Жаңалықтар

Ерейментау туралы аңыз

Ерейментау деген тауды да, қаланы да білеміз. Ал, сол Ерейментау туралы аңызды білеміз бе?!
22.06.2015 04:59 13483

Ерейментау деген тауды да, қаланы да білеміз. Ал, сол Ерейментау туралы аңызды білеміз бе?!

Ерейментау туралы аңыз

Ерейментау – Ақмола облысындағы қала, Ерейментау ауданының орталығы (1955 жылдан), темір жол стансасы. Облыс орталығы – Көкшетау қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 440 шақырым, Ерейментау тауларының солтүстік-батыс баурайындағы бетеге, боз, сұлыбас, көде, айрауық өскен қызыл қоңыр және қара топырақты дала белдемінде орналасқан. Ерейментау арқылы республикалық маңызы бар Астана-Павлодар автомобиль жолы өтеді.

Ерейментау – Сарыарқаның солтүстігіндегі таулы-орманды алқап. Ақмола және Қарағанды облыстарының жерінде орналасқан. Абсолют биіктігі 901 м (Ақдің тауы). Таулы алқап оңтүстік-батыстан солтүстік-шығысқа қарай 100 шақырымға созылып жатыр. Енді жері 30 шақырымға дейін жетеді. Тау Өлеңті және Шідерті өзендерінің суайрығы болып табылады. Жарық, Қарасу, Олжабай, Тұрғынбай өзендерінің салалары тау беткейлерінен басталады. Тауаралық аңғарларында шипалық ем болатын тұзды және тұщы (Тайбай) көлдер мен бұлақтар көп кездеседі. Жер қыртысы континенттік шөгінділер мен көмкерілген кембрийге дейінгі кварцит және метаморфтық эффузивті жыныстардан түзілген. Олар Ерейментау антиклинорийін құрайды. Шығыс беткейлері тіктеу жартасты келген, аз тілімденген, кейбір жерлерінде қорымтастар кездеседі.

"Бабалар сөзінде" мындай аңыз бар:

Сонау ерте заманда «Ақтабан шұбырынды» кезінде қанжығалы деген ел Сырдың бойын мекендеген екен. Бірақ жаугершіліктің әртүрлі ауыртпалығының әсерінен мал мен жанға қолайлы жер іздеп сары даланы бетке ала көшеді. Көш жүре-жүре Арқаның айтулы көкшалғынды таулы аймағына келіп, ат басын тірепті. Бір тасты таудың басына шығып байқаса, тастары ыстық екен. Сонан бұл тауды «Күншалпын» деп атайды.

Келесі бір таудың беткейін аралап жүрсе ірі-ірі әр жерде жатқан тастарды көреді. Бұл таудың атын «Сандықтас» деп атайды. Күндердің бір күнінде жоңғарлар ойда-жоқта шабуыл жасапты. Белгілі батыр Бөгенбай бір топ сарбаздарымен жоңғарларға қарсы шығады. Жекпе-жек сайысы болып, жаудың батырын найзамен шаншып түсірген Бөгенбай жеңіске жетеді. Қалмақ батырының мінген аты тұлпар болса керек. Бөгенбай қашқан жауды түре қуып тастап, жаңағы атты бір жігітке іздетіпті.

Арада бірнеше күн өткенде әлгі жігіт күрең атты Кәрітау деген жерден тауып, жетекке алып ауылға келеді. Сұрағандарға атты «ерімен табылды» деп жауап беріп отырады. Осыдан жаңағы Кәрітау Ерімен тау, кейін келе «Ерейментау» аталып кеткен екен.


Әзірлеген: Досжан Мейірім.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға