Жаңалықтар

Ерікті болу – жүректің ісі

Коронавируспен өткен бір жыл
Ерікті болу – жүректің ісі
Фото: © El.kz 17.03.2021 18:59 3877

 

Осыдан тура бір жыл бұрын наурыз айында қазақстандықтардың өмірі күрт өзгерді. Наурызда алғашқы екі адамның коронавирустық инфекция жұқтырғаны анықталып, телеарналар мен желілерде желдей ескен ақпараттан барша қазақстандықтардың бойын үрей билеген еді.

15 наурызда елде төтенше жағдай жарияланып, барлық қоғамдық орындар мен мектептер жабылған еді. Көпшілік мемлекеттік мекемелер мен компаниялардың қызметкерлері қашықтан жұмыс жасау режиміне көшіп, шекара қозғалысы тоқтаған еді. Еліміздің барлық аймақтарында карантин жарияланып, шектеу шаралары енгізілді. Билік өкілдері барлық отандастарымызды үйден шықпауға үндеп, мейілінше қорғануға шақырды. Қазақстанда төтенше жағдай 11 мамырға дейін жалғасты.

 

2020 жылдың жазында елдегі індеттік жағдай шегіне жетті. Сәт санап, вирус жұқтырғандар саны мен өлім құшқандардың «рекордтық» көрсеткіші жаңаланып жатты. Ауруханаларда науқастарды жатқызатын орындар болмай, дәріханаларда дәрі-дәрмектің жетіспеушілігі байқалды.

 

Жыл соңына қарай елімізде өлім көрсеткіші әлдеқайда төмендеп, инфекция жұқтырғандар саны күннен-күнге азая түсті. Бір жыл ішінде елімізде 16 модульды аурухана салынса, үш жұқпалы ауруларды емдеуге бағытталған аурухана Covid-19 вирусын жұқтырған науқастарды емдеуге бейімделіп, қайта жасақталды. 63 амбулаторлық-емхана іске қосылса, Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті құрылды.

 

«Астана жастары» ұйымының игілікті шаралары

 

Коронавирус пандемиясы кезінде еріктілер де қарап қалмады. Қаншама волонтерлік ұйымдар ел басына күн туған сын сағатта аянбай еңбек етіп, көмек қолын созды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2020 жыл еріктілер жылы ретінде жарияланғаны мәлім. Былтыр тіпті еріктілердің жұмысы күшейіп, ерен ерліктің үлгісін көрсеткен талай жандар болды. Солардың бірі – Аян Ерментаев.

 

Аян Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігіне қарасты «Астана жастары» ұйымы басшысының орынбасары. Карантиннің алғашқы күндерінен бастап халыққа, мұқтаж жандарға көмек көрсеткен волонтердің бірі.

 

–Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жыл Волонтерлар жылы деп жариялады,- дейді Аян Ерментаев. – Қаңтар айында «Астана жастары» ұйымы базасында қалалық Волонтерлар штабы құрылды. Пандемия кезіңде, 620 іс-шара өткізілді. 171 623 адамға көмек көрсетілді: азық-түлік, бестперделер, антисептиктер, ыстық тамақ жеткізу, киім мен жиһазды тарату, компьютерлер, ноутбуктар, оқыту, консультациялар, адамдарды іздестіру, көшпелі рейдтер ұйымдастыру, денсаулық сақтау қызметкерлері үшін ақысыз көлік құралдарын ұйымдастыру және тағы басқалар жұмыстар жүргізілді.

 

Аянның айтуынша, пандемия кезінде қалалық Еріктілер штабы 2 рет балалар үйінің тәрбиеленушілеріне 2500 медициналық бетперде мен жеке қорғаныс құралдарын табыс еткен. Бетперделер мен дәрі-дәрмектерді тарату бойынша қала емханаларымен бірлескен жұмыс жүргізген. Қаладағы 32 емхана бойынша 73360 медициналық бетперде тасымалданған. Олар одан әрі есепте тұрған азаматтардың мекен-жайы бойынша: мүгедектер санаты бойынша – 22 мың адамға, жүкті әйелдер – 13 мың адамға сондай-ақ диспансерлік есепте тұрған онкологиялық аурулары бар 11 мың пациентке жеткізілген. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі 6 000 мекен-жай бойынша таратылған.

 

–Шілде айында Нұр-Сұлтан қаласының 13 емханасы медицина қызметкерлерімен бірге мүмкіндігі шектеулі, зейнет жасындағы адамдарға дәрілік және антисептикалық заттарды жеткіздік. Жалпы саны 700 отбасы және 150-ден астам волонтер, 5 волонтерлік ұйым қамтылды, сондай-ақ пандемия кезінде еріктілер елордада орналасқан 7 блок-бекетте полиция қызметкерлері мен әскери қызметшілерге 3500 тыныс алу медициналық бетперделерін таратты. Құрбан Айт мерекесіне орай хоспистерде, қарттар үйінде, әлеуметтік мекемелерде тұратын қарт азаматтарға 1000 рет ыстық ас ұйымдастырылды,- дейді ол.

 

Қыркүйек айында волонтерлар қоғамдық орындарда бетперде киіп жүру керектігін ескерту мақсатында қалалық азық-түлік жәрмеңкелерінде кезекшілікке атсалысты. 53 банк бөлімшесінің жұмысына, жұмыспен қамту орталықтарында әлеуметтік қашықтықты сақтау және бетперде кию бойынша көмек көрсетті. 2,5 миллионнан астам маскалар мен антисептиктер таратылды.

 

Қиын-қыстау кезеңде еріктілер тек аз қамтылған және көп балалы отбасылар ғана емес, сонымен қатар жалғыз басты қарт адамдар, тыл еңбеккерлері, мүмкіндігі шектеулі жандарға көбірек қол ұшін созды. Себебі, дәл осы санатқа жататын жандар карантиндік шектеулерге байланысты азық-түлік пен дәрі-дәрмек сатып алу үшін үйден шыға алмай қалды. Қиындықты жеңілдетіп, алысты жақындату мақсатында еріктілер көмегін аяған жоқ.

 

–Қазір де біз барлық мұқтаж адамдарға көмек көрсетуді жалғастырамыз,- дейді Аян. – Мысалы, қазір Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған «30 игі іс» акциясы жүріп жатыр. Осы шара аясында біз зейнеткерлер мен тыл еңбеккерлеріне аулаларды қардан тазартуға, көмір түсіруге, көп балалы және аз қамтылған отбасыларға, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі адамдарға азық-түлік себеттерін жеткізуге көмектесіп жатырмыз.

 

«Dauletten қайырымдылық қоры» жеке қорының шапағаты

 

Қоғам белсендісі Дәулет Төлеутайұлының бастамасымен құрылған «Dauletten қайырымдылық қоры» жеке қоры оттекті концентраттарын еліміздің барлық аймақтарына жеткізумен айналысты. Танымал блогердің оқырмандары жұқпалы індетпен ауырғандарға көмектесу мақсатында небәрі бес сағаттың ішінде 12 миллион теңгеге жуық қомақты қаржы жинаған. Нәтижесінде Түркия елінен 125 аппарат жеткізіліпті.

 

Бұл аппараттарды алдымен халық саны көп шоғырланған ауыл-аймақтарға таратқан. Осы қордың директоры Нұрсұлтан Орыналыұлы бұл аппараттар науқастарға екінші тыныс сыйлайды деген үмітпен «Екінші тыныс» деген атау бергенін айтады.

 

Күллі әлемге таралған пандемия салдарынан былтыр елімізде төтенше жағдай жарияланған болатын. Ел ішінде жұмыссыздық салдарынан қиыншылыққа душар болған 500-ден астам отбасын азық-түлікпен қамтамасыз еткен.

 

– Көмек көрсету барысында құжатбастылыққа қатысты қиыншылықтар туындады. Түркиядан келген аппараттар арнайы сертификатталуы үшін жауапты мекемеде тексерістен өтуі қажет болды. Ол біраз уақыт алатын дүние. Осы орайда, аталған мәселелерді реттеуге Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының орасан зор ықпалы болды. Тікелей “жасыл дәліз” арқылы кедергісіз ауруханаларға жетуіне тапсырма берді. Сонымен қатар, президент аппаратының қызметкерлері мен сенат депутаты Дана Нұржігіт, Тамара Дүйсенқызы ханымдарының есіл еңбектерін атап өтпеуге болмайды. Арнайы ұшақ қонғаннан концентраторлардың аурухана палатасына жеткенге дейін бір кісідей ат салысты, - дейді қор директоры.

 

Сондай-ақ қор мүшелері әлеуметтік желілерде халыққа қажетті дәрі-дәрмектерді тегін таратумен айналысты.

 

– Қазіргі таңда қор әлеуметтік мәселелерді шешуін және көмек көрсетуін әлі де тоқтатқан жоқ. Алайда, қорымыз негізгі екі бағыт: баспана және білім саласында түрлі қайырымдылық шараларын жасауда. Атап өтсек, құрылғанына бір жыл болмаса да, ұйымымыз жалпы көлемі 400 миллион теңгеге қайырымдылық жасапты. Оның ішінде мұқтаж жандарға 29 баспана, 100 білімді жасқа 100 000 теңге көлемінде шәкіртақы тағайындады. Су апаты болған Мақтаарал ауданының мектеп бітіруші түлектеріне 160 ноутбук табыстады. Оған қоса, дәстүрлі түрде жыл сайын өтетін “Мың алғыс” телемарафоны барысында бірнеше еміне шипа іздеген жандарға және көпбалалы үйден шыққан талапты студенттің оқу ақысын толықтай төлеп беруге қаржылай көмек көрсетті. Қайырымды жұма акциясы арқылы дәулетті оқырмандардың атсалысуымен баспана, емге қажетті қаражаттар аз уақыт ішінде жиналады. Біздің негізгі қолдаушыларымыз халқымыз, қарапайым “дәулетті оқырмандар” мен меценаттар, құрылыс компаниялары мен елге белгілі тұлғалар екенін атап өтуіміз керек. Олардың кейбірі есімдерін атамауды сұрайды, - дейді Нұрсұлтан Орыналыұлы.

 

Биыл бұл қордың құрылғанына тура бір жыл толды. Бұл дата індетке қарсы күрестің бір жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр.

 

– Менің жеке көзқарасым бойынша, індет жалпы адамзатқа үн қатқандай болды. Дамылсыз дамудың соңында адамдар қарапайым бақыт әкелетін дүниелерді ұмыта бастаған сәтте ескертуші ретінде адамның қанша ақылы тасқанымен Алланың белгілі межесінен аса алмайтығын дәлелдегендей. Ал қоғамға тигізген әсеріне келетін болсақ, нағыз қайырымдылықтың шынайы көрінісін көрсетті. Бір болу арқылы қиындықты еңсеруге болатынын, қарапайым қолдау мен жанға жылу сыйлау мүмкіндігін көзге көрсетті, - деп сөзін түйіндеді қордың директоры Нұрсұлтан Орыналыұлы.

 

Тілегі бірдің – жүрегі бір

 

Қысыл-таяң уақытта өз еркімен  мұқтаж жандарға қол ұшын созған жандардың бірі – елордалық дәрігер педиатр Ғалия Батыржанқызы. Дәрігер ханым игі іске бастама болған жүрегі кең, ниеті бір жандармен бірлесіп, жұқпалы індетпен күресте алғы шепте жүрген аурухана қызметкерлеріне азық-түлік тасумен айналысты.

Ерікті болу – жүректің ісі

 

– Сол уақытта біз кафе-мейрамханалармен тығыз жұмыс істедік. Бір ерекше атап өтерлігі, олардың кейбіреулері бағаларын өз құнынан түсіріп беріп отырды. Біз күніне екі мәртеден 120-140 адамға арналған тамақты жеткізіп отырдық. Осындай игі істі бастап жатқанымыз жайында әлеуметтік желілерде хабарландыру тараттық. Нәтижесінде халықтан қомақты қаржы жиналды. Біз қайырымдылыққа жұмсалған әрбір қаражат жайында әлеуметтік желілерде есеп беріп отырдық.

 

Сонымен қоса, дәрігер-педиатр көпшілік арасында медицинаға қатысты ақылы вебинарлар өткізгенін айтады. Бұдан түскен қаржыны да осы игі іске жұмсаған.

 

– Соңғы бір жылдың ішінде коронавирустық пандемияға байланысты түрлі жайттар болды. Бұл жаһандық жағдай әсіресе көпшілікке денсаулықтың қадірін ұғыныдырып, жақындарымызды бағалауды үйретті. Адамдардың   көзқарасы өзгеріп, өмірге жаңаша қарауды түйсіндік. Дәл ос жағдайдан кейін көпшілік дәрігерлердің қадірін түсінді деп ойлаймын. Бір жұтым су мен бір жұтым ауаның құнын ұғынғандаймыз,-дейді 1 санаттағы дәрігер педиатр Ғалия Сейдалиева.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға