Жаңалықтар

Ердоған Қазақстанның территориялық тұтастығын қолдайтынын айтты

Ердоғанның сөзі бірінші кезекте экономика емес, саясат тұратындығын көрсетіп қана қоймай елімізге қатысты естіліп жататын түрлі ниеті жаман сөздерге жауап секілді естілді. 
Ердоған Қазақстанның территориялық тұтастығын қолдайтынын айтты
Фото: Ақорда 26.10.2022 10:11 3526

 

Түркия Президенті Реджеп Тайиб Ердоған 12 қазан күні Астанаға мемлекеттік сапармен келді. Жоғары деңгейдегі екі жақты кезесуден соң түрік президенті Қазақстан мен Түркия арасындағы жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің отырысына қатысты.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев құрметті қонақты 1- дәрежелі “Достық” нышанымен марапаттады. Түрік президенті осы сапар барысында Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңестің саммитіне қатысады. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркияны “сенімді стратегиялық әріптес” деп сипаттады. Протоколдық жағынан ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың түрік президентін халықаралық әуежайдан күтіп алғандағы мәртебелі қонаққа көрсетілген ерекше құрмет белгісі болды.

Түрік ақпарат көздерінің хабарлауынша, Президент Ердоғанның сөзі келесі маңызды баптардан тұрды:

"Мен ата жұртымыз Қазақстан топырағында болғаныма қуаныштымын. Біз өңірлік және халықаралық мәселелер бойынша пікір алмастық. Біз бауырлас Қазақстанның тұрақтылығын, бейбітшілігін, егемендігін және аумақтық тұтастығын одан әрі қолдайтын боламыз.

Бірінші дәрежелі қазақстандық “Достық” орденінің табысталуы тағы бір тосын сый болды. Менің бұл орденмен марапатталуыма орай сезімімді қандай сөздермен жеткізуім керек екенін білмеймін. Жеке басымның және халқымның атынан алғыс айтамын.

14 мамырдағы және бүгінгі 6 келісіммен барлығы 20 келісімге қол қойдық. Өзара сауда көлемі өткен жылы 5 миллиард доллар деңгейінен асқан. Биыл 10 миллиард долларлық мақсатымызға сенімді түрде алға жылжып келе жатырмыз.

Біз Қазақстанмен Орталық дәлізді дамытудағы байланыстарымызды нығайту жөніндегі жұмысты жалғастырамыз. Біз бауырлас Әзірбайжанды оған қосу арқылы нақты нәтижеге жеткіміз келеді. Орталық Азияда да, бүкіл әлемде де бірлескен күш-жігерімізді, демократия мен бостандық бағытында жасаған қадамдарымызды одан әрі жалғастырамыз және мұны Самарқандағы кездесуімізбен одан әрі дамытамыз деп үміттенеміз. Біз түркі әлемін интеграциялау бағытында қосымша қадамдар жасаймыз. Мен Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңестің саммитіне қатысамын. Саммит Қазақстан үшін де, түркі мемлекеттері үшін де маңызды. Маған және менің делегацияма көрсеткен ықыластарыңыз үшін алғыс айтамын.

Біз бауырлас Қазақстанның егемендігін, территориялық тұтастығын, бейбітшілігі мен тұрақтылығын әрдайым қолдаймыз. Біздің бірлігіміз бен ынтымақтастығымыз мәңгілік!".

Біздің баспасөз Ердоған елімізді - ата-бабамыздың жері деп бір сөзбен сипаттады деп жарыса жазып жатыр. “Қазақстан - ата жұрт, Түркия - ана жұрт” деген ұғым Түркияда мектеп қабырғасында сіңірілетін түсінік. Түркия Президенті Реджеп Тайиб Ердоғаның сөзінің ең маңызды тұсы оның Қазақстанның тұрақтылығын, бейбітшілігін, егемендігін және аумақтық тұтастығын одан әрі қолдайтыны жөніндегі мәлімдемесі болды. Ердоғанның сөзі бірінші кезекте экономика емес, саясат тұратындығын көрсетіп қана қоймай елімізге қатысты естіліп жататын түрлі ниеті жаман сөздерге жауап секілді естілді. Жалпы алғанда, ер болып туған Ердоған түркі әлемін жұмылдыру бағытында іркілмейтіндігін мәлімдеді.

  

Қайрат Сәки,

ҚР дипломатиялық қызметіне еңбек сіңірген қызметкер

 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға