Жаңалықтар

Ербол Қарашөкеев биылғы астық шығымына қатысты болжам жасады

Фото: Egemen.kz
Ербол Қарашөкеев биылғы астық шығымына қатысты болжам жасады
07.06.2022 11:27 47242

Бүгін Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев 2022 жылғы егін жинау науқаны туралы болжамымен бөлісті, деп хабарлайды El.kz

«Қазгидрометтің болжамынша, маусым айында ауа райы қолайлы болады. Осы болжамға сүйеніп, биыл астық түсімін көпжылдық орташа деңгейде болжап отырмыз. Бидай түсімі, ауыл шаруашылығы министрлігінің болжамынша, 13-13,5 миллион тонна болады. Маусым айында жаңбыр жауады деп болжануда. Соның арқасында түсім былтырғы жылдан кемінде 15 пайызға артық болады», деді Қарашөкеев Үкімет отырысында.

Министрдің айтуынша, жалпы егіс алқабы 23,1 миллион гектарды құрады, бұл 2021 жылдың көрсеткішінен 105 мың гектарға артық. Өндірісті әртараптандыруға және монокультурадан алшақтауға байланысты дәнді дақылдар алқабы 285,5 мың гектарға қысқарды. Ал майлы дақылдардың өскені байқалады. Мысалы майлы дақылдар 24,9 мың гектарға, картоп 2,4 мың гектарға, көкөніс 1,7 мың гектарға және жем-шөп дақылдары 448,1 мың гектарға ұлғайды. Сондай-ақ, жаздық дақылдар 19,8 миллион га, картоп 189,6 мың га, көкөніс-бақша дақылдары 269,2 мың га, көпжылдық шөптер 429,6 мың га егілді. Майлы дақылдар 3,1 миллион га, қант қызылшасы – 12,3 мың га, мақта – 121,1 мың га алқапқа егілді.


Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға