Жаңалықтар

Ерікті болғың келе ме?

Ерікті болудың оң тұстары 
Ерікті болғың келе ме?
07.01.2017 13:07 5912

Бүгінде еріктілердің кім екендігін және қандай қызмет атқаратындығын көпшілік жақсы біледі. Атауы айтып тұрғандай өз еркімен көмек көрсетіп, оның есесіне тек алғыс алып, ықыласқа бөленетін жандарды біз осылай атаймыз. Ерікті болып жұмыс істеу бүгін не кеше туындаған қызмет түрі емес. Тарихымызға терең үңілсек, бұл біздің дәстүрімізде, қанымызда бар дүние. Бұл кешегі «асар» деп аталатын көне салтымыздың жалғасы деуге болады. 

Егер санаңызда «қалай ерікті атансам болады?» деген сұрақ туындаса, мұның өзі жақсылық жасауға ниетті екендігіңізді білдіреді. Ең бастысы шын көңілмен кіріссеңіз болғаны. Қоғамда еріктілерді қажет ететін сала көп. Ол әлеуметтік мекемелерден бастап, әлемдік деңгейде өткізілетін шараларға дейінгі аралықты қамтиды. Соңғысына қатысу үшін белгілі талаптарға сай болу керек.

Мысалы, 2017 жылдың 29 қаңтары мен 8 ақпан аралығында Алматы қаласында өтетін 28-ші Универсиада ойындарына 3 мыңға жуық ерікті қажет. Жасы 18-ден асқан, шет тілін жетік меңгерген адамның бұл ауқымды шараға ерікті ретінде қатысуға мүмкіндігі бар. Ол үшін әлеуметтік желіде тіркеліп, арнайы сұхбаттасудан өтесіз. Қабылданған жағдайда сізге қонақтарды күтіп алуға байланысты белгілі бір міндеттер жүктеледі. Бұл жерде ең бастысы – әлемдік деңгейдегі спорттық іс-шараны ұйымдастыруда мол тәжірибе жинауға болады.

Сондай-ақ, қатысушы спортшылармен жақын танысу, қоғамдық көліктерде тегін жүру, тамақтану, естелік кәдесыйлар мен сертификат алу сияқты ерікті болудың оң тұстарын атап өтуге болады. Еліміздің мерейін асқақтатын аталмыш шараға өзіндік үлес қосуды көздесеңіз қазірден қалмай еріктілер қатарына тіркелгеніңіз жөн. Ал, үлгермей қалсаңыз қамығудың қажеті жоқ. Алда ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі сияқты ауқымы кең, халқымыз үшін маңызы зор шара бар. Ол шарада ерікті атанудың өзі – зор мәртебе.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға