оқу ғимараты және 240 орындық жатақханасы бар жаңа ғимарат пайдалануға берілді. 2017 жылғы 10 наурыздағы Қызылорда облысының әкімінің №734 қаулысымен дарынды балаларға арналған мектеп-интернатына Еркін Нұржанұлы Әуелбековтің есімі беріліп, «Е. Әуелбеков атындағы дарынды балаларға арналған №4 облыстық мектеп-интернаты» болып аталды. Мектеп-интернат ауласына қайраткерге арнап, мәрмәр тастан бюст қойылды.

Еркін Әуелбековтің есімі де, еңбегі де ұмытылмауы керек

– Еркін Әуелбеков Қызылордада басшылық қызмет атқарғанда халықтың қаншама көкейкесті мәселелерін шешіп, сүйікті ұлына айналған. Ол кісі туралы аңызға бергісіз әңгімелер де осы топырақтан өрбіген. Мектепке Әуелбековтің аты берілген соң баласын арнайы әкеліп оқытқан отбасылар болған шығар? Оқушылардың әке-шеше, ата-әжесі тарабынан Еркін Нұржанұлы туралы талай жақсы әңгімелердің куәсі болып жүрген шығарсыздар?

Кез келген кісі туралы сөз бастағанда ең әуелі оның болмыс-бітімін айшықтап, қоғам игілігін көздеген ісін тізбектеу заңдылық. Белгілі бір саланы меңгеріп, сол арқылы ел мақтанына айналып, халық құрметіне бөленген азаматтардың көптігі көңіл қуантады. Бірақ солардың бірен-сараны болмаса, көбінің есімі ел есінде қалған жоқ. Өйткені халық кез келген адамды атқарған лауазымды қызметіне емес, елге сіңірген еңбегіне қарай бағалайды. Бұл орайда Еркін Әуелбековтің орны да, жөні де бөлек. Рас, Еркін Нұржанұлының облысымыздың экономикасы мен әлеуметтік жағдайын жақсартудағы еңбегі аңызға бергісіз. Бүгінгі таңда қайраткердің жасаған еңбегін ұрпағына ұлықтап, насихаттап отырған аға буын өкілдерінің ықыласы ерекше. Еркін Нұржанұлы атындағы мектебімізде немерелерім оқыса деген ниетпен қолдарынан жетектеп келетін ата-әжелерімізді көргенде кеудеңді қуаныш кернейді. Мектеп-лицей-интернатымызда дәстүрлі түрде ұйымдастырылып отыратын «Әуелбеков апталығында» ата-аналар үнемі оқушыларымыздың жұмыстарын көру, қолдау үшін келіп, Еркін Нұржанұлының адамгершілік қасиеттері мен ел үшін еткен еңбегі туралы естеліктерімен бөлісіп отырады. 

Еркін аға туралы есте қалар, болмысын ашатын бір әңгіме естіп едім. Әуелбеков Еркін Мәскеуде СССР Жоғарғы Кеңестің Халықаралық қатынастар жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары қызметінде жүргенде Сыр өңіріне ат ізін салған екен. Қазалы ауданында әкім-қаралар күтіп алып, тұрғындармен жүздестірген. Елдің ол кісіге деген пейілі алабөтен керемет болады. Сол жиынға келген Қазалының бір қариясы:

– Еркінжан, өзіңе деген ықылас басқа ғой. Ырымдап, немеремнің атын Еркін қойдым. Қазақтың баласысың, үйге түс, бұйыртқан сыбағаңды жеп кетесің, – деп жұрттың көзінше өтініш айтыпты. Сол кезде Еркін аға:

– Рақмет, ақсақал. Қазақшылықты мен де жақсы білемін. Алайда, сол саулық мен үшін сойылмай-ақ қойсын. Қошақандарына да ене керек. Негізі мен Қызылорда облысын басқарған 4 жыл ішінде бірде-бір басшының, болмаса сіз секілді шын пейілін ұсынған ел ақсақалдарының үйінен ас ішпеппін. Оны кезінде әкімдіктегі орынбасарларымнан бастап, осы аудандарға шығатын инспекторларға дейін қатаң ескерттім. Есесіне облыста асханалық жүйе дұрыс жолға қойылды. Сол себепті сіз рұқсат етсеңіз ұстанымымда қалсам деймін, – деп ақсақалдан бата сұрапты. Бұл әңгімені Қызылорда облысы әкімінің экс-бірінші орынбасары Нәжмаддин Мұсабаев айтқан еді.

Менің түсінгенім адам қарапайым, жұмысына адал болса өзінің алға қойған мақсаттарына жетеді. Біртуар атпал азаматтың жарқын бейнесі, еңбек жолы Сыр елінің жүрегінде. Ізгі істерімен тарих бетінде өшпес із қалдырды. Еркін Нұржанұлының өзіндік еңбек мектебі – тәлімі мол қазына қайнары бола бермек.

– Мектептеріңізде Еркін Әуелбековке арналып арнайы музей ашылған екен. Осы музейге қойылған экспонаттар қалай жасақталды? Саяси қайраткердің өмірінен сыр шертетін қандай құнды жәдігерлер бар?

Мектеп-лицей-интернатымызда ерен ерліктің, әділдік пен адалдықтың үлгісі, мемлекет және қоғам қайраткері Еркін Әуелбековтің мұражайы бар.

Еркін Әуелбековтің есімі де, еңбегі де ұмытылмауы керек

Мұражай 5 ақпараттық тақта бойынша жинақталған.

  1. Отбасы – қалыптасу кезеңі
  2. Жастық шақ
  3. Еңбек жолы – кемел кезеңі
  4. Игі бастамадан ел игілігіне
  5. Сыр еліндегі ерекше еңбегі

 Мұражайда Еркін Нұржанұлы Әуелбековтің майлы бояумен салынған портреті, Қазақстан Компариясының Орталық комитетінің мүшелік билеттері, Социалистік Еңбек Ері куәлігі, Қазақ КСР Жоғарғы Советінің депутаттық билеті, Көкшетау қаласының ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТЫ куәлігі, мемлекет қайраткері жайлы еңбектер мен естеліктер, тарихи суреттер, баспасөз материалдарының жинақтары қойылған. Сондай-ақ, мұрағат материалдарынан алынған Еркін Нұржанұлы Әуелбековтің Шиелі ауданындағы Шиелі жеміс-жидек-овощ совхозы №3 бригадасы партия тобында есеп беру-сайлау жиналысында, Шиелі аудандық партия комитетінің ІІІ пленумында, №119 Ленин сайлау округінің сайлаушыларымен кездесуде сөйлеген сөздерінен тезистер жинақталған.   

Мектеп-лицей-иитернат мұражайына қайраткердің өмірлік жары Күлше Оспанқызы, сол кездегі облыс әкімі Қырымбек Елеуұлы Көшербаевтың сыйға тартқан Еркін Нұржанұлының күріштен жасалған портретін, «Верховный совет СССР», «Народный депутат СССР» медальдарын, отбасылық суреттері мен Еркін Нұржанұлының бейнесі сомдалған құмыраны сыйға тартты.

Торғай өлкесінің тумалары сыйға тартқан «Ұлт жанашыры, мемлекет қайраткері Еркін Әуелбековтің құрметіне арқалықтықтардан аса ризашылық сезіммен» деген ізгі лебіз жазылған қабырға суреті қойылған.

Ел үшін еңбек еткен Ел ағасы жайлы сыр шертетін мұражайдағы әрбір бұйым құнды жәдігер деп ойлаймын.

«Еркін Әуелбеков атындағы мектепте білім алам» деген сөздің өзі бір ғанибет. Қызылорданың қаймағы бұзылмаған қазақы дәстүріне алғаш басшы болып келгенде Әуелбековтің өзі тамсанған дейді. Әуелбековтің кім екенін білуге деген оқушылардың ынта-ықыласы да ерекше шығар.

Мектеп-лицей-интернатымызда жыл сайын өткізілетін Әуелбеков апталығында жас дарындар халыққа қалтқысыз қызмет етудің сындарлы үдерісін қалыптастырған қайраткер туралы ашық сабақтар өтеді. Кітаптарына талдау жасалып, ол кіснің өмір жолымен жас ұрпақты таныс етеміз. Сүбелі конференциялар өткізіп, ерекше құрметпен еске аламыз. Әуелбековпен қызметтес болған кісілермен кездесу кештері ұйымдастырылып тұрады. Аталған конференцияны Еркін Әуелбековтің азаматтық жарқын бейнесімен, халық жүрегінде сақталған ұлағатты ісі, жүріп өткен жолымен танысу мақсатында ауқымды қылып өткізуге тырысамыз. «Дара тұлға», «Азамат», «Қазақтың асыл перзенті», «Туған жер перзенті», «Өлке даңқын асырғандар», «Көкшенің асыл перзенті» қатарлы кітаптары бойынша оқырмандар арасында  сұхбат-талқы өткізіліп, ол кісінің биік азаматтық болмысын түсінуге бір табан болса да жақындағымыз келеді. Ұлан-ғайыр еңбектерімен танысу барысында білімді, білікті, ұйымдастырушылық қасиеті жоғары, қарапайым, халыққа жаны жақын азаматтар ғана ел басқаруда игі жетістіктерге қол жеткізе алатынын аңғарасың. Осы тәлім-тәрбиенің өзі оқушылардың өмірлік ұстанымын қалыптасып, болашағына бағдар көрсетері анық. Сонымен қатар оқушыларды бірнеше жылдан бері зерттеу жұмысына бағыттайтын ғылыми-танымдық шараларға қатыстырып келеміз. Нәтижесінде оқушыларымыз жоғары деңгейдегі жетістіктерге қол жеткізді. Ғылыми бағыттың қыр-сырына қанығып, өз беттерімен зерттеу жұмыстарын жүргізе бастады. Е.Н.Әуелбековті жан-жақты насихаттауға ат салысып, облыстық, республикалық конкурстарға ғылыми жоба ұсынып, жүлделі оралды. Бұл болашақтағы жас әуелбековтанушылардың тағаны, бастамасы деп білеміз.

– Қазіргі таңда әуелбековтану бағытында қандай игі іс-шаралар атқарып жатырсыздар. Келешекте жетсек деген арман-мұраттарыңыз туралы ойларыңызды білгіміз келеді. 

Қазақтың маңдайына біткен асыл перзенттің дара жолын насихаттау мақсатында мектеп-лицей-интернат ұжымына, ұстаздарына, қызметкерлеріне, оқушыларына дәстүрлі шара «ӘУЕЛБЕКОВТАНУ» апталығы енгізілді. Апталық аясында жараталыстану бағытындағы пәндер арасында «Әуелбеков олимпиядасы» өткізілді. Мемлекет және қоғам қайраткері Еркін Әуелбековке арналған «Қайсар тұлға, қажырлы қайраткер» тақырыбындағы әуелбековтану апталығының қорытынды кеші аясында еліміздің экономикасын көтерудегі еңбегі үшін мектеп-интернат жылыжайы ашылып, қазіргі таңда жылыжайдан түрлі жеміс, көкөніс өнімдері алынып оқушылардың ғылымға деген ізденіс жолы ашылды.

Биылғы жылы алғаш рет бір туар тұлға Еркін Әуелбековтің тұлғалық қасиетін зерттеу арқылы ел үшін сіңірген еңбегін айқындап, халықтың берген бағасына талдау жасау, насихаттау мақсатында облыстық оқу орталығымен бірлесіп, облыс мектептерінің арасында «Мемлекет және қоғам қайраткері, Социалистік Еңбек Ері Еркін Нұржанұлы Әуелбеков: Еңбек жолы мен мемлекеттік басқару үлгісі» тақырыбында I облыстық педагогикалық оқу болып өтті.

Облыстық педагогикалық оқуға Республикалық «Еркін Әуелбеков қоры», Қызылорда облыстық филиалының төрағасы және Облыстық білім басқармасы басшының орынбасары, облыстық оқу орталығының директоры, Мемлекет және қоғам қайраткері, Социалистік Еңбек Ері Еркін Нұржанұлы Әуелбековтің еңбек жолын зерттеген ұстаздар қатысты.

Облыстық педагогикалық оқуға «Танымы биік тау тұлға» және «Ұлт жанашыры – Еркін Әуелбеков» секциялары бойынша 100-ге жуық баяндама келіп түсті. Педагогикалық оқуға ұсынылған баяндамалар ішінен 14 баяндамашының зерттеу жұмыстары үздік деп танылып, Республикалық «Еркін Әуелбеков қоры» Қызылорда облыстық филиалының төрағасы мен Облыстық біліи басқармасы басшысының Алғыс хатымен марапатталды. Педагогикалық оқу материалдарының жинағы жарыққа шықты.

Облыс оқушылары арасында «ӘУЕЛБЕКОВ» облыстық олимпиадасы өткізуді жоспарлап отырмыз. Әуелбековтану бағытында «ӘУЕЛБЕКОВ» олимпиадасын республикалық деңгейге жеткізсек деген арман-мақсатымыз бар. Осы бағытта жұмыстар жасайтын боламыз.

Аз болсын, көп болсын әрбір тағылымды істі – біз әуелі оқушылар үшін істейміз. Жас ұрпақ Еркін Әуелбековтай нар тұлғаның ғұмыр жолымен танысып, сол кісіге еліктеп өссе жаман болмайды. Біздің үлгі етер шам-шырағымыз – Еркін Әуелбеков. Қара ормандай қазақ халқы барда артында өшпес із қалтырған қайраткердің аты ұмытылмайды. Күн өткен сайын ол кісі нұсқаған адалдықтың, әділдіктің, шыншылдықтың жолы – біздің тәрбие қылар ұстанымға айналады.

– Сұқбаттасқаныңызға рақмет! Еңбектеріңізге табыс тілейміз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға