Жаңалықтар

Ерекше балаларға арналған инклюзивті жоба басталады

Еліміздегі таланты бар ерекше балалардың сахнаға шығуына жағдай жасалмақ
Ерекше балаларға арналған инклюзивті жоба басталады
Фото: turkistan.kz 08.08.2022 15:10 2696

Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы директорының шығармашылық қызмет бойынша орынбасары Серік Нұрмолдаев «Арман асулары» атты жаңа жоба туралы мәлім етті, деп хабарлайды El.kz ҚазАқпарат тілшісіне сілтеме жасап.

«Арман асулары» атты ерекше балаларға арналған инклюзивті жобаны бастағалы жатырмыз. Еліміз бойынша таланты бар ерекше балаларды жинап, сахнаға шығуына жағдай жасаймыз. Сол сияқты олар біздің өнер жұлдыздарымен бірге ән айтатын болады. Сонымен қатар бізде «Ортеке» атты қуыршақтар театры бар. Аталған өнер ұжымы биыл ЮНЕСКО-ның тізіміне енді. Осы орайда елімізде қуыршақтар форумын өткізу жоспарда бар. Одан бөлек, «Астана сазы» фольклорлық этнографиялық ансамблі жұмыс істейді. Жетекшісі Бауыржан Ақтаев. Осы ұжым биыл неше жылғы еңбектерін жинап, алғаш рет альбом жариялағалы отыр», - деді Серік Нұрмолдаев елордада өткен баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ, спикер отандық жас композиторларды қолдау мақсатында «Қазақконцерт резиденциясы» атты жобаның қолға алынып жатқаны туралы айтты. 

«Тағы бір жаңалығымыз «Әлем сазы» атты халықаралық фестиваль өткізбекпіз. Оған 10-нан астам елден өкілдері қатысады. Шетелдік өнерпаздар 1 апта бойы концерт өткізеді. Уақыты туралы қосымша хабарланады», - дейді ол.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға