Жаңалықтар

Ерекше тауарларды бақылауға қатысты заң жобасына өзгеріс енгізілді

Заң жобасы 6 кодекске және 10 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді
Ерекше тауарларды бақылауға қатысты заң жобасына өзгеріс енгізілді
Фото: pixabay.com 26.10.2022 13:51 1351

 «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ерекше тауарларды бақылау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілді, деп хабарлайды El.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ерекше тауарларды бақылау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы заңының жобасын ҚР Парламентінің Мәжілісі 2021 жылғы 7 сәуірде бірінші оқылымда мақұлдады. Заң жобасының мақсаты – Қазақстан Республикасы заңнамалық актілерінің нормаларын «Ерекше тауарларды бақылау туралы» ҚР заңы жобасының ережелеріне сәйкес келтіру, құқықтық олқылықтар мен коллизияларды жою, сондай-ақ өзіндік ерекшелігі бар тауарларды бақылау саласындағы заңнаманы жетілдіру», - деді Мәжілістің халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Айгүл Құспан.

Заң жобасы 6 кодекске және 10 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді.

«Жұмыс тобының отырыстарында депутаттар заң жобасына жаппай қырып-жою қаруын, қару-жарақ пен әскери техниканы жасау кезінде пайдаланылатын технологиялардың, ғылыми-техникалық ақпараттың және көрсетілетін қызметтердің импорты үшін қылмыстық жауапкершілікті белгілеу талқыланды. ҚР Кәсіпкерлік кодексінде белгіленген мемлекеттік бақылау мен қадағалаудың жалпы тәртібінен мемлекеттік шекара арқылы ерекше тауарлардың өткізілуіне бақылауды алып тастауға бағытталған өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Бақылау жүргізу тәртібі «Ерекше тауарларды бақылау туралы» заң жобасында бекітілген», - дейді ол.

Осылайша «Ерекше тауарларды бақылау туралы» заң жобасына сәйкес келтіруге бағытталған өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

«Бұдан басқа, депутаттар заң жобасын заң техникасының талаптарына сәйкес келтіру, сондай-ақ оның мазмұнын нақтылау және жақсарту бойынша түзетулер енгізді. Заң жобасы бойынша келіп түскен барлық ұсыныстар жан-жақты қаралып, депутаттардың, мемлекеттік органдар және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы өкілдерінің қатысуымен өткен жұмыс тобының отырыстарында талқыланды», - деді ол.

Депутаттар заң жобасын мақұлдады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға