Жаңалықтар

Ербол Қарашөкеев жедел штаб отырысын өткізді

Ербол Қарашөкеев жедел штаб отырысын өткізді
Фото: Жамбыл облысы әкімдігі 29.03.2025 09:46 522

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев жер сілкінісі орын алған Меркі және Т.Рысқұлов аудандарындағы табиғи апат салдарын жою бойынша жедел штаб отырысын өткізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Басқосуға азаматтық қорғау қызметінің, жергілікті атқарушы органдардың, тиісті ведомстволардың басшылық өкілдері қатысты.

Жиында Меркі және Т.Рысқұлов аудандарының әкімдері ағымдағы жағдай бойынша есеп берді.

Аудандарда зардап шеккен азаматтар тіркелмеген. Тіршілікті қамтамасыз ету нысандары қалыпты режимде жұмыс істеуде.

Жалпы Меркі және Т.Рысқұлов ауданында 14 әлеуметтік нысан ішінара зардап шеккен. Оның ішінде 9 білім беру, 2 денсаулық сақтау, 1 әлеуметтік қорғау, 1 спорт және 1 мәдениет нысаны бар.

Қосымша бүлінген нысандарды анықтау, зерделеу жұмыстары жалғасуда.

Мемлекет басшысы өңірдегі жағдайды жеке бақылауында ұстап отыр. Президент әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлерді қалпына келтіру және жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін қажетті көмек көрсетуді жүктеді.

Премьер-Министрдің тапсырмасы бойынша Төтенше жағдайлар вице-министрі бастаған үкіметтік жұмыс тобы облысқа жіберілді.

Әлеуметтік және тіршілікті қамтамасыз ету, өнеркәсіп нысандарының жай-күйі, жол қатынастары тұрақты бақылауда болуы қажет.

Тұрғындардың қауіпсіздігі бәрінен маңызды, – деген Ербол Қарашөкеев шығын көлемін анықтау үшін кешенді шаралар қабылдап, тұрғындардың талап-тілектерін барынша назарға алуды тапсырды.

Сонымен бірге аудан әкімдеріне ауылдық елді мекендердегі нысандарды толық аралап, ахуалды көзбен көруді, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейтуді, қажеттілігіне қарай психологиялық көмек көрсетуді ескертті.

Облыс әкімі БАҚ пен әлеуметтік желілерде шындыққа жанаспайтын жалған ақпараттардың таралып жатқанына назар аударды. Жамбылдықтарды тек ресми ақпарат көздеріне ғана сенуге шақырды.

Айта кетейік, тұрғындарды алаңдатқан Меркі ауданына техникалардың келуі, уақытша шатырлардың орнатылуы — ықтимал төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған алгоритмге сәйкес жүргізілуде. Алаңдауға негіз жоқ. Бұл барлық тиісті мекемелердің күшейтілген режимде жұмыс істеп, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған сақтық шаралары ғана болып табылады.

Еске сала кетейік, 2025 жылдың 28 наурыз күні түнде Жамбыл облысының бірқатар ауданы мен Тараз қаласында жер сілкінісі тіркелді.

Жер асты дүмпуінің жоғары қарқыны – 5 балл – Меркі ауданында орын алды. Т.Рысқұлов ауданында жер сілкінісінің күші 4 баллды, Тараз қаласы мен қалған аудандарда – 2 баллды құрады.

Жер сілкінісі 15:56-да қайта сезілді.

Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес жедел штаб жұмыс істеуде.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға