Жаңалықтар

Ерекше қажеттілігі бар жан: «Қазір қоғамның көзқарасы өзгерген»

Ерекше қажеттілігі бар жан: «Қазір қоғамның көзқарасы өзгерген»
Фото: Гүлсара Каттабекованың жеке мұрағаты 13.10.2024 21:22 631

Қазақстанда қазан айының әр екінші жексенбісінде мүмкіндігі шектеулі жандар күні атап өтіледі. Бүгінгі таңда республика бойынша ерекше қажеттіліктері бар 732 мыңнан астам адам тұрады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі  елімізде мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғау мен өмір сүру сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде іске асырылып жатқанын айтады. Дегенмен мұндай жандарға қаншалықты деңгейде мемлекеттік қолдау көрсетілуде? Олардың бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасалған ба? Ерекше қажеттілігі бар азаматтарды қоғам қалай қабылдайды? Бұл сұрақтардың жауабын алу үшін El.kz тілшісі І-топтағы мүмкіндігі шектеулі жан Гүлсара Каттабековамен сұхбаттасты. Шымкенттік көпбалалы ана зағип және көзі нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханада жұмыс істейді. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласады. Әрі спортты жанына серік еткен ол Showdown үстел теннисінен Қазақстанның екі дүркін чемпионы. Қараша айында Швейцарияда өтетін халықаралық жарысқа жолдама жеңіп алды.

El.kz: Алдымен өзіңіз, отбасыңыз туралы айтып беріңізші... Қай жақтың тумасысыз?

Гүлсара Каттабекова: Мен 1988 жылы бұрынғы Оңтүстік Қазақстан, қазіргі Түркістан облысы Ордабасы ауданы Темірлан елдімекенінде дүниеге келгенмін. 2 жасымнан бастап көзім нашар көре бастады. Ауылда өздеріңіз білесіздер, көзі нашар көретіндерге арналған арнайы мектеп жоқ. Содан Шымкентттегі көру қабілеті бұзылған балаларға арналған «Үміт» деген арнайы мектеп-интернатында білім алдым. Аталған білім ұясын 2006 жылы тәмамдап шықтым. Осы ретте бұл білім ошағы туралы ерекше тоқталып кеткім келіп отыр. Мектепте балаларға өте жақсы көңіл бөлінді, көптеген мүмкіндіктер берілді. Мәселен, түске дейін сабақта болсақ, түстен кейін қолымыз бос кезде тәрбиешілер бізге түрлі кітаптар оқып беріп, кейін соны талқылайтынбыз. Қолөнермен айналыстық. Бастауыш сыныпты бітіргеннен кейін өнерге жақын бола бастадым. Түрлі мәдени іс-шараларға тұрақты түрде қатысып жүрдім. Сонымен қатар спортқа да қатысып, былайша айтқанда белсенді оқушы болдым. Кейін Шымкенттегі педагогикалық университетке оқуға түстім. Ол жақта дефектолог мамандығы бойынша білім алдым. Бұл сала екі бағыттан тұрады: сөйлеу мен көру қабілетінде ақауы барларған арналған. Мен зағип жандарға және көзі нашар көретіндерге арналған бағыты бойынша оқыдым. 20 жасымда тұрмысқа шықтым. Аллаға шүкір, жолдасым екеуміз төрт қыз, бір ұл тәрбиелеп отырмыз.

El.kz: Жолдасыңызбен қалай таныстыңыз? Шаңырақ көтеру туралы шешімдеріңізді өзіңіздің, жолдасыңыздың туыстары қалай қабылдады?

Гүлсара Каттабекова: Жолдасым Есенғалимен «Үміт» арнайы мектеп-интернатында оқып жүргенде таныстым. Ол кісі менен екі сынып жоғары оқыды. Екеуміз де І-топ мүгедегіміз, тағдырласпыз. Шыны керек, жолдасыммен бір мектепте оқып, бала күнімізден интернатта бір дастарханнан тамақ ішіп өскен соң бір-бірімізді жақсы түсіндік, бір үйдің баласындай боп кеттік. Бірақ ол кісіге тұрмысқа шығамын деген ой мүлдем болмапты. Мектепті тәмамдаған соң да араласып, сырласып тұрдық. Сөйтіп жүріп, сөз салды. Тұрмысқа шығуға ұсыныс жасады. Шынымды айтсам, бұл ұсынысты қабылдау алғашында маған қиындау болды. Себебі бала күннен бірге өскен соң болашақ күйеуім ретінде елестете алмадым. Бірақ бәрібір күндердің күнінде өз адамымды жолықтырып, тұрмысқа шығарым анық қой. Ойлана келе ол кісінің ұсынысын қабыл алдым. Бір-бірімізді бұрыннан танимыз, жан-дүниемізді жақсы түсінеміз.

Өмірде екі нәрседен қателеспеу керек деп жатады ғой. Бірі – жар таңдау болса, екіншісі – мамандық таңдау. Аллаға шүкіршілік етемін, осы екеуін де таңдарда қателескен жоқпын. Жолдасым өте тәрбиелі, алғыр, мейірімді жан. Өзіңіз білесіз, бізде Шымкентте кей ер адамдар жиі былапыт сөздер қосып сөйлеп жатады ғой. Жолдасыммен бір шаңырақ астында тұрып жатқаныма 16 жылдан асты, осы күнге дейін бір рет дауыс көтеріп немесе боқтық сөз айтқан емес. Өте қамқор, ортасына әрдайым мейірімін төгіп жүреді. Қандай мәселе туындайды, байыппен, ақылмен шешеді. Айтпақшы, жолдасым бала күнінен математикаға өте жақын боп өсті. Есепті шемішкедей шағады деп айтсам қателеспейтін шығармын. Сол алғырлығы үлкен қызыма берілді. Тұңғышым шахматпен айналысады. Жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионы. Алла қаласа, келер айда Бішкекте өтетін Азия чемпионатына барады. Қызым тура әкесі сияқты жауапкершілігі өте жоғары. Сенесіз бе, бүгін жексенбі ғой, демалыс күні. Бірақ қызым бүгін де жаттығуға кетті. Алдағы жарысқа қызу дайындалып жүр.  Ал ата-анамызға келсек, жолдасымның туыстары үйленемін деп оның қабылдаған шешіміне қатты қуанды. Қазақта «Тең – теңімен»  деген сөз бар ғой. Өзімен тағдыры бір екен деп баталарын берді. Ал өзімнің туыстарым алғашында тым болмағанда өзің секілді аяқ жолын көріп жүретін адам болғанда деп айтқаны бар. Бірақ менің таңдауыма қарсы шықпады, баталарын берді. Аллаға шүкір, жолдасым екеуміз бір-біріміздің жанымызды сөзсіз түсінеміз.  Мен үнемі қолдап отырады.

(Фото: Гүлсара Каттабекованың жеке мұрағаты)

El.kz: Екі жасымнан бастап көзім нашар көре бастады деп айтып қалдыңыз. Бұл тұқым қуалаушылық па, әлде жарақат алдыңыз ба? Не себеп болды?

Гүлсара Каттабекова: Әкемнің көзі нашар көретін, сол кісіден берілген болып тұр ғой. Негізі бір әкеден 10  бала тарағанбыз. Балалардың ішінде тек менің ерекше қажеттілігім болды.  Енді ол кезде білесіз, қазіргідей медицина дамымаған заман еді. Оның үстіне ол жылдары медицинаға  көп адам сене бермейтін. Сол 2 жасымда көзім нашар көре бастағанда ата-анам қазақшылыққа салынып, молдаға, емшілерге алып барып жүрді. Сөйтіп жүріп біраз уақыт жоғалтып алдық. Алғашында тек бір көзім нашар көретін, кейін екінші көзіме өтті. Содан нәтиже болмаған соң дәрігерге алып барды. Дереу операция жасалынды. Бірақ бұл кезде бір көзім мүлдем көрмейтін. Тек нашар көре бастаған екінші көзімді сақтап қалды. Маған қойылған диагноз – туа бітті катаракта. Яғни, көз бұршағының бұлыңғырлануы, көздің үдемелі ауруы. Ал қазір бұл диагнозы барларға көз бұршағы, яғни линза  ауыстырылады. Бұл бала кезден көз клеткасының үйренісіп кетуіне үлкен мүмкіндік. Ал менің бала күнімде мұндай әдіс болмаған. «Силуэт» деп айтып жатамыз ғой, қазір  бейнелерді, аяқ жолымды бұлыңғыр етіп көремін. Не екенін анық көрмесем де жарықты сеземін. Қазір бір көзім мүлдем көрмейді, екінші көзімнің көру қабілеттілігі тек 3 пайыз. Оған да шүкір.

El.kz: Қазір медицина шарықтап дамы жатыр. Көз жанарыңызды қалпына келтірудің әдістері жоқ па екен?

Гүлсара Каттабекова: Қазір тым кеш. Көру қабілетімді қалыпқа келтірудің мүмкіндігі жоқ. Жаңа айтып өткенімдей, 4 қыз, 1 ұлым бар. Көру қабілетінің бұзылуы екі қызыма тұқым қуалаушылықпен берілді. Екеуінде де мүгедектігі бар. Біз дер кезінде байқап, Алматыға алып бардық. Ондағы мамандар операция жасап, көз бұршағын (хрусталик: автор) ауыстырып берді. Өзіңіз айтпақшы, қазір медицина дамыған заман. Уақытылы емін қабылдатып, дәрілерін салдырып жүрміз.  Көру қабілетінің жақсарып кетуі уақыт еншісінде. Алла қаласа, бәрі жақсы болады деген үміттеміз. Ал күйеуімнің бала күнінен көзі нашар көреді. 5-6 сынып оқып жүргенде қазір менің бір көзім сияқты тек бейнелерді, жарықты сезетін. Бірақ операция жасатып, одан сайын нашарлатып алды. Бүгінде ол кісінің көзі мүлдем көрмейді.   

El.kz: Бүгінгі таңда зағип және көзі нашар көретіндерге арналған арнайы кітапханада еңбек етеді екенсіз. Бұл салаға қалай келдіңіз?

Гүлсара Каттабекова: Қолыма диплом алған соң Шымкенттегі №2 балалар ауруханасына жұмысқа тұрдым. Кейін церебралды сал ауруына (ДЦП: автор) шалдыққан балаларға арналған балабақшада жұмыс істедім. Мұнан соң біраз жылдар бойы «Қазақ соқырлар қоғамы» деген қоғамдық бірлестікте мәдени іс-шараларды ұйымдастырушы болып еңбек еттім. Бұдан өзге  «Асқар Тау» деген қоғамдық бірлестікті басқарып, ұйымдастыру жұмыстармен айналыстым. Сөйтіп  жүргенде көзі көрмейтін және әлсіз көретіндерге арналған кітапхана басшылығы жұмыс ұсынды. Көп ойланбастан ұсынысты қабыл алдым. Соңғы екі жылдан бері рухани азық беретін орында мәдени іс-шараларды ұйымдастырушы,  тифлоредактор қызметін атқарып жүрмін.

Тифло – зағип, логия – ғылым дегенді білдіреді. Кітапханада арнайы үлкен зал бар. Келген оқырмандарымызға қызмет көрсетеміз, сұхбаттасамыз. Түрлі мәдени іс-шаралар, конференциялар ұйымдастырамыз. Психологиялық тренингтерді тұрақты түрде өткізіп тұрамыз. Сонымен қатар бізде «Тағдырлас» деген клубымыз бар. Бұл клуб мүшелері   айына бір рет бас қосып отырады. Оған тек біздің Шымкент емес, көршілес Түркістан облысының аудан мен қалаларындағы зағип жандар да арнайы келеді. Басқосуда түрлі кітаптарды талқылаймыз. Көптеген ойындар ойнатылады, ән айтылады. Қысқасы бұл жиын тағдырлас жандардың көңілін көтеру бағытында ұйымдастырылады. Тағы бір мақтанышпен айтқым келіп отырғаны, 2023 жылы қазақ елінің дамуына спорт, мәдениет және өнер саласында аянбай тер төгіп, өз үлесімді қосқаным үшін «Қазақстанның алтын кітабына» еніп, арнайы медальмен марапатталдым. Шынымды айтсам, мен үшін бұл - үлкен жетістік әрі маған мотивация беретін марапат. Себебі бұл кітапқа әр саладағы үздіктердің үздігі ғана енеді.

El.kz: «Тағдырлас» клубы туралы тоқталып өтіңізші...

Гүлсара Каттабекова: Бұл клуб арнайы кітапхана жанынан құрылған. Тағдыры өзіміз секілді ерекше қажеттілігі бар жандар айына бір рет бас қосып отырады. Түрлі ойындар, жарыстар өткізіп тұрамыз. Демеушілер іздеп, жеңімпаздарға мейлінше көбірек сыйлықтар беруге тырысып жүрміз. Кішкентай ғана сыйлық болғанымен ол да көңіл. Адам кәдімгідей марқайып қалады.  Шынымды айтсам, бұл басқосуды қатысушылар тағатсыздана күтіп, бір-бірімен сағыныса қауышады. Қысқасы, айына бір рет болатын басқосу ерекше мүмкіндігі шектеулілер үшін кәдімгі мереке. Оның үстіне біз ондай жандарға бағыт-бағдар беріп отырамыз. Бірі спортқа, енді бірі мәдениетке жақын болуы мүмкін. «Бізде осындай клубтар бар. Сонда барып, өзіңнің бағыңды сынап көр. Жарыстар болып жатыр. Қатысып көр» деп үнемі түрлі бағыттарды сілтеп отырамыз. Қоғамға, ортаға бейімделуіне кеңестерімізді ешқашан аяған емеспіз.   

(Фото: Гүлсара Каттабекованың жеке мұрағаты)

El.kz: Қоғам демекші, ерекше қажеттілігі бар жандарды қоғам қабылдап жатады? Қандай қарым-қатынас танытады?

Гүлсара Каттабекова: Шүкір деп айтайын, соңғы жылдары қоғамның көзқарасы өзгерген. Көздері ашық, оқыған, білімді азаматтарымыз көп қой. Зағип жандар жолда келе жатса, жолдан өтіп кетуі үшін қол ұшын беріп жатады. Мүмкіндігі шектеулі жанды көрсе, әрдайым көмек беруге тырысады. Бәлкім қоғамның дұрыс қабылдауының арқасында шығар, ерекше қабілеттігі бар жандар көшеде емін-еркін жүр. Оның үстіне біздің Шымкенттің менталитетін өзіңіз де білесіз ғой. Мейірімге толы жандар жетерлік. Тіпті жол сұрасаң, өз шаруасын тастай салып, көмек беруге асығады.

El.kz: Айтпақшы, жолдасыңыз да осы арнайы кітапханада еңбек етеді екен. Кім болып істейді?

Гүлсара Каттабекова: Жолдасым Алматыда массаж жасау мамандығын оқып келген. Кейін осы Шымкентте дефектология факультетінде білім алды. Шынымды айтсам, ол кісі Алматы қаласында оқып жүрген кезінде өмірге деген көзқарасы өзгеріп, құштарлығы оянып, көп білім алып келді. Алғашында Шымкенттегі оңалту орталығында массажист болып жұмыс істеді. Кейін арнайы кітапханадан ұсыныс түсіп, осында жұмысқа тұрды. Бүгінгі таңда көзі көрмейтін жандар үшін аудиокітаптардың авторын, атауын Брайль жазуымен жазады.

El.kz: Үйде де, жұмыста да күйеуіңізбен біргесіз. Айтыңызшы, сіз секілді ерекше қажеттілігі бар жандар жұмысқа қалай қатынайды? Мемлекеттен берілетін инватакси қызметі тиісті деңгейде жеткілікті ме?

Гүлсара Каттабекова: Негізі таңертең жұмысқа жеткізіп, кешке алып қайту үшін мемлекеттен инватакси қызметі қарастырылған. Бірақ өкініштісі ол бүгінде үлкен проблема боп тұр. Себебі көлік тапшы, дер кезінде келмейді. Тіпті кейде мүлдем келмей қоя салады. Біз секілді мүмкіндігі шектеулі жандардың барлығында осы проблема бар. Біз өзара олармен араласып тұрамыз ғой. Бәрінің айтатыны осы. Жұмысқа кешігіп қалатындары қаншама. Әсіресе жұмысы алыста орналасқандар үшін өте қиын. Жауаптыларға айтылмады емес, айтылды. Бірақ нәтиже жоқ. Ешкім біздің жанайқайымызды тыңдағысы, түсінгісі келмейді. Неге екенін білмеймін, инватакси мәселесі дәл Шымкентте ақсап тұр. Мәселен, Астанада ерекше қажеттілігі барларды күніге жұмысқа жеткізіп, кейін алып қайтады.  Одан бөлек спортпен шұғылданамын десе, жаттығу залына апарып, алып қайтады. Бір адамға күніне көлік қызметін төрт рет қолдануына мүмкіндік беріледі. Ал бізде ше? Бізде күніне бір рет мінудің өзі үлкен бас ауруына айналады. Әйтпесе Шымкент те Астана секіді мегаполис қала ғой. Біз зағип жандар болып, бұл мәселені қаншама рет көтердік. Меніңше, бұл жерде бір шикілік бар.

Шынымды айтсам, біз жолдасым екеуміз инватакси қызметін бір-екі рет шақырдық та кейін сенімнен шыққан соң оны қолданбаймыз. Өзіміз жұмысымызға жақын жерден пәтер жалдап тұрамыз. Жаяу барып, жаяу келеміз.

El.kz: Өзіңіз де, жолдасыңыз да І-топтағы ерекше қажеттілігі бар жан бола тұра, мемлекеттен баспана алмадыңыздар ма? 

Гүлсара Каттабекова: Біз бұған дейін ата-енеміздің үйінде тұрдық. Кейін жұмысқа жақын жерден пәтер жалдап тұруға тура келді. Қазір тұрып жатқан жеріміз балалардың мектебіне де, балабақшаға да жақын. Үй кезегінде тұрмыз, бірақ әлі алған жоқпыз.  Қазір барлығы бір базаға енгізілген ғой, сондықтан кезекті күтуге тура келеді. 

(Фото: Гүлсара Каттабекованың жеке мұрағаты)

El.kz: Бүгінде үстел теннисінен Қазақстанның екі дүркін чемпионы екенсіз және жақында қараша айында Швейцарияда өтетін халықаралық чемпионатқа жолдама жеңіп алыпсыз. Бұл спортқа қалай келдіңіз? Неге таңдау дәл үстел теннисіне түсті?

Гүлсара Каттабекова: Жоғарыда айтып өткенімдей, бала күнімнен өте белсенді болып өстім. Өнер, спортты жаным сүйді. Бұған дейін «шашкимен»  (дойбы: автор)  айналыстым. Кейін үстел теннисіне келдім. Showdown деген ойын түрі бар, яғни зағип жандарға арналған үстел теннисі. Соңғы үш жылдан бері жолдасым екеуміз спорттың осы түрімен айналысып жүрміз.

Екі жыл қатарынан Қазақстан чемпионатында қыздар арасындағы жеңімпаз атандым. Осы жақында 4-6 қазан аралығында Астана қаласында Showdown  федерациясының ұйымдастыруымен республикалық жарыс өтті. Сол жарыста да жеңіске жетіп, халықаралық чемпионатқа жолдама алдым. Бұл дода Швейцарияның Цюрих қаласында өтеді. Алла қаласа, қараша айының 12-сінде жолға шығамыз. Астанада өткен сайысқа жолдасым да қатысты, бірақ жолы болмады.

Ал үстел теннисіне қалай келгенімді айтар болсам, жұмыс істейтін кітапханаға жақын маңнан бір ағайымыз бастап, гараждан үстел теннисімен жаттығатын орын ашты. Оны естіп, біз қызық көріп баруды бастадық. Жұмыстан шығып, кешкісін сонда барып жаттығып жүрдік. Сол гаражда жаттығып жүріп-ақ жарыстарда нәтиже көрсете бастадық. Бізде Шымкентте “TEN QOGAM” деген әлеуметтік қолдау орталығы бар. Ондағылар бізге жаттығу үшін ғимараттың жертөлесінен аядай ғана жерді берді. Бірақ көп ұзамай белгілі себептермен оны қайта алып қойды. Қазір жаттығу жасайтын орнымыз жоқ. Бірге жаттығатын әріптестермен 20-30 мың теңгеге жалға берілетін гараж іздеп жатырмыз.  Құдай қаласа, үстелімізді сонда қойып, жаттығуды күшейтеміз деп отырмыз. Себебі алда үлкен жарыс тұр. Күніге болмаса да аптасына кемінде үш рет жаттығу жасау керек. Негізі спорттың Showdown түріне бұған дейін біздің елде көңіл бөлінбеген. Енді  ғана жарыстар өткізіліп, мән беріле бастады. Өкініштісі, әзірге мемекеттен қолдау болмай тұр. Жоғарыда айтып өткенімдей, қарапайым жаттығу жасайтын орын жоқ.

El.kz: Швейцарияда өтетін жарыс әне-міне дегенше жақындап қалды ғой. Сонда қазір жаттығып жатқан жоқсыз ба? Жалпы жарыстарға барарда мемлекеттен қолдау берілмей ме? Жол, жататын орын, тамақтануға кететін шығындарды кім төлейді?

Гүлсара Каттабекова: Showdown федерациясының Шымкенттегі филиал директоры бар. Сол кісі демеушілерге шығып жүріп, әйтеуір жол шығындарын тауып беріп отыр. Қандай жарыс болмасын анаған бір хатпен шығып, мынаған барып өтініш айтып жүруге тура келеді. Біреу жаны ашып қол ұшын береді, енді бірі адамгершілік танытады деген сияқты.  Бірі күліп қарайды, бірі аяп қарайды... Ал жатын орын, тамақ дегенді жарыс ұйымдастырушылары көтереді. Шыны керек, қазір біздің жетіп отырған жетістігіміз  өзіміздің таза еңбектің арқасы, спорттың бұл түрін дамытып отырған да өзіміз. Ал Швецариядағы жарысқа Showdown федерация барлық шығынды өздері көтеретіндерін айтты. Себебі федерация аккредитация алып, Showdown-ды спорттың бір түрі ретінде енгіздіріпті. Ал жарысқа дайындық жұмыстарына келсем, бір кісілер өз қалталарынан қаржы шығарып, теннис үстелін сатып алған болатын. Оның өзі арзан тұрмайды, 1 млн-нан асады-ау шамасы. Қазір мен солардың жаттығу залына барып, ақылы түрде жаттығып жатырмын. Дүйсенбі, сәрсенбі, жұма күндері жұмыстағы түскі үзілісте барып жүрмін. Алдағы уақытта жаттығатын орын мәселесі шешіліп қалады деген үмітім бар. Келер жылы жаттығу орны ашылады деген сыбыс айтылып жүр. Лайым солай болсын деймін. Біздің ең басты тілегіміз – ол орын жолдың бойында болса дейміз. Себебі мүгедектігі бар жандар үшін қуыс-қуыс жолдан өту өте қиын. Оның үстіне кейде жолдар жөнделіп, кәріз құдықтары ашық қалып қалатын кездер болады. Көзі көрмейтіндер үшін бұл – үлкен проблема. Өзімнің жолдасым бірнеше рет сондай құдыққа түсіп кетіп, жарақат алғаны бар. Одан өзге аяқ жолдардағы плиталар бар ғой. Солар да біз сияқтыларға өте ыңғайсыз. Сонымен қатар жауын жауған күндері де зағип жандардың жүріп-тұруы қиынға соғады. Қолдағы жол сілтейтін таяқ суға тигенде оның «тақ-тақ» деген дыбысы жаңбыр дауысынан  дұрыс естілмей, адасып қалатын кездер болады.

El.kz: Сіздерге жеке көмекшілер берілмей ме сонда?

Гүлсара Каттабекова:  Ол жағынан проблема жоқ. Маған да, жолдасыма да мемлекеттен жеке көмекші берілген.  Баратын жерімізге сол көмекшілердің көмегімен барып келіп жүрміз. Жұмысқа, емхана, Халыққа қызмет көрсету орталықтары болсын, барлық жерге бізді ертіп жүреді.  Оларды кез келген уақытта шақыра аламыз. Мәселен, жол жүріп келсек, вокзалдан күтіп алады. Себебі бізге көмек беру – олардың жұмысы. Сол үшін мемлекеттен жалақы алады.  Бірақ кейде қайта-қайта мазасын алмайық деп өзіміз шығып кететін кездер болады. Сондай сәттерде жолдағы жөндеу жұмыстары ыңғайсыз тудырып жатады. 

El.kz: Қалай ойлайсыз, мүмкіндігі шектеулі ерекше қажеттілігі бар жандарға мемлекет  тарапынан тиісті деңгейде көмек беріліп отыр ма?

Гүлсара Каттабекова: Жоғарыда айтып өткенімдей, бізде инватакси мәселесі шешілмей отыр. Көлік қызметі тек зағип жандар немесе көзі нашар көретіндер емес, тірек-қимыл қозғалысында ақауы бар  ерекше жандардың да айтатын шағымы осы. Оларға да инватакси тиісті деңгейде қолжетімсіз. Одан өзге мен өзім мәдениет саласында істегендіктен мәнерлеп оқу, ән айту секілді түрлі байқауларға барып тұрамыз. Өзім секілді ерекше қажеттілігі бар жандар қалалық, тіпті республикалық жарыстарда жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Бірақ қынжылтатыны, біз сияқты жандарға өз өнерлерін шыңдауға бағытталған арнайы орындар қарастырылмаған. Мәселен делік, Жастар орталығын, Түркістан сарайын, облыстық филармонияны алайық. Ол жақта барлық жағдай жасалған. Ал өнерлі мүмкіндігі шектеулілерді қолдайтын тым құрығанда ол жерлерде шағын бөлімдер жоқ. «Қазақ зағиптар қоғамы» қоғамдық бірлестігінде қуықтай ғана орын бар. Біз сол жерде дайындық жұмыстарын жүргізіп, өнер жарыстарына барып, Шымкенттің намысын қорғап жүрміз. Қарапайым мысал, өткен жылы «Екі жұлдыз» республикалық ән байқауында біздің жерлестеріміз бас жүлдені жеңіп алды. Одан кейін «Қос қанат» фестивалінде де шымкенттіктер Гран-приге ие болды. Айта берсем, мұндай мысалдар өте көп. Сондықтан мүмкіндігі шектеулі жандар үшін өнермен, спортпен айналысуға лайықталған орын болса деймін. Ал ем қабылдау, оңалту шаралары, қажетті құрал-жабдықтар жағынан мемлекет тарапынан тиісті деңгейде уақытылы көмек беріліп келеді. 

(Фото: Гүлсара Каттабекованың жеке мұрағаты)

El.kz: Ерекше қажеттілігі жан бола тұра бес баланы тәрбиелеп отырған көпбалалы анасыз. Онымен қатар қоғамдық жұмыстармен белсенді араласып жүрсіз. Спорт та жеткен жетітіктеріңіз аз емес. Айтыңызшы, мұның бәріне ерік-жігерді қайдан аласыз?  

Гүлсара Каттабекова: Мен ата-анамнан ерте айырылдым. Оның үстіне мүгедектігім болғандықтан өзімді өзім сүйреп, өте пысық болып өстім. Алдыма мақсат қойдым ба, соған жетпейінше тынбаймын. Мәселен, 30 жасыма дейін бала босанып, кейін жұмыс жасаймын деп үнемі айтып отыратынмын.  Алла сол тілегімді қабыл еткен болып тұр ғой, қазір 5 баламды өмірге әкелген соң сүйікті ісіммен айналысып жүрмін. Тұңғышым 16 жаста болса, кенже ұлым 6 жаста. Тек алға қарай ұмтылып, үнемі көшбасшы боп жүріп қалған соң қорқу дегенді білмейді екенсің. Біз кітапханада зағип жандармен жұмыс жасаймыз ғой. Әріптестерімнен бөлек кейде сол кісілер де қызығып, «Энергияны қайдан аласыз?» деп сұрап жатады. Оларға айтар жауабым біреу ғана – өмірге деген құштарлық, тек алға, қорықпау керек. Берілген тапсырманы орындарда бар жан-дүниемді салып, жоғары деңгейде орындап шығуға тырысамын. 

Ерік-жігерді өмірге деген құлшыныстан алатын шығармын. Бес баламды да кесарь тілігімен босандым. Дәрігерлер өміріңе қауіп төнеді, болмайды деп ескерткен. Әсіресе бесінші баламды өмірге алып келерде өте қатты қауіп болды. Тіпті ол кезде дәрігерлер «Сізге қандай да бір жағдай боп қалса дайынсыз ба?» деп бірнеше рет ескерту жасады. Менің бар ойым - төрт қыздан соң бір ұлды дүниеге әкелу. Себебі жолдасым отбасында бір ұл, бір қыз. Жолдасымның ұрпағын ары қарай жалғастыратын, төрт қызым ертең өскен соң төркіндетіп келер тым болмағанда бір ұлым болса деп армандайтынмын. Ұлымды босанғанда жағдайым ауыр болды, қыл үстінде жаттым десем де болады. Бір аптадай орнымнан тұра алмадым.  Негізі кез келген адам тек жақсы нәрсені ойлауы керек. Әлі есімде бесінші босанған соң денемді қозғалта алмай жатсам да миым істеп тұр ғой, бар ойым ертерек аяқтан тұру керек. Ертең ұлым бір пәсте өседі, оны балабақшаға беру қажет. Қыздарым да өсіп келеді. Оларға аналық махаббатым қажет екені сөзсіз. Болашақты көз алдыма елестетіп, тек жақсылықты ойлауға тырыстым. Көрдіңіз бе мұның бәрі осы өмірге деген құштарлықтың арқасы. Аллаға шүкір деп айтайын, перзенттерім жолдасым екеуміздің өмірге деген құлшынысымызды көз алдарында көріп жүр. Өздері де сол тәрбиені алып отыр. Үлкен қызымда қазірдің өзінде діттеген мақсатқа жету деген қасиет байқалады. Жарыстарда қарсылас шақ келтірмейді (күліп). Алдына келгенді жеңбейінше тынбайды.  

El.kz: Әттеген-ай дейтін сәттерде неден жұбаныш аласыз?

Гүлсара Каттабекова: Білмеймін, бәлкім мен өзімді қатты дайындап тастағанмын ба қандай қиындық болмасын шынайы қабылдауға тырысамын. Мәселен, менің көзімнің қылилығы бар. Бұрын қатты ұялатынмын. Адамдарға қарап сөйлегенде ыңғайсызданатынмын. Бірақ Алла маған мұны бекер бермеген екен. Өзім кез келген ортада ашық-жарқын меніземмен тез сіңісіп, оп-оңай тіл табысып кетемін. Көпшілік ортада тіл-көз деген болатыны анық қой. Осы тіл-көзден сақтап тұратыны менің көзім екен. Оған уақыт өте көзім жетті. Менің бар - жұбанышым отбасым, балаларым.   

El.kz: Сұхбатыңызға рахмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға