Жаңалықтар

«Ерікті ісі – жүрек қалауы»

Закир Бикмухаметовтың қайырымдылық ісі
«Ерікті ісі – жүрек қалауы»
17.07.2020 21:13 2703

Әр заманда да жастар қоғамның қозғаушы күші деп саналды. Нұр-Сұлтан қаласындағы «Акбузат» башқұрт этномәдени орталығы төрағасының орынбасары Закир Бикмухаметов өзінің кең жүрегі мен өлшеусіз жақсылығы арқасында көптің алғысына бөленіп жүрген жас.

«Ерікті ісі – жүрек қалауы»

Елордалық Қазақстан халқы Ассамблеясына Закирдың келгеніне көп уақыт болған жоқ. Алайда ол талай мәдени-бұқаралық іс-шаралардың белсенді қатысушысы. Қысқа уақыт ішінде «Акбузат» мәдени орталығы тек қалада ғана емес, Башқұртстанда да танымалдылыққа қол жеткізген еді. Құрамы аз болса да, рухы мықты топтың жетер жетістігі алда екеніне нық сенім білдіреміз.

Қазіргі уақытта індеттің күрт өршуіне байланысты ақ халатты абзал жандардың иығына түскен жүктің қаншалықты ауыр екенін жақсы білеміз. Сол себепті кейбір жастар ауруханаға ерікті ретінде орналасып, жанын шүберекке түйген азаматтарға қолынан келгенше қолдау білдіріп жатыр. Осыдан біршама уақыт бұрын Закирдің әкесі қатты сырқаттанып қалған болатын. Оны ауруханаға жатқызғаннан кейін Закир ауыр минуттарда ең қымбат адамның жанында болу туралы шешім қабылдап, медициналық тексеруден өтіп, Нұр-Сұлтан қаласындағы №1 қалалық аурухананың ерікті санитары болып жұмыс істей бастады. Өкінішке қарай, сырқат Закирдің әкесін айналып өтпеді. Осындай қайғыға қарамастан ол ауруханадағы ерікті жұмысын тастамай, соңғы күшімен басқа жандарға қол ұшын созып келеді. Осындай күрделі жағдайда ерікті болу жүрегі игілікке толы жанның ғана қолынан келетін іс.

«Менің замандастарым осындай қауіпке бұрын-сонды тап болған жоқ. Біздің халқымызға бұл сын-қатерді түсіну және қабылдаудың маңызы зор. Біз берілмей, күресе білсек, кез келген пандемияны жеңіп шығатынымызға сенімдімін. Бастысы, үрейге бой алдырмай, барлық сақтық шараларына назар аударып, өзімізді күтуіміз керек, - дейді Закир.

Оның бұл жасап жатқан жақсылығы кез келген жасқа үлгі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға